2019 жылғы 29 сәуірде Елбасы кітапханасында мектепаралық музейлік «Үлкен регата» серіктестік жобасының женімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.

Іс-шара Нұр-Сұлтан қаласы білім беру мекемелерінің оқушылары үшін ұйымдастырылған, арнайы бағдарлар мен «беймәлім аралдардан» тұратын 8 музеймен танысуға негізделген ұзақмерзімді серіктестік жоба. Саяхат ойынының шарты бойынша Елбасы кітапханасы музей нысандары, яғни «аралдар» шоғырланған «Архипелаг» болып белгіленді. «Архипелаг» қызметкерлері тақырыптық экспозициялар негізінде ойын сызбаларын әзірледі.

Жобаны Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы, Нұр-Сұлтан қ. Білім басқармасы, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әскери-теңіз күштері Бас қолбасшысының басқармасы ұйымдастырды. «Теңіз» саяхат-ойынының мақсаты – Нұр-Сұлтан қаласы мектептерінің музейлерімен таныстырудың бірегей мүмкіндігін құру, туған жер, оның ішінде қазақстандық қоғамның даму тарихына елеулі үлес қосқан танымал тұлғалардың өмірі мен қызметі туралы мол ақпарат алу.

Ойын екі кезеңнен құрылды.

Бірінші кезеңнің аясында регата экипаждары 2018 жылдың қараша айынан 2019 жылдың наурыз айына дейінгі аралықта «Ерекше қойма», «Мәдениеттердің калейдоскопы», «Естелік, даңқ, ерлік» іспетті үш тақырыптық бағыт бойынша мектеп музейлеріне барды. Жоба қатысушылары дайындық жұмыстарының жоғарғы деңгейін белгілеп, тапсырмалар мен байқаулардың мазмұнын, №17, 50, 40 мектеп-лицейлері мен, №60 мектеп-гимназияның, т.б. оқушылары мен мектеп музейі жетекшілері дайындаған музыкалық нөмірлер мен театр қойылымдарының ерекшелігін атап өтті.

Қатысушылар мен ұйымдастырушылар «АЛЖИР» мемориалды-мұражай кешенін аралады. Оның қызметкерлері шолу экскурсиясы барысында саяси қуғын-сүргінге ұшыраған жандардың тарихын бейнелейтін құжаттар мен деректі фильмдерді таныстырды. Бұл материалдар балалардың көңіліне қатты әсер етіп, тың ғылыми зерттеулермен танысуға мүмкіндік берді.

Регатаның екінші кезеңінде қатысушылар «Архипелагқа» шақырылып, оның сақтаушылары дайындаған нысандарды зерттеу арқылы сөзжұмбақтарды шешіп, логикалық тапсырмалар мен интеллектуалдық викториналардың сауалдарына жауап беру сынды қызықты тапсырмаларды орындады.

Марапаттау рәсімін Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Ботагөз Қайыпова ашты. Өз сөзінде ол үш жылда бір рет ұйымдастырылатын «Үлкен регатаның» мақсаты – музей жинақтары, архив құжаттары арқылы оқушылардың тарихи тұрғыдан ойлау қабілетін қалыптастырып, жаңа тарихқа деген қызығушылығын арттыру, білім саласындағы музейлік қызметті жандандыру екенін айтты.

– «Теңіз саяхаты» қатысушылардың зор қызығушылығын тудырды. 22 экипаждың ішінен ойын мәресіне 4 топ жетті. «Архипелагта» өткен ойынның екінші кезеңінде №54, 60, 62, 75 мектеп өкілдері бақ сынасты. Осы тұста жеңіске деген талпыныстың зор жауапкершіліктің, биік рухтың белгісі екенін белгілегім келеді. Жаңа дүниелерді зерттеуге күш салған қатысушыларға алғыс білдіреміз. Ойын көптің басын қосты. Ойын арқылы қатысушылар мектеп музейлерінде сақтаулы тұрған мәдени мұрамен танысты. «Архипелагта» сақтаулы деректердің арқасында жастар ел тарихына терең шолу жасады. Аталмыш регатаның аяқталуымен баршаңызды құттықтаймын! Бәріміз бүгінгі ойын қатысушыларындай мақсатқа жұмыла ұмтылатын болсақ, озық мемлекеттердің алдыңғы қатарынан көрінеріміз анық, - деді Ботагөз Мұттахиденқызы.

«Ерекше қойма» бағдарындағы үздік экипаж» номинациясы бойынша №28 орта мектептің «Іздеушілер» тобы;

«Мәдениеттер калейдоскопы» бағдары бойынша үздік экипаж» номинациясы бойынша №80 мектеп-гимназияның «Дункан» тобы;

«Естелік, ерлік, даңқ» бағдары бойынша үздік экипаж» номинациясы бойынша №14 мектеп-гимназияның «Атланта» тобы;

«Жеңіске деген ерік-жігері үшін» номинациясы бойынша дарынды ер балаларға арналған «Білім-инновация» лицей-интернатының «Білім жағалауы» тобы;

«Ең үздік желкен макеті» номинациясы бойынша №22 мектеп-гимназияның «Ақ акула» тобы;

«Үздік вахта журналы» номинациясы бойынша № 67 гимназияның «Жалын» тобы;

«Үздік зерттеу жұмысы» номинациясы бойынша Сәуле Байдрахманова, Орынбасар Сейдешов, Нұраш Искакова;

«Үздік мектеп экспозициясы» номинациясы бойынша Дариға Мұстафина, «Үздік бейне таныстырылым» номинациясы бойынша №6 мектеп-гимназияның «Жүйрік лямбда» тобы;

«Үздік капитан» номинациясы бойынша Тахир Сайдулов;

«Үздік музей сақтаушысы» номинациясы бойынша Алтыншаш Хамитова, Альберт Рихтер сертификатпен марапатталды. ІІІ дәрежелі дипломды №62 мектеп-лицейдің «Ақ шағала» экипажы, ІІ дәрежелі дипломды № 54 мектеп-лицейдің «Ізденіс» экипажы, І дәрежелі дипломды №75 мектеп-гимназияның

«Санта-Мария» экипажы иеленді. Бас жүлдені №60 мектеп-лицейдің «Бермуд» экипажы қанжығасына байлады.

Қатысушылар мен қонақтардың құрметіне Махамбет Өтемісұлы атындағы оқушылар сарайының ұжымдары, «Эдельвейс» би ұжымы, «Тоба» квартеті, «Фантазия» би квартеті, «Гүлдәурен» эстарада-ән ансамблі мерекелік концерт ұйымдастырды.