«Қазақстанның 100 жаңа есімдері» жобасының жеңімпаздары ғылым, спорт, мәдениет және өнер саласында жаңа белестерді бағындыруда. Солардың бірі – еліміздегі жалғыз контртенор опера әнші, Қазақ ұлттық өнер университетінің дирижері Батыржан Смақов. Жақында Батыржан Италияда төрт жаңа альбомын жазды. 

Батыржан Смақов 1986 жылы Қарағанды қаласында дүниеге келген. Жастайынан музыкамен айналыса бастаған. Оның кәсіби мансап жолы 2010 жылдан, Батыржан алдымен Грузияға, кейін Италияға оқуға кеткеннен басталған. Алты жыл ішінде Озимо қаласының Халықаралық опералық ән айту академиясында, одан кейін Пезаро қаласындағы Джоакино Россини консерваториясында хор дирижері сыныбы бойынша оқыған, Италия магистратурасын  қызыл дипломмен бітірген.

2016 жылы Сирия балаларына көмек ретіндегі қайырымдылық концерттері сериясынан соң «ЮНЕСКО Бейбітшілік әртісі» атағын алған. Оқу бітірген соң елге салтанатпен оралып, Астана Операсы театрында екі рет «Возвращение Орфея» жеке концертін берген.

Бүгінде дарынды әртіс әлемнің көптеген елдерінде, оның ішінде Италия, Грузия, Франция, Египет, Иордания, Ресей, Польша, Біріккен Араб Әмірліктерінде концерт береді. Шетелде қазақ музыкасын ілгерілету және дәріптеумен белсенді айналысады. Оның дискографиясында төрт жеке альбомы бар.

Қазіргі уақытта Батыржан ұстазы – Римдік маэстро Анна Вандиден «Belcanto» техникасы бойынша шеберлік сыныптарын алуда. Опералық әнші, меццо-сопрано Анна Ванди әлемдік опера өнерінің майталмандары Пласидо Доминго, Лучано Павароттимен шығармашылық жұмыста болған.

          Батыржан Смақов «Қазақстанның 100 жаңа есімдері» жобасының «Мәдениет» номинациясы бойынша жеңімпазы ретінде дарынды жастармен тәжірибесімен бөлісуде. Ол - Қазақ ұлттық өнер университетінің оқытушысы, Қазақконцерттің жеке орындаушысы, Астана Опера театрының шақырылған жеке орындаушысы, Қазақ ұлттық өнер университеті Аралас хорының көркемдік жетекшісі және дирижері, сондай-ақ Италиядағы «Coro lirico Perla Verde» хорының шақырылған дирижері.