ҰЛЫ ДАЛА ТАРЛАНДАРЫ. АЙЖАН ЖҮЗБАЙ

«Ұлы дала тарландары» жобасы аясында Елбасы кітапханасының ғимаратында «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының «Бизнес» номинациясы бойынша жеңімпазы, модельер, «Жүзбай Дизайн» ЖШС директоры Айжан Жүзбаймен кездесу өтті. Жүздесудің алдында сән дефилесі өтіп, онда дизайнер модельдердің көмегімен ұлттық нақыштағы заманауи костюмдер топтамасын көрсетті.

А. Жүзбай 1991 жылы Арыс қаласында дүниеге келген. 2010 жылы Қарағанды коммерциялық колледжін бітіріп, одан кейін Пекин сән және технологиялар институтының (ҚХР) «Киімнің көркем дизайны» мамандығын меңгеріп, сол институтта тоқыма химиясы, өңдеу және инжиниринг факультетінде білім алуды жалғастырады.

2015 жылы модельер Қазақстан Республикасының Қытайдағы елшілігі ұйымдастырған Пекинде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 24 жылдығын мерекелеу аясында өзінің киім желісін таныстырды. 2016 жылы Нұр-Сұлтан қаласында «Жүзбай Дизайн» ЖШС компаниясын және «ZHUZBAY» киім желісін тіркеді. Сол жылы Айжан өзінің көрсетілімімен Mercedes Benz China Fashion Week – қытайлық сән апталығын ашып, Орталық Азияда осындай құрметке бөленген алғашқы дизайнер атанды. Осы сән апталығында Пекиннің танымал  арт-ауданында (Арт-аймақ 789) қазақстандық мәдениетке деген қызығушылықты дамыту мақсатында сегіз қанатты қазақ киіз үйін  құрды.

«ZHUZBAY» брендімен Prêt-à-porter, Prêt-à-porter de luxe топтамалары жасалуда, болашақта Haute Couture топтамасын шығару жоспарланған. Топтаманың  бір бөлігі Шымкент, Қарағанды және Нұр-Сұлтанда өндірілсе, қалған бөлігі – Мумбайдан шығарылады. Ең негізгі креативті бөлігі Пекин студиясында тігіледі. Аяқкиімдер мен сөмкелер Италияда өндіріледі. Брендтің ерекшелігі – онда молшылықтың, мәңгіліктің, күш құдіреттің символы саналатын күллі оюлардың атасы аталған өрнек – қошқар мүйіз көрініс тапқан.

Айжан Жүзбай болашақта сапалы, танымал және халықаралық нарықта сұранысқа ие киім мен тоқыма өндірісі бойынша өз кәсіпорнын іске қосуды, жаңа жұмыс орындарын құруды, қазақстандықтарды сапалы, қолжетімді және сәнді өнімдермен қамтамасыз етуді, қазақтың байырғы кестелеуін, былғары мен тері бұйымдарын өңдеу мәдениетін жандандыруды армандайды.

–Біз Қазақстан жастары арасында қазақ халқының тарихын, мәдениетін, дәстүрін биік сән тұғырында дәріптейтін нағыз патриоттар бар екеніне өте қуаныштымыз және мақтан тұтамыз, – деп атап өтті қонақты қарсы алған Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Ботагөз Қайыпова.

Кездесуден кейін Айжан Жүзбай музей кешеніндегі жаңа экспозицияларды аралап көрді. Дизайнер өз есімін музей залында орналасқан  «Қазақстанның 100 жаңа есімі» экспозициясынан көріп таңғалып, қуанып қалды.