ҰЛЫ ДАЛА ТАРЛАНДАРЫ. СӘУЛЕТ ҚАЛДАШОВ

«Ұлы дала тарландары» ақпараттық жобасының кезекті шығарылымы маусым айының үшінші жексенбісінде аталып өтілетін Медицина қызметкерлері күніне орайластырылған.

«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының бүгінгі кейіпкері –Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас әскери-медициналық басқармасының аға офицері, медицина қызметінің подполковнигі, медицина ғылымының магистрі Сәулет Қалдашов. Сондай-ақ ол еліміздің тарихында Біріккен Ұлттар Ұйымының миссиясына барған алғашқы әскери-дәрігер.

Сәулет Қалдашов 1978 жылдың 15 тамызында Қызылорда облысы, Қармақшы ауданының Дүр Оңғар ауылында көпбалалы отбасында дүниеге келген. Ол 1984 жылы Қармақшы ауданы Қармақшы ауылындағы № 113 орта мектепте оқиды. Білімге құштар Сәулет 1993 жылы өз ынтасымен химия және биология пәндерін тереңдетіп оқытатын Алматы қаласындағы №1 қазақ-түрік лицейіне қабылданады. 1995 жылы лицейді тәмамдап, С.Ж.Асфендияров атындағы Алматы мемлекеттік медициналық институтының «емдеу ісі» факультетіне оқуға түсіп, 2001 жылы «дәрігер» біліктілігімен үздік бітіреді. 2001-2002 жылы осы университет негізінде «хирург» біліктілігімен интернатураны тәмамдайды.

Медициналық университті аяқтаған С.Қалдашов 2002 жылы Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері қатарына әскерге шақырылады.  Ол әскери қызметін «медицина қызметінің лейтенанты» әскери шенімен Жамбыл облысы, Қордай ауданына қарасты Отар ауылы маңындағы Гвардейский әскери қалашығынан бастайды. Одан кейін мотоатқыштар полкінің медициналық бекет дәрігері, Оқу орталығының медициналық бөлім бастығы, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің (бұдан әрі ҚР ҚК) Санитарлық-эпидемиологиялық орталығында еңбек гигиенасы бөлімшесінің бастығы, Әдістемелік бөлімше бастығы, Қазақстан Республикасы Қорғаныс Министрлігі Құрлық әскерлері Әскери институты медицина қызметінің бастығы, С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медициналық университеті әскери кафедрасының аға оқытушысы қызметтерін абыроймен атқарады.  2017 жылдан бастап Нұр-Сұлтан қаласындағы ҚР ҚК Бас әскери-медициналық басқармасының аға офицері. Жауапты жұмыстарды тиянақты атқаратын Сәулет Қалдашов отбасында адал жар, қамқор әке. Бүгінде жұбайы Аягөзбен 5 баланы тәрбиелеп отыр.

2018 жылы Елбасы және Үкімет  Ливан Республикасындағы «Біріккен Ұлттар Ұйымының Ливандағы Уақытша Күштері» деп аталатын бітімгершілік  миссиясына қазақ бітімгершілік ротасын жіберу туралы шешім қабылдағаны белгілі. Осы шешім бойынша С.Қалдашов 2019 жылдың 12 мамыр мен 26 қараша айлары аралығында Біріккен Ұлттар Ұйымының Ливан Республикасындағы «United Nations Interim Forces in Lebanon (Біріккен Ұлттар Ұйымының Ливандағы Уақытша Күштері)»  бітімгершілік миссиясына қатысты. Ливанда әлемнің 42 мемлекетінен келген бітімгершілік тәжірибелері мол әскери қызметкерлермен қоян-қолтық жұмыс жасаған әскери-дәрігер шетелдегі қызметі туралы ой бөлісті.

«Күнделікті тыл сұрақтарынан басқа, өзімізге, шетелдік әскери қызметкерлерге және жергілікті халыққа медициналық көмек ұйымдастырумен айналыстым. Сонымен қатар, осы аймаққа әртүрлі елдерден келіп жайғастырылған әртүрлі деңгейдегі БҰҰ госпитальдарын араладым. Жұмыс барысында госпитальдардың құрылымдарымен, емдеу-профилактикалық жұмыстарының ұйымдастырылуы және жүргізілу тәртібімен таныстым. Оған қоса, медициналық құрылғылар мен мүліктер, олармен жабдықталуын және медициналық құжаттардың жүргізілу ерекшеліктерін зерттедім. Бір сөзбен айтқанда, Ливан халқымен тығыз достық қарым-қатынас орнатып келдім».

С.Қалдашов миссиядағы атқарған қызметі нәтижесінде шетелдік жауынгерлер мен жергілікті халық арасында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің беделін көтеріп, БҰҰ басшылығы алдында еліміздің абыройын асқақтатты.

Үш-төрт тілде еркін сөйлетін Сәулет Қалдашов  «100 жаңа есім» жобасының жастар үшін маңыздылығына тоқталды.

«Жобаның берері де көп, мағынасы да терең. Қазіргі таңда өз саласында ұяң және көпшілікке танымал емес жастар көп. Олар істеп жатқан жұмысын күнделікті қарапайым тірлігі ретінде қабылдайды. Керісінше, халыққа жария етейін деп мақтанышты іздейтін адамдар да жоқ емес. «100 жаңа есім» жобасына қатысқан азаматтар мақтанышты, жария етуді қажет етпей, күнделікті өз еңбегімен жұмысын атқарып жүрген азаматтар. Олардың еңбегі өздеріне қарапайым сезілгенімен, басқалары үшін үлкен жетістік, өз саласына белгілі бір дәрежеде үлес қосып жатқандық болып есептеледі. Әсіресе, ауылдық жерлерде жұмыссыз жүрген жастарымыз жобада жеңімпаз атанған адамдардың жетістігін көру арқылы өздеріне серпініс береді. Осы ағаларымыз, тәтелеріміз секілді болайын деген үмітпен жұмыс істеп, еңбекке құлшына кіріседі деген сенімдемін. Меніңше, жобаның түпкі нәтижесі болуға тиіс бағыт – осы», -деді ол.

 2008 жылдан бері ол «Бейбітшілік жолындағы серіктестік» Оқу орталығында Біріккен Ұлттар Ұйымы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы, НАТО және Халықаралық Қызыл Крест және Жарты ай Комитеті ұйымдарының нұсқаушыларымен өткізілетін семинарларға тұрақты қатысады.  Сонымен қатар әріптестік бағдарламасы аясында шетелдік, ҚР ІІМ Ұлттық Ұланы және ҚР ҚК әскери қызметшілерімен дәріс беруші және нұсқаушы ретінде сабақтар жүргізеді.

Ұжымдық қауіпсіздік келісімшарт ұйымы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы және НАТО аясында «Әрекеттестік - 2008/2009», «Алдаспан-2008», «Бейбітшілік миссиясы - 2010», «Дала қыраны – 2015/2017» халықаралық оқу-жаттығуларына белсенді қатысқан Сәулет Қалдашов Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің медальдарымен марапатталған.