ҰЛЫ ДАЛА ТАРЛАНДАРЫ. ЭЛЬНАРА БАЙНАЗАРОВА

Елбасы кітапханасы «Ұлы дала тарландары» арнайы жобасы арқылы  білікті де білімді, өнерлі де талантты, өнегелі ісімен көпке үлгі болып жүрген ел азаматтарын жариялап келеді. Сондай жандардың бірі –  Қазақстандағы БҰҰ-ның тұрақты үйлестіру кеңсесінің баспасөз және коммуникация жөніндегі кеңесшісі, PhD докторы, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының «Қоғам» номинациясы бойынша 2019 жылғы жеңімпазы – Эльнара Байназарова.

Танымал француз мемлекет қайраткері Жорж Клемансо «Дипломатия – бұл бар болғаны ауа» деген ескертуге: «этикет – бұл ауа, бірақ сол ауамен автомобиль шиналары да толтырылған. Ол соққыны қалай жұмсартатынына назар аударыңызшы» деп пікір білдірді Эльнара әңгіменің басында.

Дипломатия үшін кейбір тұлғалар үлкен рөл атқарады, солардың кәсіби машықтарының арқасында мемлекет, ұйым, оның әлеуеті мен перспективалары туралы жалпы пікір қалыптасады. Бұл ретте мықты деген саясаткер, дипломаттардың ішінде мен тамсанатын ерен жүйріктері бар. «Өз жұмысымның ерекшелігіне қарай мен жоғары деңгейдегі түрлі шараларға қатысуға мүмкіндік алдым және шетелдік сарапшылар мен дипломаттардың сөз саптауын бақылау қашан да қызық болатын»,- деп ой бөлісті Эльнара.

Ал халық алдында жүрген дипломаттар рөлі туралы айтар болсақ, маған Иордания патшайымы  Рания аль-Абдулланың, ЕО экс Вице-Президенті Федерика Могеринидің, Канада Премьер-министрі Джастин Трюдоның, БҰҰ жанындағы АҚШ тұрақты өкілі Саманта Пауэрдің және әрине, жас кезімнен еңбектерімен таныс Тоқаев Қасым-Жомарт Кемелұлының стилі мен сөз сөйлеу мәнері өте ұнайды. Біз үшін ол сонау студенттік жылдардан бастап-ақ дипломатия мен Қазақстанның сыртқы саясаты саласында еш талассыз кумир еді, деп спикер ойын шынайы ризашылықпен жеткізді.

Пандемия сияқты  әлемде қауырт өзгерістер орын алып, сын- қатерлер төнген кезде бізге жаңа идеяларды игеріп, өзіміздің мәдени әдеттеріміз бен құндылықтарымызды бұрынғыдан да тез өзгертуімізге тура келеді. COVID-19 – бұл денсаулық сақтау саласындағы дағдарыстан да үлкен нәрсе және түрлі елдер, секторлар мен ұрпақтар арасындағы ынтымақтастықтың қажеттігін еске салудың жарқын көрінісі. Адам санасының ерекше бір қарама қайшылығы мынада – біз шексіз креативті бола тұрып, жаңа идеяларға тосырқай қараймыз. Өркениеттің ұлы туындыларының ішінде бір адам өміріндей аралықта әлемді жаулап алғандары аз. Кейбіріне бұл үшін ондаған, тіпті жүздеген жылдар қажет болды.

Эльнара тым болмағанда өз деңгейінде консервативті дипломатиялық әлемге жаңа көзқарастар енгізуді армандайды. Ол бәрін алдын ала айтқысы келмейді. Алайда бұл жобалар алдағы уақытта балалар мен жастар арасындағы медиадипломатия машықтары және білімді дамыту бойынша, сондай-ақ Қазақстанның Тұрақты даму мақсаттарын дәріптеу жөнінде болатыны сөзсіз. Кейіпкеріміздің айтуынша, бұл ретте шығармашылық пен өнер тілін қолданудың маңызы зор. 

«Мысалы, жақында пандемиямен күрестегі ниеттестіктің белгісі ретінде біз танымал итальян суретшісі Микеланджело Пистолеттоның  «Үшінші жұмақ» деген арт-инсталляциясын Нұр-Сұлтанда өткіздік.  Бұл прогрессивті  арт-жоба мен Ұлы даланың көшпенділер мәдениетінің дәстүрлі материалдары үйлесім тапқан шара болды. 40 метрлік инсталляцияны жасауда тек қана жергілікті материалдар қолданылды, әсіресе,  БҰҰ мүше-мемлекеттер санын білдіретін ақ жібек киіздің 193 шаршы метрі және «басқұрдың» түпнұсқасы – шексіздік белгісі көрініс тапқан оюы бар тігілген баулар, бәрі де жергілікті материалдардан жасалған, осы арқылы жоба жолдауының мән мазмұны ашыла түскен» деді Эльнара Байназарова.

Эльнара өзінің «Азиялық аймақшылдық және азиялық қауіпсіздік архитектурасын дамытудағы Қазақстанның рөлі» деген докторлық диссертациясын монография форматында басып шығаруды жоспарлауда. Егер барлық жобалардың ойы мен ішкі астары көрермендер, оқырмандар, тыңдармандар үшін шабыт беретін болса, олардың жеке табыстарға жетуіне серпін берер болса, автор үшін содан артық марапат жоқ.

– Қалыптасу кезеңінде түрлі регалиялар, сертификаттар көп болды. Бірақ солардың ішінде ең бір ауқымды жұмыстың аяқталғанын білдіретін мен үшін шын мәніндегі ең маңызды, ең қымбат естелік ол – ШЫҰ қалыптасуына қосқан үлесім үшін ШЫҰ хатшылығы тарапынан берілген медаль, сонымен қатар ТМД өңіріндегі ең үздік баспасөз қызметінің бірі ретінде ішкі байланыстар бойынша Еуропа қызметінің жүлдесі болды. Ал «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы ең бір халықтық жоба ретінде жастардың дұрыс месседжиін проекциялаудың қаншалықты маңызды екенін көрсетті, - деді Эльнара.

Ол алдағы уақытта Біріккен Ұлттар Ұйымының 75 жылдығына арналған деректі фильм түсіруді жоспарлап жүр. Онда саясаткерден бастап бизнес және мәдениет саласына дейінгі қоғамның түрлі салаларындағы адамдардың пікірі, көзқарасы, естеліктерінің призмасы арқылы ұйымның даму ретроспективасын көрсетпек. Фильмнің бір кадры мың сөз түсіндірмеден тұруы мүмкін. Айта кетсек, ЕО мен Қазақстанның дипломатиялық қатынастарының 25 жылдығына арналған өткен жұмыстар баламалы концепцияда тағы да жасалған. Жуырда республикалық телеарналар экранында  «Еуропаның 10 қыры» хабары жарыққа шығады, ол жерде өз саласында жетістікке жеткен қарапайым адамдардың оқиғасы арқылы көрермендерге еуропалық интеграцияның түрлі аспектілері таныстырылады.

«Мен үшін табыс дегеніміз  – өзің қызмет ететін кәсіпте және сені қоршаған әлемде өзіңді үйлесімде, жайлы сезіну. Дипломатияның болашағы медиа мен жария дипломатияны дамытуда екеніне көзім жетеді. Бұл мамандық анағұрлым пәнаралық бола түседі және уақыт талабы да сол. Жұмыс одан әрі де нақты нәтижелер беріп, оның өтемі болса деп тілейсің. Жеке өзіме келсем, БҰҰ жүйесіндегі қазақстандық дипломат ретінде дамып, Ұйым жұмысына өз үлесімді қосқым келеді. Оған негіз болатын дүниелер өте қарапайым: яғни, шын мәніндегі сын-қатерлер туралы ешқашан ұмытпау керек. БҰҰ үшін жұмыстың нағыз өзекті тұсы адамдар нақты қолдауды керек ететін жерлерде жасырынып жатады»,- деген Эльнара өзінің кәсіби және азаматтық құндылықтарын атап өтті.

  Эльнараның көптеген жобалары жастар ұйымдарымен байланысты болғандықтан ол: «Өз күшіңе шексіз сеніп, оптимистік көзқараста болу және батыл мақсаттар қою керек. Өзің істеп жүрген іске аса жауапкершілікпен қарау қажет. Жеке ерекшелігіңді сақтай отыра қасаң қағидаларды бұзып жару, өз жолың мен қолтаңбаңды табу керек. Сонымен қатар өзіңді өзгелермен ешқашан салыстырма, себебі әркімнің өзіндік бірегей даму жолы бар»,- деп тілегін жеткізді.