ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ КӨКЖИЕГІ КЕҢЕЙДІ. ҚХР ӨКІЛДЕРІ ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫНДА

Елбасы кітапханасының музейіне Қытай Коммунистік партиясы Орталық комитеті саяси бюросының мүшесі,  ҚХР Мемлекеттік бақылау комиссиясының төрағасы Ян Сяоду бастаған делегация келді. Қонақтар Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы резиденциясын тамашалап, онда орналасқан экспозиция залдары мен жәдігерлерімен танысты.

    

Олардың қарсы алған Елбасы кітапханасының директоры, саяси ғылымдардың докторы, профессор Әмірхан Рахымжанов аталмыш мекеменің тарихын, мақсат-міндеттерін айтып өтті.

Кездесуден естелік ретінде ол Ян Сяодуға музей мен Назарбаев орталығы туралы кітаптарды тарту етті. Мәртебелі мейман Қытай Коммунистік партиясының ықыласын Тілектер кітабының бетіне түсірді.

– Мемлекет негізін қалаған Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлына Қазақстан мен Қытайдың қарым-қатынасын дамытуға қосқан үлесі үшін құрметіміз бен ризашылығымызды білдіреміз, - деп жазды ол.

Ян Сяоду 2018 жылы құрылған сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бақылау органы – ҚХР Мемлекеттік бақылау комиссиясының бірінші төрағасы. Қазақстанға сапары кезінде ол ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен Өзара түсіністік пен ынтымақтастық меморандумына қол қойды.