ТҮРІКМЕНСТАН МӘДЕНИЕТ МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫМЕН ТАНЫСТЫ

Ағымдағы жылдың 12 наурызында елімізге жұмыс сапарымен келген Түрікменстан Мәдениет министрінің орынбасары Нурсахет Ширимов мырза Назарбаев орталығында орналасқан Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасына келді.

Түрікменстан өкілі рухани орданың тынысымен танысып, еліміздің тарихынан сыр шертетін экспозицияларды аралады. Экскурсия аясында мәртебелі мейман Елбасының балалық және жастық шағы, қызмет хроникасы, саналуан бастамалары мен идеялары жайлы сыр шертетін мультимедиялық альбомға, интерактивті білім беру кешеніне, 3D голограммаға қызығушылық танытты. Нурсахет Ширимов «Н.Назарбаев – жаһандық антиядролық қозғалыстың көшбасшысы» экспозициясымен де танысты. Аталмыш экспозиция ядролық қару мен ядролық сынақтардан бас тартуды көздеген Елбасы мен Қазақстан Республикасының жалпыға ортақ қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосқан үлесін бейнелейді.

Сыйлы қонақ ғимараттың үшінші қабатында орналасқан Елбасының жеке кітапханасын, электронды оқу залын, құнды, сирек кездесетін кітап коллекцияларын тамашалады. Түрікменстан Мәдениет министрінің орынбасарын Елбасы кітапханасындағы құнды жәдігерлерді заманауи тұрғыда ашып көрсететін электрондық ресурстар аса қызықтырды.

Елбасының жеке кітапханасы – Мемлекет басшысы парақтаған және жинаған сирек кездесетін жинақтармен аса құнды. Онда отандық қаламгерлермен қатар шетел әдебиеті өкілдерінің туындылары бар. Кітаптар қоры жаңа туындылармен толықты. Мәртебелі мейман Елбасы кітапханасына Түрікменстанның бай тарихы мен мәдениеті туралы оқырмандарға мол мағлұмат беретін «Ежелгі Маргиана қазыналары» фотоальбомын және «Ежелгі өлкенің әуені» кітабын тарту етті.