6 қарашада Елбасы кітапханасында «Media Meiman» жобасының тұсауы кесілді. Жоба аясында жоғары оқу орындарындағы журналистика факультетінің студенттері медиа әлемнің майталмандары және БАҚ басшыларымен бетпе-бет пікірлесіп, көкейдегі сауалын қойып, шеберлік дәрісіне қатыса алады. Аталмыш жобаның басты  мақсаты – кәсіби журналистер мен осы салаға талаптанып жүрген білімгерлер арасында шығармашылық байланыс орнату.

Жобаның алғашқы қонағы – «Казахстанская правда» газеті басқарма төрағасының орынбасары, ҚР Президентінің БАҚ саласындағы сыйлығының лауреаты Владимир Курятов. Майталман маманның шеберлік дәрісіне Еуразия Ұлттық университеті журналистика және саясаттану факультетінің студенттері қатысты.

Іс-шара барысында модератор Қанат Әуесбай қатысушыларды Владимир Курятовтың кәсіби шыңдалу жолымен таныстырды. Қызмет жолын қалалық газеттің қатардағы тілшісінен бастаған В.Курятов 2007 жылдан бері «Казахстанская правда» газетінің саяси шолушысы, саясат бөлімінің редакторы, Президент пулының тілшісі қызметтерін табысты атқарған. Тілшілік тіршіліктің барлық баспалдақтарында бапталған ол былтыр басқарма төрағасының орынбасарлығына тағайындалды.

Владимир Геннадьевич жастарға жаңа ақпараттық трэнтерді әңгімелеп, газет шығарудың қыр-сырына тоқталып, мерзімді басылымның дизайнын жасау мен терілім ерекшеліктерімен таныстырды. Курятов кездесу барысында бүгінде ел арасын кеулеген «Интернет дами бастағалы газеттің күні өтіп барады» деген пікірге де көзқарасын білдірді: «Сенімді ақпарат қажетсінген жан бәрібір газетке жүгінеді. Өйткені, интернет ақпараттық «қоқыстан» көз ашпай келеді.  Ендеше газеттің күні қараң деген сөз негізсіз. Алайда мен бір емес, бірнеше басылымды оқып, бұл мәселе туралы пікір қорытуға кеңес беремін».

«Сұрақ-жауап» форматында өткен шеберлік дәрісте модератор тыңдаушыларға өздерін баспасөз мәслихатында отырғандай рөлге енуге ұсыныс тастады. Яғни, шарт бойынша студенттер келешекте өзі жұмыс істеуді қалайтын ақпарат құралын таныстыруға тиіс. Жас журналистер ұсынысты құлшына қабылдап, спикерді сұрақ астына алды. Өзекті сауалдың бірі – «Шынайы ақпарат пен жалған ақпаратты қалай ажыратамыз?».

– Бұл әлбетте заманауи журналистика бас қатырған түйткілінің бірі. Әркім өз сөзіне жауап берсін. «Казахстанская правда» өзінде жазылған әр сөзіне жауап бере алады. Мәселен, өз басым журналистік зерттеулермен айналысқанда бір зерттеудің өзіне екі айға дейінгі уақытымды сарп ететінмін. Расында да зерттеуге өте көп уақыт кетеді. Бұл лезде бере салатын жаңалық емес. Мәселені майшаммен қарағандай төзім керек. Демек, біз бір мәселені қаузаған мақала бассақ, бұл біздің жеті рет өлшеп, бір кескен нақты ұстанымымыз деген сөз. Редакциямызға әлдебір дереккөзінен материал түсті делік. Оны келген бойда заңгерімізге көрсетіп алмай, істі бастамаймыз. Бұл бұлжымайтын ережемізге айналған. Соның арқасында көптеген наразылықтан басымызды арашалап аламыз. Блог жазушылардан айырмамыз да осы. Оларда жауапкершілік те аздау. Әлбетте «Казправдамен» соттасқан кездер де болып тұрады. Алайда соның біреуінде де жеңіліп көрмеппіз», - деп жауап қайырды мейман.

Кездесу аясында В.Курятов дәріс қатысушыларына журналистердің стилистикалық селкеуліктерін оқып берді. «Жаңалықты бұлай жазуға болмайды» деп ескерткен қонақтың бұл тәліміне жиналғандар ыждаһаттана құлақ асты.

Іс-шара соңында тыңдаушыларға сертификаттар мен естелік кітаптар тарту етілді.