«ТУҒАН ӨЛКЕМ» КӨРМЕСІ АШЫЛАДЫ

2021 жылғы 26 қаңтар күні сағат 15.00-де Елбасының кітапханасының музейінде (Бейбітшілік көшесі, 11) Нұр-Сұлтан қаласының Балалар көркемсурет мектебі – ЮНЕСКО клубы түлектерінің дипломдық жұмыстары көрмесінің ашылуы өтеді. «Туған өлкем» көрмесі балалар шығармашылығы мен қосымша білім беру ұйымдарын қолдау бойынша республикалық бағдарлама аясында ұйымдастырылды.

Көрмеге әр түрлі техникада орындалған мектеп түлектерінің 50-ден астам жұмыстары қойылады.

Н.Ә. Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында орындалған «Туған өлкем» республикалық бағдарламасы жас таланттарды анықтауға және республиканың қосымша білім беру ұйымдарының жұмысын насихаттауға бағытталған. Бағдарлама 2018 жылдан бастап жүзеге асырылуда, осы уақыт ішінде Елбасы кітапханасының алаңында Семей, Шымкент, Павлодар, Екібастұз, Қарағанды, Шахтинск және Көкшетау мектептері түлектерінің дипломдық жұмыстарының көрмелері ұсынылды.

 «Туған өлкем» бағдарламасының 2021 жылғы алғашқы көрмесін Елбасы кітапханасының байырғы серіктесі – Нұр-Сұлтан қаласының Балалар көркемсурет мектебі – ЮНЕСКО клубы ашпақ.

Нұр-Сұлтан қаласының Балалар көркемсурет мектебі – ЮНЕСКО клубы 1983 жылы құрылған. Осы жылдар аралығында мектеп өзіндік дәстүрлерді қалыптастырып, көркемдік білім беру саласында педагогикалық жұмыс тәжірибесін жинақтады.

Мектеп қоржыны алыс және жақын шетелдерде өткен балалар мен жасөспірімдер конкурстарының  дипломдары мен грамоталарына бай. 2008 жылы мектепке ҚР ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссиясымен ЮНЕСКО клубы мәртебесі берілді. 2017 жылы қала әкімінің грантына өткізілген қалалық байқаудың қорытындысы бойынша мектеп «Үздік қосымша білім беру ұйымы» болып танылды.

 

Көрме 2021 жылдың 25 ақпанына дейін жалғасады.