Үстіміздегі жылғы «Тұңғыш» көшпелі экскурциясы – Елбасы кітапханасының ауқымды жобаларының бірі болды. Ұйымдастырушылар әр аудиторияға қызықты дәрістер мен экспозициялар жасап, мүмкіндігінше көп көрермен қамтуға күш салды.

«Тұңғыш» бұл – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президент күніне арналған жоба. Көшпелі экскурсиялар «Тарихи таңдау. Бастау», «Тарихи таңдау. Өрлеу», «Елбасы мәртебесі – ел мәртебесі», «Атамекен» – тақырыптары бойынша өткізілді. Бір апта бойы  Елбасы кітапханасының 60-қа жуық экспонаттары «көшпелі күн кешті».

Алғашқы боп  бірегей мұражай құндылықтарын Астана қаласындағы «Наурыз» балабақшасының бүлдіршіндері мен тәрбиешілері тамашалады. Кітапхана қызметкерлері балаларға ел тарихы  мен Президенттің өмірі туралы қызықты фактілерді айтып қана қоймай, сонымен қатар нақты экспонаттар – Нұрсұлтан Назарбаевтың Теміртау қаласында металлург ретінде жұмыс істеген кезінде пайдаланған темір дулығасы мен балғасын, Мемлекет басшысының отбасы мен мектеп жылдарындағы  фотосуреттерін көрсетті.

26 қарашада Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Тұңғыш» көшпелі экскурсиялық жобасының тұсаукесер рәсімі өтті. Сондай-ақ университеттің «Күлтегін» атриумында «Шығармашылық. Жасампаздық. Инновациялар» көшпелі қор көрмесі ашылды. Көрменің мақсаты – Елбасы кітапханасының архив, музей және кітапхана жинағы материалдары арқылы Мемлекет басшысының білім және инновация саласындағы жасампаздық жолына шолу жасау.

  

Көрмеде Мемлекет басшысына ерен еңбегі мен жаһандық бастамалары үшін  берілген қоғамдық наградалар кешені ұсынылды. Н.Ә. Назарбаев көптеген отандық және шетелдік жоғары оқу орындарының құрметті докторы, профессоры. Экспозицияда алғаш рет Еуропа, Америка және Азия елдерінің беделді жоғары оқу орындары мен ғылыми мекемелерінен тарту етілген 25 мантия  қойылды.

«Тұңғыш» көшпелі жобасын ҚР Мемлекеттік күзет қызметі Президенттік оркестрі әуенмен әрледі.  Концертте Президенттік оркестр құрамында жемісті еңбек етіп жүрген үрмелі оркестр, халық ансамблі, камералық музыка ансамблі, ән мен эстрада ансамблі, сондай-ақ би ансамблі қалың жұртшылыққа өнерлерін көрсетті.

28 қарашада Ақмола облысының Целиноград ауданындағы Талапкер ауылындағы №3 орта мектептің оқушыларына экскурсия жасалды. Жас өспірімдер  «Тарихи таңдау. Өрлеу» тақырыбында қызықты мол мәлімет алды. Бұл көрме Тәуелсіз Қазақстанның әлемдік қоғамдастықтың елдерімен тату көршілік қарым-қатынас пен ынтымақтастықты дамытуға бағытталған алғашқы қадамдарының дәйекті бейнесін егжей-тегжейлі көрсетеді. 1991-2000 жылдар аралығындағы ең күрделі тарихи салдар экскурсияның хронологиялық аясында кеңінен қамтылған. Көрмеден алған әсерлерімен бөліскен мектептің жоғарғы сынып оқушылары Тәуелсіздік күні жазатын рефераттарына тұздық болатын мол мәлімет алғандарына қуанып, мәз болысты.  

Келесі күні, 29 қарашада кітапхана қызметкерлері Қазақстан Республикасының Ұлттық гвардиясының №5573 әскери бөліміне ат басын бұрып,  800-ден астам әскери маманның қатысуымен экспозицияны ашты. Шен таққандар «Тарихи таңдау. Бастау» тақырыбындағы экспонаттарды жан-жақты зерделеуге мүмкіндік алды. Мұнда олар Н.Ә.Назарбаевтың еңбек жолындағы сирек фотосуреттер, бейнематериалдар, мұрағаттық құжаттардың толық кешенімен және өмірбаянымен байланысты деректермен танысты.

Әскери қызметкерлер «Елбасы мәртебесі – ел мәртебесі» тақырыптық экскурсиясына үлкен мән берді. Әрдайым «марапат» сөзі жоғары қасиетке ие болған сарбаздар үшін Н.Ә. Назарбаевқа берілген  шетелдік жоғары наградалардың коллекциясы, сондай-ақ Президенттің мемлекеттік және қоғамдық наградалардың үлгілері ерекше әсер етті. Сондай-ақ әскери қызметкерлер Елбасы туралы фильм тамашалады.

«Тұңғыш» көшпелі экскурциясы жергілікті тұрғындар назарына да ұсынылды. 30 қарашада «Тарихи таңдау. Бастау» экскурциясы «Нұр Отан» партиясының  республикалық қоғамдық қабылдауында өтті. Елбасы кітапханасының қызметкерлері тыңдаушылар назарына ХХ ғасырдың 60-70 жылдарындағы құжаттар мен Қазақ КСР республикалық баспасөзінде жарияланған мақалаларды ұсынды. Астана қаласының тұрғыны Жансая Мамырова ел астанасын Алматыдан елордаға көшіргеннен кейінгі алғашқы жылдар туралы естелігімен бөлісті.

–Бұл ел өміріндегі өте қиын әрі күрделі кезең болды. Барлығы Астананың құрылуы мен өркендеуін басты назарда ұстады. Көптеген сын-қатерлер болды, бірақ  бар қиындықтарды еңсеріп, осы күнге жеттік. Қазіргі елордаға қараңызшы ... Менің ойымша, бәрімізді Президент қанаттандырды. Мемлекет басшысының сенімі мен тәжірибесі біздің оның арманына сенуге күш берді. Елбасының асыл мұраты   ТМД кеңістігінда ғана емес әлемде салтанат құрды!

«Тұңғыш» көшпелі экскурсиялық жобасын жүзеге асыруға 60-тан астам экспонат және 30-дан астам Елбасы кітапханасының қызметкерлері жұмылдырылып, 3 мыңға жуық адам көрмені тамашалады. Тұңғыш Президент күні қарсаңында елорда тұрғындары Отан тарихына тереңінен үңіліп, тәуелсіз Қазақстанның тарихымен тығыз байланысты болатын жас мемлекеттің қалыптасуы мен Президенттің өміріне қатысты мәліметтерді білуге мүмкіндік алды.