2012 жылдың 4 маусымында Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Музейінде «Түрлі-түсті мозаика» балалар шығармашылығының сайыс-фестивалі өткізілді. Бұл – «Балалық шақтан көзқарас» жобасы аясындағы ҚР Тұңғыш Президентінің Музейі мен Балалар көркемсурет мектебі – ЮНЕСКО клубының бірлескен іс-шарасы.
      Фестиваль Халықаралық балаларды қорғау күніне орай ұйымдастырылған. Бұл бүлдіршіндер үшін ең қуанышты мерекелердің бірі ғана емес, сонымен қатар бұл күн – ересектерге балалардың үнемі қамқорлықты қажет ететіндігін, олар үшін үлкен жауапкершілік алатындығын ұмытпауды еске салады.
      Сайысқа 6-дан 13 жасқа дейінгі 70 бала қатысты. Жеңімпаздар мына номинациялар бойынша бөлінді: «Face art» сайысы – аквагриммен бет татуажы, Астана туралы молбертте салынған сурет сайысы, асфальтта сурет салу сайысы (бормен).
      Музейдің бейнелеу өнері студиясы, Балалар көркемсурет мектебі шығармашылық ұжымының белсенді қызметі – балалар шығармашылығымен таныстыруды жыл сайын нағыз мерекеге айналдыруға мүмкіндік береді. Фестивальге қатысушы – жас суретшілердің жұмыстары Музейдің экспозициялық залына қойылады.
      Жеңімпаздарды марапаттау рәсіміне Музей директорының орынбасары К. Ақтаева, Астана қ. Балалар көркемсурет мектебінің директоры Г. Исенова, сонымен қатар әділ-қазылар алқасының төрағасы, ҚР Көркемөнер Академиясының академигі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, профессор Т. Батанов қатысты.
      Астана қ. № 1 музыка мектебінің шығармашылық ұжымдары байқау қонақтары мен қатысушыларын өз өнерлерімен таңғалдырып, ҚР Тұңғыш Президенті Музейінің алғыс хатына ие болды.