ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару Академиясының Қызылорда облысындағы филиалында Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын талқылау бойынша ғылыми-тәжірибелік семинар өтті. Ол «Library-practicum» форматында өтті.

 Семинарға Қызылорда қаласының және Қызылорда облысының мемлекеттік орган, нақты айтқанда, мәдениет, білім және әлеуметтік қорғау басқармаларының басшылары мен өкілдері қатысты. Олар Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласындағы идеяларды қолдана отырып жергілікті қауымдастықтардағы проблемаларды шешуге қажетті қабілеттерге ие болады. Оқу процессі барысында қатысушылар лекторлар мен тренерлер көмегіне жүгінеді.

Семинарды Елбасының кітапханасының әлеуметтік және гуманитарлық-білім беру жобалары қызметінің жетекші ғылыми қызметкері  философия ғылымдарының докторы,  профессор Ғазиз Телебаев құттықтау сөзімен ашты. Өз сөзінде семинардың жаңа форматы жөнінде жан-жақты айтып берді. «Library-practicum» форматы Елбасы кітапханасының ғалымдары ойлап тапқан инновациалық формат. Оның ерекшелігі проблеманы талқылап қоюда ғана емес, нақты, тортақ, тәжірибелік шешу жолдарын табуда. Сол шешу жолдарын бірлесіп жүзеге асыру, деді профессор Ғазиз Тұрысбекұлы.

Семинар-тренингті әлеуметтік-гуманитарлық және білім жобалары Қызметінің жетекшісі, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Күнсұлу Исинова жүргізді. Доцент Күнсұлу Исинова: «Біз осы семинарды өткізер алдында олармен онлайн байланысқа шығып, мәселені талқылап алдық. Содан соң, семинарға келгесін қатысушылар нақты ұсыныстар алып келді. Әлбетте, бұл «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласынан туындайтын кәсіби ұсыныстар».   

 Мемлекеттік басқару Академиясының Қызылорда облысындағы филиалының профессоры, заң ғылымдарының кандидаты  Ақзада Мадалиева: «Бұл іс-шара бізге пайдасы мол болды. Барлық ойларымызды айтып алып, оның жүзеге асыру жолдарын айтып, нақты іске кірістік. Сөзден іске – форматтың басты ерекшелігі».

Қызылорда облыстық цифрлы технологиялар басқармасында бөлім басшысы, Ержан Момбеков: «Басты ұсынысым – «Ұлы даланың жеті қыры мақаласында айтылған мәселелер бойынша роликтер түсірілсе деген ойым бар. Сонда ғана жас ұрпақ сол жерде айтылған құндылықтарды бойына сіңіріп, елжанды азамат болып өседі».

Қызылорда облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының  бөлім басшысы, Гүлжауһар Түймебаева: «Қазақстан -  қызғалдақ елі дейміз ғой. Кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бойынша біздің қызғалдақтарымызды экспортқа қою желісін дамыту жөнінде ұсыныс айтқым келеді».

Семинар Қызылордада басталған Елбасы кітапханасының «Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» жылжымалы көрме жобасын жүзеге асыру аясында өтіп жатыр. Елбасының кітапханасының «Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» жобасы Қызылорда облысында 2019 жылдың маусым айының ортасына дейін жалғасады.