ТАШКЕНТТЕ ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ЕЛДЕРІНІҢ ОРТАҚ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

2018 жылдың 21 қарашасында Өзбекстан астанасы –Ташкент қаласында  «Қазіргі кезеңдегі және келешектегі Орталық Азия аймағындағы экологиялық сын-қатер: ортақ шешімдер іздеу» халықаралық дөңгелек үстелі өтті. Іс-шараны «Ma’no» халықаралық зерттеу бастамалары орталығы мен Орталық Азиядағы Фридрих Эберт қоры ұйымдастырды.

Дөңгелек үстелдің мақсаты, сарапшылық қоғамдастық, академиялық орта мен халықаралық ұйым өкілдері және сарапшылық құрылымдардың басын қосып, Орталық Азиядағы экологиялық мәселелерді талқылап, антропогендік сипаттағы деградациялық салдармен күресуде тәжірибе алмасу, сондай-ақ, оларды бірлесіп шешу үшін ұсынымдар әзірлеу.  

Жиынға келген Аралды құтқару жөніндегі халықаралық ұйым, Түрік Республикасы үкіметі жанындағы ынтымақтастық пен үйлестіру жөніндегі Түркия агенттігі сияқты (ТIКА) ұйымдардың танымал сарапшылары мен тәжірибелі мамандары, халықаралық ұйымдар өкілдері қатарында, дөңгелек үстел жұмысына Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы кітапханасының геосаясат және аймақтық зерттеулер қызметінің аға ғылыми қызметкері Осман Досов қатысты.

Ол жиында «Жердің тозуы: Қазақстандағы жағдай мен осы саладағы аймақтық ынтымақтастықты қалыптастыру жөніндегі ұсыныстар» тақырыбында баяндама жасады. Бұл бағыттағы сөзін қорытындылай келе О.Досов: «Мемлекеттердің әркелкі болуына қарамастан Орталық Азия аймағына тән ортақ мәселе көп. Сондай  мәселенің бірі – шегара дегенді білмейтін, барша елдердің бас ауруына айналған жердің тозуы түйткілі. Бұл орайда жерге қатысты мәселені аймақтағы мемлекеттердің ортақ мүддеге жұмылған нақты әрекетінсіз  шеше алмаймыз», - деп ойын түйіндеді.

Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша қатысушылар су, ауа, жерге қатысты экологиялық мәселелер өзара байланыс пен өзара ықпалдасуынан бөлек, Орталық Азия елдерінің экономикасына кері әсері бар мультипликативті эффектісі турасындағы пікірге келісті. Бұл ретте аймақтағы елдердің тығыз ынтымақтастығының қажеттігі туындап отыр. Оның аясында осы іспеттес дөңгелек үстел мен конференция жұмысына Орталық Азиядағы мемлекет Басшыларын сараптамалық материалмен қамтамасыз етіп отырған жетекші ақпараттық-сараптамалық құрылымдарды тарту қажеттігі айтылды.