Қазақстан Республикасының Тұңыш Президенті – Елбасы кітапханасы қала тұрғындары мен қонақтарын, олардың ішінде еліміздің түрлі өңірлері мен шет мемлекеттерден келген меймандарды белсенді түрде қарсы алуда.

Ағымдағы жылдың 7 тамызында Елбасы кітапханасымен танысуға Тараз қ. Ерекше дарынды балаларға арналған «Дарын» мектеп-интернатының оқушылары мен мұғалімдері келді. 50-ден астам тыңдаушы Елбасының жоғары марапаттары ұсынылған 3D голограмманы, Мемлекет басшысының өмірі мен қызметінен сыр шертетін электронды анимациялық альбомды тамашалады. Олар «Президенттік», «Қазақстан Президентінің сыйлықтары» тұрақты экспозицияларына асқан қызығушылық танытты. Еліміздің тарихымен, Мемлекет басшысының бастамалары мен идеяларымен таныстыратын архив құжаттары мен кітаптар көрмесі, Елбасының жеке кітапханасы да оларды бей-жай қалдырмады.

– Астанада бұрын болғаныма қарамастан, қаланың көптеген көрікті жерлерімен жаңадан танысып жатырмын. Солардың бірі – Елбасы кітапханасы. Мекеменің табалдырығын аттамастан бұрын ғимараттың іші халыққа үйреншікті кітапханалардың үлгісіндей болады деп ойлаған едік. Сыртқы сәулеті мен ішкі сұлулығы көз еліктіретін зәулім сарайды көргенімізде қатты таң қалдық. Елбасының түрлі жылдарда жинаған жеке кітап коллекциясы мен ірі кітап топтамаларынан бөлек бұл жерде ел тарихы мен тәуелсіздік жолынан сыр шертетін құнды құжаттар бар екен. Соның арқасында мектеп оқулықтарынан оқитын деректерді бүгін өз көзімізбен көріп, ойымызға әбден қондырдық. Экскурсия кезінде Президентімізге тарту еткен өзге мемлекет басшыларының сыйлықтарын тамашалап, ол кісінің әлемдік құрметке лайық екенін ұғындық. Еліміз бен Елбасымыз үшін мақтанышымыз да ұлғая түсті. Нұрсұлтан Әбішұлының еңбекқорлығы мен халыққа адалдығын үлгі еткен мен үшін ұлтқа қызмет ету – кез келген ел азаматының борышы. Сол себепті келешекте тіс дәрігері болу арқылы шалғайдағы өңір тұрғындарына қол ұшын тигізбек мақсатым бар, - дейді «Дарын» мектеп-интернаты 8 физика сыныбының оқушысы Бекзат Әлімқұлова.

– Жазғы демалыста бас қаламызбен танысу мүмкіндігі беріліп, көптен күткен арманым орындалып отыр. Астананы әлі толықтай аралап үлгермесек те, әзірге көрген қала көшелері мен саябақтары, бір-біріне ұқсамайтын ғимараттары қуаныш пен мақтаныш сезімін сыйлайды. Осы тұста елорданың дамуына қарап еліміздің басқа қалалары бой түзейтіні анық. Мұның бәрі сөзсіз, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың еңбегі. Бүгінде міне, Елбасының кітапханасына келіп, мемлекеттің қалыптасу кезеңдерін тереңірек зерделей алдық. Бой көтерудегі еліміздің алғашқы қадамдарын, қабылдаған тарихи шешімдерін анықтап, білімімізді толықтырдық. Мұндай құнды ақпараттың халық үшін, өскелең ұрпақ үшін маңызы зор. Өз басым бұрын-соңды естімеген деректермен танысып, біраз дүние түртіп шықтым. Сондықтан, мұндай мәдени орталықтың негізін қалаған Президентіміздің өзіне, Елбасы кітапханасының ұжымына үлкен алғыс айтқым келеді. Ұмытылмас әсер сыйлаған экскурсияға келесі ретте отбасымды ертіп келмекшімін, - деді «Дарын» мектеп-интернаты 8 математика сыныбының оқушысы Зарина Сайлаубек.

Оқушылар IDos робот-гидімен интеллектуалды викторинаға қатысып, «Н.Назарбаев – жаһандық антиядролық қозғалыстың көшбасшысы» мультимедиялық экспозициясын бағалады. «Қазақстандағы Олимпиада қозғалысы» тұрақты экспозициясы жастардың зор қызығушылығына ие болды.

Бүгінде кітапхана, архив, музейдің, сондай-ақ талдау, мәдени-білім беру және ғылыми-зерттеу орталығының қызметін атқаратын кешеннің мұрасымен танысуға келген адамдар саны белсенді артып келеді. Жыл басынан санағанда Елбасы кітапханасына 64 092 адам (3906 студент, 9481 оқушы) келген. Олардың игі лебіздері мен пікірлері «Тілектер кітабында» сақтаулы.