2019 жылғы 3 маусым күні Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының музейінде Қарағанды облысы Шахтинск қаласының ЮНЕСКО клубы – Әубәкір Исмаилов атындағы балалар көркемсурет мектебі түлектерінің дипломдық жұмыстарының көрмесі ашылды. 

«Туған өлкем» көрмесі 2018 жылдың ақпанында Елбасы кітапханасында бастау алған балалар шығармашылығын  және қосымша білім беру ұйымдарын қолдауға бағытталған республикалық бағдарлама аясында ұйымдастырылды. Осы бастаманың арқасында елорда тұрғындары мен қонақтары Қазақстандағы балалар көркемсурет мектептерінің үздік дипломдық жұмыстарымен таныса алады.

«Біздің жобаның негізгі мақсаты – қосымша білім беру мекемелерінде оқитын балалардың жұмыстарын көрсету. Шахтинск қаласы бұл бағытта өте маңызды рөлге ие. Біріншіден, бүгінгі көрменің ашылуы қала күніне орайластырылған, металлургтер өңірі болып табылатын Қарағанды облысы - Елбасымыздың өмірбаянында, оның тұлға ретінде қалыптасуының маңызды кезеңі. Екіншіден, бұл қалада жергілікті атқарушы билік тарапынан балаларға арналған көркемдік мектепке деген қолдауды байқадық, мектептің жеке ғимараты да бар. 

Яғни, заманауи Қазақстанның даму динамикасы тек педагогтарға, жақсы нәрсеге ұмтылу және отбасындағы балалар мен ересектердің бірін-бірі түсінуінде ғана емес, сонымен қатар жергілікті биліктің балалар шығармашылығына деген дұрыс көзқарасында екендігін көрсеткіміз келеді»,– деп атап өтті Елбасы кітапханасы директорының орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты Күләйша Актаева көрменің ашылу салтанатында.

Әубәкір Исмаилов атындағы Балалар көркемсурет мектебінің негізі 1987 жылы қаланған. Қазіргі уақытта мектепте 6-17 жас аралығындағы 400-ден астам бала білім алуда. 33 сыныпқа кескіндеме, графика, мүсін, дизайн, керамика сабақтары жүргізіледі. Мүмкіндігі шектеулі балаларға барлық жағдай жасалған.

«Жұмыстардың негізгі тақырыбы – кеншілердің еңбегі. Біздің тәрбиеленушілеріміздің ата-аналарының барлығы дерлік шахтада жұмыс істейді. Балалар өздеріне тән мәнермен бауырларының, әкелерінің еңбек күндерін түрлі-түсті сарынмен, түрлі техникаларды пайдалана бейнелейді. Біздер 5 жастан 10 жасқа дейінгі бүлдіршіндердің туындыларын ұнатамыз. Осы жеткіншіктердің ойларынан туған әлем шексіз, қуаныш пен бақытқа толы», 

- деді Шахтинск қаласының Әубәкір Исмаилов атындағы көркемсурет мектебінің директоры Шахмұрат Әбдіхалықов.  

32 жылдық тарихы бар Шахтинск қаласының ЮНЕСКО клубы – Әубәкір Исмаилов атындағы мектеп өзіндік дәстүрін қалыптастырған, көркем-педагогикалық қызметінде жемісті тәжірибе жинаған, өз жетістіктері де бар. Осы уақытқа дейін мектеп шығармашылық әлеміне 800-ден астам түлек ұсынды. Олардың көпшілігі сәулетші, дизайнер, суретші және бейнелеу өнерінің ұстазы болып,  Қазақстанда ғана емес Ресей, Чехия және Германия елдерінде де табысты еңбек етуде.

Шахтинск қаласындағы көркемсурет мектебінің 17 жасар түлегі Зайнап Балагутдинова графикалық дизайнер болғысы келеді. Оның кумирлері – Жан-Мишель Баския, Энди Уорхол, Әбілхан Қастеев. Көрмеде ұсынылған 50 жұмыстың ішінен оның «Уақыт өзені» суретіне келушілер ерекше қызығушылық танытуда. Зайнап осы суретті салуға бес ай жұмсапты.

«Өткенді, қазіргіні, болашақты тұтастай бір суретте көрсету өте қиын. Дегенмен, талпынысымды орындай алдым деп сенемін. Әрбір жұмыс – жан күйімді білдіреді. Ең таңқаларлығы, өз-өзіме тереңдеген сайын туындыларым өзім ойлағаннан да басқа болып шығады. Бұл - менің туыстарым мен достарымның, менің алғашқы сыншыларымның байқағандары», - деп мойындады жас суретші. 

Көрменің ашылу күні Шахтинск мектебінің ұстаздары елорданың жас суретшілеріне шеберлік сыныбын өткізді: Жаңабек Жұмабеков портреттерді салуды үйретсе, Наталья Сайгушева «Көктемдегі гүл» сәндік-қолданбалы өнер техникасы туралы айтып берді.

А.ж. желтоқсан айында Елбасы кітапханасында өтетін қорытынды көрмеге Шахтинск қаласындағы ЮНЕСКО клубы – Әубәкір Исмаилов атындағы балалар көркемсурет мектебі түлектерінің он үздік жұмысы іріктеліп, ұсынылады.

Көрме 2019 жылғы 9 шілдеге дейін жалғасады.