ЖАҢА МАУСЫМДА ЖАЛЫНДЫ ЖАСТАР ЖИНАЛДЫ

Елбасы кітапханасындағы «Болашаққа жол өзіңнен басталады» оқу курсының жаңа толқыны – студенттер білім көкжиегін кеңейтті.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенттері биылғы жылдың жаңартылған  екі күндік оқу курсын ойдағыдай аяқтады.

  

Семинар-тренинг барысында Елбасы кітапханасының қызметкерлері қатысушыларға Қазақстанның қалыптасуы мен дамуы, «Индустрия 4.0» – төртінші өнеркәсіптік революция» бағдарламасы, Елбасының «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» мақалаларындағы өзекті мәселелер туралы толыққанды ақпарат берді.

– XXI ғасырдың жастары, яғни, сіздер – жаңашылдыққа құштар, көкірек көздері ояу, өз дағдылары қалыптасқан жансыздар. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Жастар – біздің болашағымыз. Оларды жаңа заманда өмір сүруге үйрету – біздің міндетіміз»,-деген сөзі бар. Біздің кітапхананың ұжымы осы бағытта қызмет етіп келеді. Екі күндік оқу семинары барысында мекеменің ғылыми қызметкерлері Елбасының бастамалары мен жобалары және мемлекеттік бағдарламалары туралы толыққанды ақпарат беруге күш салуда. Осы жерден алған маңызды мағлұматтарды бойларыңызға сіңіріп, оны өмір жолдарыңызда қолдана білу – сіздердің еншілеріңізде, -деді сертификаттарды табыстау рәсімінде Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Ботагөз Қайыпова.

Оқу бағдарламасы аясында  студенттер Елбасы кітапханасының музейі мен  ҚР Ұлттық музейіне саяхат жасап, ондағы құнды жәдігерлерді тамашалады. Сондай-ақ осы жолы Алатау баурайынан келген студенттер елорданың еңселі оқу орны – Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне атбасын бұрып, білім ордасының тыныс-тіршілігімен танысты.

Сондай-ақ қатысушылар семинар барысында Құқық қорғау органдары Академиясының ректоры Е.С. Мерзадиновпен кездесті. Ол жастарға Академияның қызметі мен оқуға түсу шарттары туралы айтып, қойылған сұрақтарға жауап берді.

 «Елбасы кітапханасында өткізілген «Болашаққа жол өзіңнен басталады» оқу семинарынан өмірімізге мол азық алдық деп ойлаймын. Өйткені бұл оқу курсы басқа семинар-тренингтерден өзгеше форматта өтті. Түрлі тақырыптарда дәрістер тыңдап, тәжірибелік сағаттарда өз ойымызды ортаға салып, пікір алмастық. Жастар үшін осындай оқу курстарын ұйымдастырған Елбасы кітапханасының басшылығы мен қызметкерлеріне ерекше алғыс білдіремін, -деді Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 2 курс студенті Төлеш Нарбатыров.

Еліміздің оңтүстік астанасынан келген студенттер семинар аясында елордадағы құрдастарымен достасып, арман-мақсат жолындағы мүдделес жандарға айналды.

«Еліміздің елордасына алғаш рет келіп тұрмын. Арқа төсіне арнайы оқу семинары бойынша келгеніме өте қуаныштымын. Екі күндік семинар барысында бұрын қысқаша білетін мәліметтерімізді кітапханадағы ғылыми жетекшілер тереңінен түсіндірді. Әр ақпаратты алған сайын білім көкжиегіміз кеңейіп, рухани байып қалдық. Сондай-ақ екі күн ішінде өз құрдастарымызбен етене араласып, пікір алмасып, бұрыннан білетін адамдардай дос болып шыға келдік. Осындайда ойға Абай атамыздың «адам адамнан ар, мінез, өнер, білім арқылы озады» дегені сөзі оралады. Өмір жолымда білімді жандарды кездестіргеніме қуанамын,-деп ой бөлісті әл-Фараби атындағы ҚазҰУ физика-техникалық факультетінің 4 курс студенті Лаура Смаилова.   

Марапаттау рәсімінде барлық қатысушылар сертификаттармен қатар естелік сыйлықтарға ие болып, естелікке суретке түсті.

ФОТОБАЯН