«ТУҒАН ЖЕРІМ» АТТЫ БАЛАЛАР ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНЫҢ XV ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БАЙҚАУЫ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ АНЫҚТАЛДЫ

Бүгін Бейбітшілік және келісім сарайындағы «Құланшы» заманауи өнер орталығында «Туған жерім» атты балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы байқауының қорытынды нәтижесі жарияланды. Онлайн өткен шараға қатысушылар ZOOM қосымшасы арқылы қосылды.

  

Іс-шараны Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы, «Құланшы» заманауи өнер орталығы, Қазақстанның шыға

рмашылық бастаулары мен мәдени мұрасын қолдау жөніндегі «Байта» қайырымдылық қоры, Нұр-Сұлтан қаласы Білім басқармасы, Педагог суретшілер халықаралық одағының (РФ) Қазақстандағы өкілдігі, Еуразия өнер академиясы, Балалар көркемсурет мектебі – Нұр-Сұлтан қаласы ЮНЕСКО клубы; «ForteBank» АҚ мен «Леонардо» хобби гипермаркетінің қолдауымен ұйымдастырды.

«Туған жерім» атты балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы байқауының жұмысы 2004 жылдан бастау алады. 2006 жылы сайыс жаңа жобалық деңгейге көтеріледі. Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі мен топ жарған үміткерлер жұмыстарының көрмесін Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы музейінде өткізу, байқау каталогын басып шығару сияқты мекеменің игі дәстүріне айналады.

Жоба жер бетінің балаларын Қазақстанның мәдениеті мен өнерімен таныстыруды, олардың жеке қабілеті мен шығармашылық әлеуетін тереңдетуді көздейді. Кескіндеме мен мүсіннің, сәндік-қолданбалы өнердің түрлі техникасымен орындалған үміткерлердің туындылары бүгінгі көркем өнердегі балалар шығармашылығын жан-жақты ашып, байқау жұмыстарына жетекшілік еткен педагогтардың кәсіби шеберлігін көрсетеді.

«Өткен шақ, осы шақ, келер шақ», «Туған өлкем», «Ұлтымның дәстүрлері», «Ермегім», «Мен суретшімін» тақырыбында ұсынылған 400-ден астам жұмысты биылғы сайысқа Қазақстан, Ресей, Татарстан, Башқортстан, Өзбекстан, Украина, Әзербайжан, Беларусь елдерінің өкілдері жіберген.

Іс-шараны Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Күләйша Ақтаева ашты:

– Бұл бастаманы Тұңғыш Президент музейі қолдаған алғашқы сәттерден бастап тек балалар шығармашылығы ғана өнердің ең бір таза және ең бір шынайы түрі болатыны туралы ой бізді алға жетеледі. Жас қатысушыларымыздың жұмыстары бізді осы шығармашылық жолда тоқтап қалмай, оны жыл сайын жалғастыра беруімізге шабыттандырады. Дәл сол себепті де Елбасы кітапханасы балалар шығармашылығын қолдаумен айналысудан жалықпайды. Біз байқау қатысушыларына шексіз алғысымыз бен ризашылығымызды білдіреміз.

Қазылар алқасының, байқау ұйымдастыру комитетінің мүшесі, «Құланшы» заманауи өнер орталығының директоры Ләйлә Махаттың айтуынша, қай көркем жұмысқа қандай орын беру мәселесі қашан да оңай шаруа емес.

– Ал балалар шығармашылығына баға беру тіпті қиын. Әрбір бала өз жұмысын жанын бере, бар жүрегімен беріле орындайды, бұл да үлкен сынақ. Алайда егер балалар суретші боламын десе бұған дағдылануға тура келеді, себебі суретші еңбегін көрермен, жазушы еңбегін оқырман бағалайды емес пе?! Мен байқауда қойылатын жұмыстар сапасына қатты көңілім толады және қатысушылардың жұмысының көптігі мен олардың жан-жақтан қатысуы таңқалдырады. Осы байқауға қатысу үшін өз жұмыстарын қорықпай жібергендердің барлығын құттықтаймын, – деп атап өтті ол өз сөзінде.

8-10 жас аралығындағы санатта ІІІ орынды София Никулина (Долгопрудный, Ресей), Валерия Алексеенко (Барнаул, Ресей), Сүрия Сапар (Нұр-Сұлтан, Қазақстан); ІІ орынды Алексей Литвинцев (Борисов, Беларуссия), Алина Порхачева (Муром, Ресей); І орынды София Моргун (Донецк облысы, Украина) иеленді. Гран-приді Матвей Крылов (Лениногорск, Татарстан) қанжығасына байлады.

– Мен жеңіске жеткеніме өте қуаныштымын, қазіргі эмоциямды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Мен осындай ірі халықаралық байқауда өз елімді таныстырғаныма бақыттымын. Ұйымдастырушылар мен қазылар алқасына рақмет! – деп Беларусь елінен 10 жасар Алеша Литвинцев өз әсерімен бөлісті.

11-13 жас аралығындағы санатта ІІІ орынның жүлдегері болып София Печенских (Каменск-Уральск, Ресей), Данил Терехов (Салауат, Башқұртстан), Алина Ившина (Игра, Удмуртия), Дарья Новикова (Усолье-Сибирское, Ресей), Сүйінші Жәмилә (Нұр-Сұлтан, Қазақстан) жарияланса, ІІ орын жеңімпазы ретінде  Ульяна Логинова (Новосибирск, Ресей), Дина Мәулен (Петропавл, Қазақстан), Виктория Яковлева (Елабуга, Татарстан), Айгерім Ескендірова (Бадамша ауылы, Қазақстан) мойындалды. І орынды Анастасия Шеляпа (Свердлов облысы, Ресей), Жансая Бердібай (Шымкент, Қазақстан), Сағдат Тоқтаева (Шахрисабз, Өзбекстан); бас жүлдені Ділнұр Ақпаева (Соль-Илецк, Ресей) мен Виктория Савельева (Магнитогорск, Ресей) иеленді.

14-16 жас аралығындағы жеңімпаздар қатарында ІІІ орын жүлдегерлері Ақбота Қасенова (Степногорск, Қазақстан) мен Әнел Прудникова (Павлодар, Қазақстан); ІІ орын жеңімпаздары Варвара Матвеева (Шуя, Ресей), Диана Петрачева (Екібастұз, Қазақстан), Валерия Штырева (Лисаковск, Қазақстан), Анна Чен (Нұр-Сұлтан, Қазақстан); І орын иегерлері Александра Ефремова (Екатеринбург, Ресей), Екатерина Кривлева (Рудный, Қазақстан), Рай Нина (Волгодонск, Ресей); бас жүлделі жеңімпаздар Севинч Ботиров (Шахрисабз, Өзбекстан), Айым Сейілхан (Ақтөбе, Қазақстан) бар.

– Әрине, мен өз күшіме сендім, жеңгім келді, бірақ бұл мен үшін күтпеген сәт болғандықтан қобалжып та тұрмын. Осындай мүмкіндік бергені үшін біздің керемет өнер мектебіне алғыс айтқым келеді. Барлық қатысушыларға табыс тілеймін! –  деді Анна Чен.

Ұйымдастырушылар байқау лауреаттары дипломдар мен сыйлықтарды пошта арқылы алатынын атап өтті.

– Осымен тоқтап қалмаңыздар. Сіздерді бұдан әрі де алға жетелейтін кішкентай армандарыңызды, қуаныштарыңыз бен тәжірибелеріңізді осы бастан жинай беріңіздер. Сіздерге сенім артып, қолдау білдіретін ата-аналарыңызға және таланттарыңызды көріп, оны аша түсетін, сол үшін барын салатын педагогтарыңызға да көп рақмет. Сіздердің бұлай талаптанып, алға ұмтылуыңыз қоғам үшін, біз үшін қажет. Сурет салыңыздар, таң қалдырыңыздар, шабыт сыйлаңыздар, сөйтіп әлемге шуақ шашыңыздар! – деді қатысушыларға айтқан сөзінде «Байта» шығармашылық бастамалар мен мәдени мұра қайырымдылық қорының директоры Светлана Махат.

Үздік жұмыс ретінде мойындалған жеңімпаздардың туындыларын елорда тұрғындары мен қонақтары ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының музейінде тамашалай алады. Олар бір айдың көлемінде ұйымдастырушы мекемелердің ресми сайтында да қолжетімді болмақ.