2018 жылдың 5 мамырында Елбасы кітапханасында Ұлы Жеңіс күніне арналған «Ешкім де, ешнәрсе де ұмытылмайды» шарасы өтті. Шараның қатысушылары 1941–1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысының маңызы, халықтың тарихи естеліктерінің қалыптасуы мен қоғамның моральді-өнегелі негіздері, қазіргі жастардың азаматтық-патриоттық тәрбиесі, оқушыларды ғылыми-зерттеу және іздену жұмыстарына тарту, жастардың халықаралық гуманитарлық ынтымақтастығын жандандыру туралы баяндамалар мен хабарламалар жасады.

Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Ботагөз Қайыпова шараны ашқан алғы сөзінде:

– Біз бүгінгі іс-шараны дәстүрлі емес форматта өткізуді ұйғардық. Сіздерге Елбасы кітапханасы қызметкерлерінің ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелері ұсынылады. Зерттеу жұмыстары барысында қазақстандықтардың Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқанын дәлелдейтін өте көп архивтік, далалық сипаттағы құжаттар табылды. Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс мерекесінің маңызы туралы Мемлекет басшысы: «Бұл жеңіс баршамыз үшін – ардагерлерге де, келешек жастарды тәрбилеуде де маңызды. Отанды қалай қорғауды білуі тиіс», – деген болатын. Біздің көздеген басты мақсатымыз тарихи естеліктерді сақтаудағы ұрпақ сабақтастығын көрсету. Біздің естеліктеріміз, мәдени код, ата-бабаларымызға деген ұрпақтарының құрметі мен өзара байланысы болмаса болашақтың болуы мүмкін емес. Сондықтан да бүгінгі шарамызға оқушылар, «Жас Ұлан» тәрбиеленушілері, әскери бөлім өкілдері, ардагерлер мен тыл еңбеккерлері осында қатысып отыр. Мемлекет басшысы өз баяндамаларының бірінде соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлерінің батырлығы мен ерліктеріне ұрпақтарының алғысы шексіз болу керек деген. Ардагерлеріміздің көзсіз ерліктері, Жер бетінде бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау ісіне қосқан үлестері баға жетпес құндылық.

       Шара барысында белгілі қазақстандық зерттеуші ғалымдар, «Мемориалды аймақ» қазақстандық ізденушілер тобының мүшелері Ұлы Отан соғысы тарихын зерттеудің өзекті мәселелері туралы баяндамалар жасады.

ҚР БҒМ ҒК «Мемлекет тарихы» институтының жетекші ғылыми қызметкері Қанат Еңсенов Беларусь пен Ресей ғалымдарымен бірге жүргізген зерттеу жұмыстары туралы баяндады:

– Біздің институттың қызметкерлері соғыс жылдарындағы қазақстандықтардың ерлігін көрсететін құжаттар жинағын әзірледі. Осы кітапта 20 қазақстандық дивизияның ірі соғыстары мен қандай майдандарда соғысқанын көрсететін бағыттары берілген. Ресей мен Беларусь архивтерінен өте көп материалдар табылды. 2016 жылдың соңында Елбасы кітапханасында беларусь ғалымдары қатысқан үлкен конференция өтті.

ҚР Ұлттық музейінің «Киелі Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, «Ұмыт қалған батырлар» кітабының авторы Берік Әбдіғалиев ғылыми-іздеу жұмыстарының нәтижелерімен бөлісті:

– Ерлік көрсетіп, жоғары атақтарға ұсынылып, түрлі себептермен жоғары атақты ала алмаған жерлестеріміз туралы «Ұмыт қалған батырлар: Кеңес Одағының батырлары» жобасы бойынша оныншы жыл зерттеулер жүргізіліп келеді. Екі-үш жыл бұрын 15 адам болса, бүгінгі күні тізімде 100-ден аса есім тіркелген. «Нұр Отан» партиясының қолдауымен олардың туыстарын барлық өңірлерден іздейтін боламыз. Бұл акция ертең басталады. Біздің басты міндетіміз – олардың есімдері мен жасаған ерліктерін келер ұрпақ үшін мәңгі есте сақтау. Тарихи әділдікті қалпына келтіруіміз қажет. Олардың әрқайсысы туралы очерк жазып, жеке басылым дайындайтын боламыз. Өте ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Туыстары мен жақындары әрдайым табыла бермейді. Мысалы, үздік «нағыз танк жүргізушісі» деп танылған Жұмаш Ахметовтің туыстарын табу мүмкін емес, өйткені ол балалар үйінде тәрбиеленген. Ол Ржев түбінде қаза тапқан.

Қасым Қайсеновтің ерлігіне арналған «Қасым» көркем фильмінің басты рөлін сомдаған Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген қайраткер Қуандық Қыстықбаевтың әңгімесі ерекше қызығушылық тудырды.

«Майдан Жолы» қазақстандық іздестірушілер тобының мүшесі, PhD доктор Аслан Әзірбаев Майдан Құсайынов басқаратын «Мемориалды аймақ» іздеушілер тобының құрылу тарихы мен қызметі туралы айтып берді:

– 1988 жылдан бері Майдан Көмекұлының іздеушілер тобы Ұлы Отан соғысы жылдары Ленинград түбінде (қазіргі Санкт-Петербург) қаза тапқан кеңес жауынгерлерінің сүйегін тауып, анықтау және оларды жерлеу бойынша ауыр да, игілікті істері жалғасын тапты. Осы жылдар ішінде іздеушілер тобы мен командирінің көмегімен ондаған бауырластар зираттарының орындары, 5-ші атқыштар дивизиясының қорымдары анықталып, табылған көптеген кеңес жауынгерлері мен командирлерінің денесі қайта жерленді. Ескерткіш тақталар мен белгілер тұрғызылды, Синявинск шыңына «Надежда» («Үміт») мемориалды аймағы жасалып, ресейдің іздеушілер тобымен тығыз байланыс орнатылды.

– Бүгінгі таңдағы әлемдік қоғамдастықтың міндеті – осындай гитлерлік идеологияға ұқсас құбылыстарға жол бермеу және алдын алу, фашизмді насихаттайтын кез келген әрекеттің жолын кесу. Екінші дүниежүзілік соғыстың қасіретке толы қайғылы беттеріне қайта оралмас үшін өскелең ұрпақпен тұрақты жұмыс жасау, жастардың бойына адамгершілік қасиеттерді дарыту қажеттігі талап етіледі. Қазақстанда Отанды қорғаған батырдың образы еліміздің жас азаматтарының тұлғасын қалыптастыруда қашанда маңызды болып қала бермек, – деді Аслан Әзірбаев.

Елорадалық жоғары оқу орындарының студенттерімен және мектеп оқушыларының күшімен ұйымдастырылған концерттік бағдарламада соғыс жылдарындағы әндер шырқалды.

Шараға Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ оқытушылары мен студенттері, ҚР Ұлттық гвардиясының сарбаздары мен ҚР Қарулы Күштері аэромобильді әскерінің № 68665 әскери бөлімі, генерал С. Нұрмағамбетов атындағы «Жас Ұлан» республикалық мектебінің тәрбиеленушілері, елорда мектептерінің мұғалімдері мен оқушылары қатысты.