Қазақ елінің төріне айналған Астанаға еліміздің әр өңірінен келетін жастар Елбасы кітапханасына ат басын бұрмай кетпейді. Аталмыш мекемеде «Рухани жаңғыру: болашаққа бастар жол» семинар-тренингі ұйымдастырылады. Дәстүрге айналған шараның бүгінгі қатысушылары – Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының қызметкерлерді кәсіби қайта даярлау курсының тыңдаушылары мен М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетiнің студенттері.

ҚР Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясы Президенттік резервте тұрған қызметкерлерді кәсіби қайта даярлаудың курстарынан өткізіп тұрады. Курс барысында Прокуратура, ішкі істер органдары, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ұлттық бюро және экономикалық тергеу қызметінің басшылары Елбасы кітапханасында өткен екі күндік семинар-тренингке қатысып, біліктіліктерін арттырды.

Сонымен қатар тарихы терең Тараз қаласынан арнайы келген студенттер де семинар-тренингте білім көкжиектерін кеңейтіп, өз шеберліктерін шыңдады. Мекеменің ғылыми қызметкерлерінің дәрістерімен сусындаған курсқа қатысушылар Елбасы кітапханасының Музейі мен Қазақстан Республикасының Ұлттық музейіне экскурсия жасады.

Шымкент қаласы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті экономикалық тергеу қызметінің тергеушісі Шалқар Аймырзаев Астана сапарында олжалы болғандығын  айтып, алған әсерімен бөлісті:

–Елордағы келіп  «бір оқпен екі қоян аттым». Олай дейтінім, өз салам бойынша оқу курсына келіп, оға қоса Елбасы кітапханасында өткен екі күндік семинарға да қатыстым. «Тілегенім алдымнан іздемей-ақ табылды». Бұның бәрі мен үшін мол тәжірибе. Ес білгелі кітапкеміргіш әкем үй кітапханасын жасады. Бірақ ешқайсымызды кітап оқуға мәжбүрлеген жоқ.  Жеке кітапханамыз құнды қазынаға толы болғандықтан өзіміз қызыға оқыдық. Өсе келе әкемнің осы жақсы қасиеті маған да жұқты. Жүрген жерімде кітап көрсем алмай кетпеймін. Елбасы кітапханасының кітап қорын көріп көзім тойды. Екі күн ішінде қал-қадірімше қарап шықтым. Әкемді алып асықпай келермін деп ойладым. Елге қызмет етіп жүрген азамат ретінде семинар-тренингтен  біраз мағлұмат алдым. Курс аясында ғылыми қызметкерлер жас мамандарға қойылған талаптар мен міндеттерді көрсетіп, мақсаттарды айқындап, бағдарлама бойынша бағдарларды түсіндіріп өтті.

Курс аясында  тыңдаушылар алдында танымал мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, жетекші ұлттық сарапшылардың дәріс оқуы – дәстүрге айналған. Бүгінгі қонақ – ҚР Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясы стипендиаттары қауымдастығы кеңесінің мүшесі, «BTS Digital» компаниясы білім орталығының кеңесшісі Ермек Мақаш. Кездесу барысында Астана қаласында «Bolashak books» қоғамдық кітап шкафтары желісін құруға арналған әлеуметтік жоба авторларының бірі Ермек Нұрсұлтанұлы өз тәжірибесімен бөлісіп, сұрақ-жауап кезеңінде үздік шыққан үш қатысушыға естелікке кітаптар сыйлады.

Семинар-тренингтің марапаттау рәсімінде Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Ботагөз Қайыпова қатысушыларға арнайы сертификаттарды табыс етті.