«ҰЛЫ ДАЛА ТАРЛАНДАРЫ» ЖОБАСЫ. НИКИТА АМОСКИН

Никита Амоскин – спорттық акробатикадан екі дүркін әлем чемпионы, 2018 жылы өткен «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының «Спорт» номинациясы бойынша жеңімпазы.

Бүгінде Никитаның түрлі республикалық және халықаралық жарыстардан 70-ке жуық медалі бар.

Сегіз жылдан астам Никита серіктесі Анастасия Долганюкпен  бірге жарысқа шығып жүр. 2015 жылы олар Азия чемпионатында жеке есепте бірінші орынды жеңіп алса, 2016 жылы Қытайда өткен Әлем чемпионатында қола жүлдені және Польшада өткен Әлем кубогында алтын жүлдені иеленді. 2016 жылы Никита адал еңбегінің арқасында халықаралық дәрежедегі спорт шебері мәртебесін алады. Ал, жас спортшының ең басты жетістігі – 2018 жылы сәуір айында бельгиялық Антверпенде өткен аралас жұптар санаты бойынша спорттық акробатикадан жастар арасындағы Әлем чемпионатында алтынға ие болуы.

Никита 1999 жылы Қарағанды облысында дүниеге келген,  қазір Новодолинский ауылында тұрады. Қазіргі уақытта Е. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің «Дене шынықтыру және спорт» факультеті студенті, ол күн сайын Қарағандыға оқуға және жаттығуға келіп тұрады. Ол – ректордың атаулы грантының иегері.

Амоскиндер отбасы – спортшылар әулеті, ата-анасы мен ағасы әуесқой спортпен айналысады. Никита 9 жасқа толғанда атасы, грек-рим күресінен КСРО спорт шебері Петр Григорьевич Ащепков немересін күрес секциясына алып келеді, кейіннен Никита акробатикамен танысады. Біраз уақыт жас спортшы спорттың екі түрімен қатар шұғылданады, алайда бұл  оңай болмағандықтан Никита бір спорт түрін таңдады.

Бүгінде жас спортшы күн сайын университеттегі сабағынан кейін үш-төрт сағаттан жаттығады.

Жас спортшы Олимпиада чемпионы атануды армандайды. Ол үшін спорттық акробатика олимпиадалық спорт түріне енуі керек.

           

Болашақта Никита Амоскин өзін спорттық акробатика бойынша жаттықтырушы ретінде көреді.

Ол «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жалпыхалықтық жобасының екінші кезеңінің жеңімпаздары қатарына енген Қарағанды өңірінің жалғыз өкілі болды. Никита Амоскин үшін 14 мыңнан астам интернет-қолданушылар дауыс берген. Спортшы мұның жастар алдында ерекше жауапкершілік жүктейтініне сенеді: «Жобаға қатыса отырып, жас қазақстандықтарға өмірімнің оқиғасын айтып беруге мүмкіндік алдым. Олардың бойында спортпен шұғылдануға деген құштарлықты немесе мақсатына ұмтылу жігерін оята алдым деп сенемін. Мен адамдардың өз күштеріне сенгенін қалаймын. Әрбір адам өзіне ұнайтын ісімен айналысу арқылы ауқымды нәтижелерге жете алады».

Никита Жастар жылының салтанатты ашылу рәсіміне қатысып, Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен жүздесу бақытына ие болды және онымен қол алысып, сәлемдесті. «Бұл - мен үшін аса маңызды және үлкен құрмет. Елбасымен осы кездесу мәңгі есімде сақталады, өйткені ол менің арманым болатын», - дейді Никита.