ҰЛЫ ДАЛА ТАРЛАНДАРЫ. ӘСЕЛ ЖАНАСОВА

Елбасының бастамасымен жүзеге асқан «Қазақстанның жүз жаңа есімі» жобасы елімізде жаңа есімдерді табуда үлкен серпіліс болды. Соңғы үш жылда қазақстандықтар Қазақстанның дамуына құнды үлес қосып жүрген екі жүзге жуық табысты отандастарымен танысты. Спорт, ғылым, мәдениет, бизнес, медицина, қоғам – әр салада өз өмірін, өзгенің өмірін жақсартып, тиімді еңбек етіп жүргендер баршылық. 2019 жылы «Қоғам» аталымында Әсел Жанасова жеңіске жетті. 2020 жылдың 20 шілдесінен бастап ол интеграция және сауда вице-министрі қызметіне тағайындалып, цифрлық сауданы, электронды сауданы дамытуға, қазақстандық тауарлар экспортын ынталандыруға және техникалық реттеуге жауапты болды.

«Қазақстанның жүз жаңа есімі» жобасына қатысқанда Әсел Жанасова «Халықаралық «Астана» қаржы орталығы әкімшілігі» АҚ цифрлық технологиялар бойынша басқарушы директоры болып жұмыс істеп, АХҚО IT-стратегияларды және қаржылық технологиялар хабының бастамаларын әзірлеу мен жүзеге асыруды қадағалады. Ә.Жанасованың - табысты мансабы оның нақты ғылымдар саласындағы білімдерін жетілдіруге деген ұмтылысымен байланысты - ол мектепте математика мен физикадан жылдық бағдарламаны бір тоқсанда игеріп шығатын болған.

Физика мен математикадан мектепте өткен бар олимпиадаларда топ жарған жас қызға республикалық деңгейде жүлдеге ие болу керемет бастамаға түрткі болады. О.Жәутіков атынжағы физика-математика мектеп-интернатын аяқтағаннан кейін Ә.Жанасова Ұлыбританиядағы колледжге грант негізінде оқуға түседі. Кейіннен Кембридж университетін тәмамдап, Әсел Жұбанышқызы өз мамандығын ақпараттық технологиялар әлемімен байланысты етуге ниеттенеді.

Таптаурындар шекарасынан шығатын қалыптан тыс ойлар, жетістіктер мен жаңалықтарға ұмтылыс, тиімділікті арттыру және жаңа шешімдер іздеу - бұл қасиеттер Әсел Жанасоваға өзін біліктілігі жоғары маман ретінде танытуға мүмкіндік берді.

Оның тәжірибесінің ауқымына бірқатар маңызды және жауапты қызметтер кіреді. Киберқауіпсіздік бөлімінің басшысы ретінде ол Бразилияда, Ресейде, Қытайда, Африка аймағында және Еуропадағы компания жұмыстарын қадағалады. Лондон компаниясында жұмыс істеп жүріп Ә.Жанасова өзінің жеке басқару моделін жасады, соның арқасында барлық аймақтарда киберқауіпсіздік стратегиясын құрды.

2014 жылы Қазақстанға оралып, Ә.Жанасова Ұлттық банкте қаржылық технологияларды дамыту стратегиясын жасай бастады. Келесі жоба бүкіл ел бойынша цифрлық даму стратегиясын әзірлеу болды. «Астана» халықаралық қаржы орталығында Ә.Жанасова сот жүйесін цифрландырумен және шетелдік азаматтар үшін Қазақстанда компания ашу процесін жеңілдететін электронды резидентті енгізумен айналысқан.

Әсел Жанасованың сіңірген еңбегінің ішінде бүкіл Орталық Азия өңірі үшін қаржылық технологияларды дамыту тұжырымдамасын әзірлеу және Қаржылық-техникалық хаб құруды ерекше атап өтеміз. Осындай өнімді еңбектің арқасында 2019 жылы ол қаржы секторын трансформациялауға жаңашылдық енгізіп жатқан әлемдегі 30 ықпалды әйелдің қатарына енді (Women in FinTech Powerlist).  

Қазіргі уақытта Әсел Жұбанышқызы цифрлық сауданы, электронды сауданы дамыту, қазақстандық тауарлар экспортын ынталандырып, техникалық реттеу мәселелерімен айналысады. Тапсырмалар мен мақсаттар көп, бірақ оның жеке ұмтылыстары да бар, бұл ұмтылыстарын күн сайын жүзеге асыруда. Қазақстандағы жасанды интеллект, ауқымды деректер және машиналық оқыту зертханасы қиял емес, жақын болашақтың шындығы деп санайды Ә.Жанасова. Ауқымды деректерге иелік ету – уақыт талабына жауап. Сандық индустриядағы жас және перспективалы мамандар - бұл Қазақстанның жетістігі және әрдайым белсенді, мақсаткер жастарды қолдайтын Елбасының ақталған үміті.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың идеялары мен бастамаларын қолдау мақсатында Елбасы кітапханасы «Ұлы дала тарландары» ақпараттық жобасын жүзеге асыруда. Кітапхана сайтында біз «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының барлық жеңімпаздарының жетістіктерін жариялаймыз. Әр тұлғаның бойында өзін-өзі дамытуға, еңбек пен халқына қызмет етуге деген биік ұмтылыс бар. Жобаның финалистері туралы барлық материалдар https://presidentlibrary.kz/ru сайтындағы жаңалықтар бөлімінде орналасқан.