ҰЛТТЫҚ ӨРКЕНДЕУДІҢ НЫШАНЫ

9 қазан күні Елбасы кітапханасының музейінде Еуразия гуманитарлық институтының колледжі студенттерінің қатысуымен «Теңге – тәуелсіздік нышаны» атты дәріс өтті.

Дәріс барысында студенттер Қазақстан аумағындағы ақша айналымының тарихы, ұлттық валютаны енгізудің алғышарттары мен себептері, елдегі ақша реформасы туралы мол мағлұмат алды. Тыңдаушылар еліміздің бүгіні мен келешегі үшін теңгенің тарихи маңыздылығының әділ бағасын алды.

Дербес ақша бірлігінің енгізілуі Қазақстанның экономикалық егемендігін жүзеге асырудың, нарықтық экономика құрудың және ұлттық өркендеудің негізі болды. Теңге тарихы – Қазақстан тарихы. Мұны Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың мына сөздері дәлелдейді: «Ел тарихында теңге - ұлттық валюта ретінде тәуелсіздігіміздің экономикалық негізі ретінде ғана емес, сондай-ақ еліміздің салмақты бөлігі, заманымыздың құбылысы болды…».

Дәріс аяқталған соң студенттер мен оқытушылар іс-шара ұйымдастырушыларына  ризашылықтарын білдірді.

Дарья Горная, ЕАГИ колледжінің студенті:

–  Бүгін біз ұлттық валютамыз теңгеге арналған дәріске қатыстық. Біз мұнда теңгенің жасалуы мен Қазақстан Теңге сарайы туралы, жалпы еліміздің экономикалық дамуы туралы көптеген танымдық тарихи мәліметтерге қанықтық. Мен алғаш рет банкноттар мен монеталар шығарудың ерекшеліктерін білдім. Бұл тақырып жастар үшін өте маңызды  деп есептеймін.

 

ЕАГИ колледжінің студенті Кристина Гончарова:

–  Мен Елбасы кітапханасына бірінші рет келдім. Тартымды дәріс үшін алғысым шексіз. Бұл дәріс дәстүрлі дәрістерден өзгеше. Теңгенің әлемдегі аса қорғалған валюталардың бірі екенін білу –  мен үшін қызықты болды. Бұл материал бізге тарих сабағында да, тәжірибемізде де  пайдалы болмақ.

 

ЕАГИ колледжінің студенті Карина Губайдуллина:

– Біз алғаш рет ұлттық валютамыздың тарихымен жан-жақты және тереңірек таныстық.  Археологиялық қазбалар, теңгенің заманауи дизайндық әзірлемелері, халықаралық байқауларға қатысуы және басқалары туралы мол мәлімет алдық.

 

 

   ЕАГИ колледжінің оқытушысы Нұрилә Қазбекова:

 –  Мен дәріскердің жоғары әдістемелік шеберлігін атап өткім келеді. Материал тақырыпты жан-жақты ашатын түрлі фото және бейне құжаттарды пайдалану арқылы дәйектілікпен баяндалған. Теңге   тарихы ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейін тартымды көрсетілген. Көптеген маңызды және өзекті ақпарат берілді. Оған қоса, дәріскердің шешендік өнеріне  тәнті болдым. Жеке басымды   коллекциялық  және мерейтойлық теңгелер қатты қызықтырды. Танымдық дәрісті ұйымдастырғаны үшін Елбасы кітапханасының басшылығына шын жүректен алғысымды білдіргім келеді.