ЮИЧИРО МИКАМИ: «МЕН ҚАЗАҚСТАНДЫ ЖАПОНИЯҒА АШҚЫМ КЕЛЕДІ»

7 қарашада Елбасы кітапханасына  Жапониядан келген қонақ Юичиро Миками ат басын бұрды. Оны Қазақстанмен Алматыдағы оқыған жылдары мен отандастырымызбен бірлескен медициналық туризм саласындағы бизнес байланыстырады.  

 

Юичиро мырза Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасымен бұрыннан таныс. Ол биыл қыркүйек айында Токиода өткен «Қазақстан-Жапония: ядролық қарусыз әлемге жол» атты ғылыми-экспозициялық жобасы аясындағы Елбасы кітапханасының қор көрмесіне алғашқы келушілердің бірі болды.

– Елбасы кітапханасының сыртқы келбеті көздің жауын алады, ал ішіне кіргенде одан бетер таңданасың. Бұл үлкен лайнерге ұқсайды және мұнда күн энергиясын сезіне аласың. Мен бүгін  Назарбаев орталығының ішін араладым, мұнда өте қызықты музей мен кітапхана бар екен. Маған осындай мүмкіндік берілгеніне өте қуаныштымын. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өз елінің дамуы мен экономикасы үшін көп жұмыс істеді деп санаймын. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі 30 жылға жуық кезеңде елдеріңіз бейбітшілік, келісім және тұрақтылықта ғұмыр кешуде. Бұл көшбасшыларыңыздың сіңірген еңбегі, - деді сапар барысында Миками Юичиро.

Шетелдік кәсіпкер өз отандастарына Қазақстан экономикасын ашуды міндетім деп санайды.

– Біз, қазақстандықтар мен жапондықтар бір-бірімізді өте жақсы білмейміз. Менің Қазақстанға келіп жүргеніме үш жылдан астам уақыт болды, Қазақ еліне Қытайдан, Кореядан келіп, бизнестерін жүргізіп, табыс тауып отырған  адамдарды көп көремін. Дегенмен, Жапониядан келген кәсіпкерлердің қарасы аз. Мен Қазақстанды Жапонияға ашқым келеді. Соңғы жылдары Жапония Америкаға, Еуропаға, Оңтүстік шығыс Азияға көбірек назар аударды. Бірақ меніңше, Қазақстанның дамуға үлкен мүмкіндігі бар. Біз бір-бірімізге қызықты бола аламыз деп ойлаймын.