Ағымдағы жылдың 23 мамырында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасында «Табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану саласының инновациялық технологиялары» халықаралық симпозиумы өтті. Іс-шара Қазақстан Республикасындағы Жапония елшілігінің қолдауымен, Елбасы кітапханасы мен Хонда Қоры (Honda Foundation) бірлескен жұмысының арқасында жүзеге асырылды.

Халықаралық симпозиумға Жапониядан келген 18 ғалым мен еліміздегі саяси, ғылыми және іскерлік салалардың беделді өкілдері қатысып, сөз сөйледі.

Іс-шараны ашқан Елбасы кітапханасы директорының орынбасары, саяси ғылымдардың докторы, профессор Әмірхан Рахымжанов қатысушылар мен қонақтарға қазақ, ағылшын, жапон тілдерінде ықыласын білдірді:

– «Жасыл экономика» идеясы посткеңестік кеңістікте бірінші болып дәл Қазақстанда іске асырыла бастады. Он жылдан астам уақыт бұрын, 2007 жылғы 25 қыркүйекте Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 62-ші сессиясында жаһандық энергоэкологиялық стратегия құруды алға тартып, бұл мәселені 2012 жылы өтетін тұрақты даму жөніндегі «Рио+20» Дүниежүзілік БҰҰ саммитінде ортаға салуды ұсынды. 2011 жылы, БҰҰ сессиясында Нұрсұлтан Назарбаев аймақтағы «жасыл» экономиканың өсімін күшейтуге арналған «Жасыл көпір» әріптестік бағдарламасын ұсынды. Бұл бағдарлама 2012 жылы, тұрақты даму жөніндегі «Рио+20» Дүниежүзілік БҰҰ саммитінде мақұлданып, барлық тараптар үшін «жасыл» экономикаға көшудің аймақаралық тетігі ретінде қабылданды.

Осы орайда ҚР Сыртқы істер министрлігінің жауапты хатшысы Анарбек Қарашев тақырыптың өзектілігін атап өтті:

– Бүгінде әлем адамзатқа бірегей мүмкіндіктер беретін төртінші өнеркәсіптік революция заманына қадам басты. Мұнай молшылығы салтанат құрған ғасыр аяқталуға шақ қалды. Енді мемлекет жаңа даму сапасына мұқтаж. Бұл зәрушілік сын-тегеуріндер мен мүмкіндіктерге толы екені рас. Сол себепті сандық технологиялар дәуірінде елдің ресурстық әлеуетіне деген көзқарасты өзгерту керек. «Жасыл экономикаға» көшу дегеніміз – ең алдымен, энергия және экология тұрғысынан тиімді шешімдерді енгізу. Демек, инновациялық даму институттарының жұмысына айрықша көңіл бөлінуі тиіс, - деді ол.

Қазақстан Республикасындағы Жапонияның Төтенше және Өкілетті елшісі Итиро Кавабата Қазақстан дипломатиялық қарым-қатынастарының тарихына тоқталды:

– Биылғы жыл – елорданың жиырма жылдығын атап өту жылы. Астананың құрылысы әйгілі жапон архитекторы Кисё Куракаваның жобасы негізінде дамығаны хақ. Оның тұжырымдамасына сәйкес, қала кластерлік үлгіде дамуы тиіс. Жаңа елорда дәстүр мен заманауилықты, жоғарғы технологиялар мен табиғи энергияны үйлестіруі керек болатын. Ол өткен мен келешектің қазіргі уақытпен байланысын бейнелейтін нышанға айналуы тиіс еді. Осы тұста Жапония үкіметі Астанадағы халықаралық әуежайдың, канализация және сумен жабдықтау жүйелерінің қайта құрылуына экономикалық қолдау көрсетті. Сол себепті, бүгінгі симпозиум Астана мен Жапонияның тығыз қарым-қатынасын дәйектей түсті деуге толық негіз бар, - деп ол ойын түйіндеді.

– Соичиро Хонда автокөліктердің жаппай қолданылуы ауаның ластануына түрткі болатынын қатты уайымдады. Інісімен бірге ол өз қаражатына Хонда қорын ашты.  Негізі 1977 жылы қаланған қор экотехнологияларды ілгерілету және дамыту мақсатында құрылған болатын. Бүгінде ол халықаралық симпозиумдар мен семинарларды ұйымдастырып, экотехнологиялар саласына тың идеялар сыйлаған жас ғалымдарды марапаттаумен айналысады, - деп бөлісті Хонда қорының (HOF) президенті Хирото Ишида.

Іс-шараға сондай-ақ «Назарбаев Университеті» дербес білім беру ұйымының президенті Шигео Катсу, Жапония Ғылым және технологиялар агенттігінің бұрынғы президенті, доктор Мичихару Накамура, ҚР Энергетика министрлігінің бұрынғы министрі Болат Ақшолақов, Хонда Қоры (HOF) халықаралық комитетінің төрағасы Акира Кожима қатысты.

Секциялық отырыстардың тақырыптары инновациялық технологиялар мен табиғи ресурстарды тиімді пайдаланудың құқықтық тұстары, экотехнология тәжірибесінде табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану саласының тиімді үлгілері (Жапония және Қазақстанның озық тәжірибелері), тұрақты қоғамға арналған келешек технологияларына арналды.

Секциялық отырыстар барысында сарапшылардың талқылауына Жапонияның экологиялық, экономикалық және инновациялық саясаты салаларындағы басқару тәсілдері таныстырылып, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану, оларды қорғау және қайта қалпына келтірудегі жаңа қауіптерге деген көзқарастары ұсынылды.

Жапония Ғылым және технологиялар агенттігінің бұрынғы президенті, доктор Мичихару Накамураның баяндамасында Жапониядағы «таза энергияны» қолданудың нақты тәжірибелері талданды. Автор Жапония мен Қазақстан арасындағы екіжақты ынтымақтастықты нығайту мәселелерін қозғады.

GRIPS ұлттық университетінің Саяси ғылымдар жоғары мектебінің профессоры, доктор Акихико Тамура әлеуметтік мәселелерді шешудегі экожүйенің нормативтік рөліне талдау жасады:

– Нарық адамдардың талғамдарынан ғана құрала бермейді. Көбінде ол экожүйе ережелеріне сүйеніп құрылады. Бұл ережелер белгілі бір мемлекеттік, яғни экономикалық әрі қоғамдық саяси мақсаттарға қызмет ету үшін қажет. Сол себепті инновациялық технологиялардың көмегімен өнеркәсіпті құрамдастыруға қадам жасағымыз келсе, мемлекеттік саясат мәселелерін шешуде экожүйе нормативін құруымыз қажет.

«Назарбаев Университеті» дербес білім беру ұйымы Инженерия мектебінің профессоры, химия ғылымдарының PhD докторы, техника ғылымдарының докторы Жұмабай Бакенов өз баяндамасында жаңа заман аккумуляторларының бөлшектерін алу үшін мұнай өндірісінің жанама өнімі – күкіртті пайдаға асыру мүмкіндіктерін қарастырды.

Халықаралық энергетика агенттігінің бұрынғы бас хатшысы Нобуо Танака өз сөзінде энергетикалық қауіпсіздік пен тұрақты даму стратегияларының мәселелеріне тоқталды.

«Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру технологиялары» ғылыми-зерттеу институтының директоры, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ «Жылу энергетика» кафедрасының профессоры, техника ғылымдарының докторы Алтай Әлімғазин баяндамасында Қазақстандағы нысандарды энергиямен қамтамасыз ету үшін дәстүрлі емес және қайта өңделген энергия көздерін пайдалану мәселелерін сөз етті:

– Қайта өңделген энергия көздерін дамыту және қоршаған ортаға әсер етуді төмендету стратегиясы Қазақстанның «жасыл» экономикаға жедел өтуіне ықпал етеді. Қазақстан өңірлерінде «жасыл» экономика ұстанымдарын сапалы іске асырудың ұзақмерзімді тәсілдері қоршаған ортаны қорғаудың технологиялық және экономикалық дамуына кедергі болмай, керісінше, оның басты нышанына айналуы тиіс дегенді білдіреді. 2010 жылы Қазақстан парниктік газдың шығарылуын 1990 жылдың көрсеткіштерімен салыстырғанда, 2020 жылға қарай 15 %-ға және 2050 жылға қарай 25 %-ға қысқарту бойынша ерікті міндеттемелерді қабылдағанын жариялады.

ҚР Президенті жанындағы «Жасыл экономика» жөніндегі кеңестің мүшесі, «Жасыл Академия» ғылыми-білім беру орталығының директоры, экономика ғылымдарының докторы, профессор Бақыт Есекина өз баяндамасында былай деді:

– Қазіргі уақытта Қазақстанның экономикасы құрылымдық өзгерістерді енгізу және Үшінші жаңғыруды жүзеге асыру кезеңінде тұр. Бұл жаңғыру шикізат бағдарын түбегейлі өзгертуді, жаңа қосымша құнды құрайтын салаларды дамытудағы экономикалық сәйкессіздіктерді жоюды көздейді. Ал тау қазу кешені салаларының ұзақ және қарқынды дамуы жалпы ұлттық өнімнің жоғары энергия және көміртекті сыйымдылығын көрсетп отыр.

Халықаралық симпозиум ғалымдардың кәсіби пікір алмасуына негізделген жаңа форматта өтті. Оның шеңберінде инновациялық технологияларды қолдану және іске асыру саласындағы нақты тәжірибелік баяндамалар ұсынылды.