ҰЛТТЫҚ КОД: ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫ ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫНЫҢ ТАРИХЫНАН СЫР ШЕРТЕДІ

Биыл Қазақ хандығының құрылғанына 555 жыл толмақ. Осыған орай қалың жұртшылықтың қызығушылығы хандықтың құрылуы мен дамуының тарихына, хандардың тарихи болмысына күрт артып отыр.

Қазақ хандығы – бүгінгі Қазақстан Республикасы мен көрші аймақтардың территориясында 1465-1847 жылдар аралығында өмір сүрген мемлекет. Еділден Жайыққа дейінгі территорияны, Сырдария мен Әмудария өзендерінің аралығын, Хорасан жерін қамтыған. Оның мемлекеттік құрылымы дала демократиясына сүйенген монархияға негізделген. Тұңғыш ханы – Керей, соңғы ханы – Кенесары. Мемлекет басшысы хандардың саяси билігін жалғастырып отыратын. Олар төре тұқымынан шыққан сұлтандар арасындағы таңдау негізінде сайланған.

Қазақ хандығының құрылу тарихына қатысты ең маңызды дәйекті деректі біз XVI ғасырдағы белгілі тарихшы Мырза Мұхаммед Хайдар Дулаттың «Тарих- и Рашиди» еңбегінен аламыз. Елбасы кітапханасының қорында сақтаулы тұрған бұл шығарманы Ислам Жеменей мен Мәмбет Қойгелді парсы тілінен қазақ тіліне тәржімелеп, құрастырған.

«Тарих-и Рашиди»  XIV-XVI ғасырлардың басында Қазақстан аумағы мен көрші аумақтарда өмір сүрген ірі мемлекеттердің бірі Моғолстан тарихына арналғанымен, Қазақ хандығының тарихын зерттеуде маңызды дерек көзі саналады. Оның мазмұны тоқсан жыл ішіндегі қазақ хандарының тарихын дәйекті түрде баяндайды. Бұл шығармада соңғы орта ғасырларда Жетісуды, шығыс Дешті Қыпшақты, Тянь-Шань аймағын, Шығыс Түркістанды мекендеген моғолдардың, басқа да тайпалар мен халықтардың, атап айтқанда, қырғыздардың, ұйғырлардың, өзбектердің, ойраттардың және басқалардың тарихы жөнінде құнды мәліметтер бар. Тарихи еңбектің беттерінде сондай-ақ Жетісу мен Шығыс Дешті-Қыпшақта болған оқиғаларды, Моғолстанның күйреуін, феодалдық соғыстарды, қазақ, қырғыз, өзбек халықтарының сыртқы жауға қарсы күресте өзара одақтасуын растайтын дәйектер кездеседі.

«Қаһар», «Алмас қылыш», «Жанталас» романдарынан тұратын «Көшпенділер» трилогиясы болса XV ғасырдан ХІХ ғасырдың ортасына дейін қазақ даласында өрбіген оқиғалардан сыр шертеді. Бұл туындыда Ілияс Есенберлин қазақ халқының құрылу тарихын, Қазақ хандығының Жоңғар хандығымен арпалысын, Қытай, Хиуа, Бұхара, Ресей империясы секілді көршілерімен аумалы-төкпелі қарым-қатынастарын сипаттайды. 1976 жылы жарық көрген трилогия орыс тілінің өзінде 12 рет басылып, 1,5 миллион таралыммен етек жайды. Жалпы «Көшпенділер» трилогиясы әлемнің 30 тілінде жарық көріп, 50 рет қайта басылған. 2005 жылғы есеп бойынша, дүние жүзіне таралған жалпы тиражы 3 миллион дана. Ақпарат көздерінде «Ілияс Есенберлин жапон тіліне аударылған жалғыз қазақ жазушысы» деген деректер бар. Елбасының идеясымен және тікелей қолдауымен 2005 жылы «Көшпенділер» трилогиясының негізінде «Көшпенділер» тарихи көркем фильмі түсірілсе, 2017 жылы жазушының «Алмас қылыш» романы негізінде Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Алмас қылыш» фильмі көрермендерге жол тартқан еді.

– Ілияс Есенберлиннің шығармашылығында атақты «Көшпенділер» трилогиясы негізгі орын алады, ол эпикалық құлаш-қарымымен, оқиғалардың серпінділігімен, қазақ тарихының жанды әрі қайталанбас тұлғаларының бейнесімен, тілінің шынайылығымен және айқындылығымен ерекшеленеді, - деп Н.Ә.Назарбаев қазақтың арғы тарихын алғаш рет жүйелі түрде көрсеткен тарихи туындыға жоғары бағасын берген болатын. Бүгінде Елбасының жеке кітапханасында сақтаулы тұрған сандық «Көшпенділер», «Кочевники», «The Nomads» атты үш тілде жазылған 9 кітаптан тұрады.

   

Қазақ хандығының қалыптасу тарихы туралы жазған отандық және шетелдік зерттеушілер өте көп. Соның бірі, бүгінде Санк-Петербург мемлекеттік университетінің Орталық Азия және Кавказ халықтарының тарихы кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Ресей ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Тұрсын Сұлтановтың орны ерекше. Елбасы кітапханасының сөрелерінен кездесетін «Қазақ мемлекеттілігінің құрылуы. Қазақ хандығының тарихы»  (2003), «Поднятые на белой кошме. Ханы казахских степей» (2006) сынды еңбектерінде ол ортағасырлық деректерге сүйене отырып, Қазақ хандығының құрылуының саяси алғышарттары мен себептерін ашып көрсетуге тырысады.

  

Бұл қатарға ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаттары, белгілі тарихшылардың еңбектері де кіреді. Атап айтқанда, Ақселеу Сейдімбектің қаламынан тамған «Көшпелілер тарихы» (1995), «Мир казахов. Этнокультурологическое переосмысление» (2001), Қойшығара Салғараұлының «Хандар кестесі. Шығыс хандарының жылнамалық кестесі» (1992), «100 құжат. Қазақ хандығының қарым-қатынастарға байланысты құжаттары» (1998) сынды т.б. 40-қа жуық шығармалар жатады:

«Қазақ ССР тарихы: Феодалдық қатынастардың дамуы. Қазақ халқы мен қазақ хандығының құрылуы» (А.Нүсіпбеков, 1983);

«Қазақстан тарихының очерктері» оқу құралы (С.Аспендияров, 1994);

«История Казахского государства. XV-XX вв. : в 2-х ч. Ч.I. Казахское ханство. XV-XVIII вв.» (К.Данияров, 2000);

«Тарихтың ашылмаған беттері» (Б.Тоғысбайұлы, 2001);

«Қазақстан тарихы» бес томдығы (М.Қозыбаев, 2002);

«Абылай хан: тарих, тұлға, уақыт» (Ж.Қасымбаев, 2003);

«Қазақ хандығы. Алтын Орда IX-XV ғасырлар: Дешті қыпшақ, Шынғыс Хан, Алтын Орда» (Т.Жұмаханов, Б.Жұматаев, Т.Шаңбай, А.Сәрсенбайұлы, 2004);

«Ежелгі Қазақстан. Қазақстан балалар энциклопедиясы» (Т. Жұмаханов, Т. Шаңбай, Т.Жұматаев, 2004);

«Қасым хан: тарих, тұлға, уақыт» (Б.Кәрібаев, 2004);

«Тарих қойнауынан: тарихи очерктер» (Ж.Мырзаханов, 2004);

«Казахское ханство» энциклопедиясы (Т.Жуматаев, Б.Жуматаев, Т.Шанбай, 2004);

«Иллюстрированная история Казахстана : с древнейших времен до наших дней» көп томдығы (О.Жанайдаров, 2004);

«История Казахстана в русских источниках XVI-XX вв» көп томдығы (А.Исина, И.Ерофеева, 2005);

«Қазақстан Республикасының тарихы (көне заманнан бүгінгі күнге дейін)» көп томдығы (К.Рысбай, 2005);

«Қазақтың ата заңдары» / «Древний мир права казахов» он томдығы (С.Зиманов, 2005);

«Ұлы дала мемлекеттері» (Е.Жайнақов, 2006);

«Тарихи тұлғалар» (Б.Тоғысбаев, 2006);

«Ежелгі және орта ғасырлардағы Қазақстан тарихы»  оқу құралы (М.Әмірханов, Ө.Сандықбаева, 2007);

«Қазақ мемлекеттілігінің тарихы» (М. Қойгелдиев, З. Қинаятұлы , Қ. Өскенбай, 2007);

«Государства Великой степи» (З.Кинаятулы, Е.Жайнаков, Г.Билялова, Л.Антохина, 2007);

«Қазақстан тарихы мен мәдениетінің үлкен атласы» / «Большой атлас истории и культуры Казахстана» (А.Бимендиев, 2008);

«Ежелгі дүниедегі және византиялық дереккөздеріндегі Ұлы Дала тарихы. Ертедегі грек авторлары қазақ даласы туралы» төрт томдығы (А.Гаркавец, қазақ тіліне аударған – Г.Мұхаметқалиқызы, 2008);

«Алтын шежіре: шыңғыс хан қағанатының көне түркі-моңғол тайпаларының тарихы» (Лувсанданзан, моңғол тілінен аударған – А.Мауқараұлы, 2009);

«Уақ шежіресі» (Т.Дәйкенов, 2009);

«Қазақ хандығы тарихы: құрылуы, өрлеуі, құлдырауы» (Б.Аяған,  Х.Әбжанов, А.Исин, 2011);

«Vanished khans and empty steppes. A history of Kazakhstan. From Pre-History to Post-Independence» (Robert Wight, 2014);

«Казахское ханство в зеркале казахской государственности» (З.Нурлигенова, 2015);

«Қазақ хандығының құрылуы тарихы» (Б.Кәрібаев, 2015);

«Көшпенділер» («Кочевники», «The Nomads») үш томдығы Ілияс Есенберлин,

«Қазақ хандығы» энциклопедиясы (Д.Қожамжарова, 2015);

«Қазақ болып қалыптасқан ғасырлар» (Е.Әлімжан, Б.Хинаят, 2015);

«Шекара шегін айқындау дәуірі» / «Эпоха обретения границ» (М.Томпы, М.Уәлі, 2015);

«Кенесары хан және қолбасшы» (Д.Мыңбай, Ж.Таймағамбетов, А.Оңғарұлы, Л.Тілегенова, 2015);

«История Казахстана и Центральной Азии в мировой ориенталистике (к 550-летию Казахского ханства)» (М.Лаумулин, 2016);

«Қазақ хандығы және тарихи аңыздар» (А.Әбсадықов, 2017);

«Еліне тұтқа болған хан Жәнібек» (Ә.Сабырбаев, 2017);

«Әбілқайыр Шайбан. Дешті Қыпшақтың соңғы білеушісі» (Б.Аяған, 2018);

«Парсы және түркі жазба деректеріндегі қазақ тарихы (ежелгі және орта ғасырлық дәуір)» (И.Жеменей, 2019).