Бүгін, 28 мамыр күні Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан саясаттанушылар конгресі жұмысын бастады.

Оның пленарлық отырысына Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының директоры, саяси ғылымдардың докторы, профессор Әмірхан Рахымжанов қатысты.

Әмірхан Рахымжанов сөзінің басында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Кеңсесінің Басшысы, саяси ғылымдардың докторы, профессор М.Б.Қасымбековтің құттықтау сөзін оқыды. 

Махмұд Қасымбеков құттықтау хатында Конгресске қатысушылар жұмысына табыс тілеп, саясаттанушылардың бүгінгі форумы әлемдік және қазақстандық саяси ғылымның дамуына қомақты үлесін қосады деген сенімін білдірді.

«Отандық саясаттану дамуының ерекшелігі – онда мемлекет, саяси билік, азаматтық қоғам, саяси режим, саяси үдерістер мен институттар, саяси мәдениет, саяси идеология және т.б. санаттардың қазақстандық жағдайда қолдануға болатындай жан-жақты зерттелуінде. Бұл - қазақстандық саясаттанудың ғылыми-зерттеу, білім беру бағыттарында одан әрі дамуына айтарлықтай оң әсер етеді. Қазіргі уақытта, Қазақстан Республикасындағы мемлекеттіліктің даму ерекшелігіне тән бірегей отандық туындылар әзірленіп, тың идеялар мен мәселелердің шешімдері ұсынылған» - делінген Елбасы Кеңсесі Басшысының хатында.

Әмірхан Рахымжанов Конгресс қатысушыларына осы жылдың 19 наурызындағы Елбасының тарихи шешімінің айрықша маңыздылығын атап өтті. 

«Егер осыдан 30 жылдай бұрын, тәуелсіздігіміздің бастапқы жылдары Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бірегей тұлғалығының арқасында президенттік институттың негізі қаланса, ал 19 наурыз күні, негізгі миссиясы – еліміздің гүлденуі мен тұрақты дамуына бағытталған қалыптасқан бағытты одан әрі сақтау болып табылатын саяси көшбасшылықтың субъектісі - Тұңғыш Президент институтының даму үдерісі басталды. Ең бастысы, Қазақстанның Тұңғыш Президентінің бірегей саяси шешімінің ел тұрғындары мен өндіріс ұжымдары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, шет ел басшылары мен халықаралық ұйымдар тарпынан қолдау табуы» - деген Елбасы кітапханасының директоры Конгресс қатысушыларына табысты жұмыс тіледі.