«ТҰҢҒЫШ» БАСТАУЫШ ПАРТИЯ ҰЙЫМЫНЫҢ ЖИНАЛЫСЫ ӨТТІ

Бүгін Елбасы кітапханасының «Нұр Отан» партиясының мүшелері «Бірлік» Астана қалалық филиалы «Тұңғыш» бастауыш ұйымының есеп беру және сайлау жиналысын өткізді. Бүгінде бастауыш ұйымның құрамында 117 адам бар. Оның 2017 жыл және 2018 жылдың 9 айындағы атқарған жұмысы туралы «Тұңғыш» бастауыш партия ұйымының төрағасы, Елбасы кітапханасы директорының бірінші орынбасары, саяси ғылымдарының докторы, профессор Әмірхан Рахымжанов баяндады.

– Он тоғыз жылдық тарихы бар «Нұр Отан» партиясы мемлекетіміздің бірлігі мен тұрақты дамуын қолдайтын Елбасымыздың сенімді тірегі. Бүгінге дейін аталмыш саяси ұйым ел азаматтарының үмітін ақтап, партия төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың саяси бастамаларын қолдап келеді. Осы тұста «Бірлік» филиалының «Тұңғыш» бастауыш партия ұйымына кіретін Елбасы кітапханасы мен Қорының мақсат-міндеттері бір, - деді Елабсы кітапханасы директорының бірінші орынбасары Әмірхан Мұратбекұлы.

Есеп беру кезеңіне кіретін партия жиналыстарында әлеуметтік-экономикалық дамуымыздың негізгі мәселелері талқыланды. Елбасы кітапханасының қызметі мәдени-ағартушылық бағытқа ден қояды. Жұмыстың басым көпшілігі «Рухани жаңғыру» бағдарламасын дәріптейтін семинар-тренингтерді жүргізуге негізделген. 2017 жылғы ақпан, желтоқсан айларының арасында тренингке еліміздің түкпір-түкпірінен 1,5 мың адам, ал 2015-2017 жылдар аралығында өткізілген 106 семинарға 5 мыңнан астам адам қатысқан.

2018 жылдың алғашқы жартысында 800 адамның қатысуымен 16 семинар ұйымдастырылды. Қатысушылар қатарында оқушылар, студенттер, құқық қорғау органдары мен прокуратура қызметкерлері, оқытушылар бар. Астананың жиырма жылдығында «Тұңғыш» бастауыш партия ұйымы ірі ауқымды бірқатар іс-шара өткізді.

«Тұңғыш» бастауыш партия ұйымының мүшелері көмекке мұқтаж балаларды, тұрмысы төмен отбасылар мен соғыс ардагерлерін қолдауға ерекше көңіл бөледі. Олар Наурыз мерекесіне орай жетім балалар мен ата-анасының қарауынсыз қалған бүлдіршіндерге арналған №1 Ақкөл балалар үйіне сыйлықтарымен барып келді. Кішкентай тыңдаушылардың назарына концерттік бағдарлама ұсынылып, екі дүркін әлем чемпионы Серік Ақтаевтың тоғызқұмалақ бойынша мастер-классы ұйымдастырылды. Танытқан белсендіктері үшін балаларға кітаптар мен ойыншықтар таратылды.

Партия мүшелері үшін донорлыққа қан тапсыру ісі де игі дәстүрге айналған. 2017, 2018 жылдары Елбасы кітапханасының 22 қызметкері донор ретінде Қан орталығының қорын толықтырды. Сондай-ақ олар «Бірлік» филиалы төрағасының Кубогы үшін бақ сынап, бастауыш партия ұйымдары арасында өткізілетін спорт жарыстарына белсенді қатысады.

Жиналыс барысында Әмірхан Рахымжанов «Тұңғыш» бастауыш партия ұйымының төрағасы болып қайта сайланды. «Бірлік» филиалының есеп беру және сайлау конференциясына қатысатын делегаттар да анықталды. «Нұр Отан» партиясының Астанадағы «Бірлік» филиалы төрағасының бірінші орынбасары Шыңғыс Қожахметов «Тұңғыш» БПҰ  жұмысын жоғары бағалады. Ол ұйымның белсенділігін белгілеп, алдағы жұмысына табыс тіледі. Кездесу соңында шешендер турнирінде бірінші орынды қанжығасына байлаған Музей құндылықтарын есепке алу және сақтау қызметінің басшысы Ерден Ордабекке жеңіс Кубогы табысталды. Ділмарлар сайысын «Нұр Отан» партиясының Астана қалалық филиалы өткізді.