ЖАПОНИЯ ТҰРҒЫНДАРЫ ЕЛБАСЫ ИДЕЯСЫН ҚОЛДАЙДЫ

Бүгін күншығыс елінің қонақтары Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасына келді. Экспозициялармен танысқан Сока Гаккай Интернэшнл зайырлы будда ұйымының өкілдері «ұйымның мақсаты мен міндеттерінің Нұрсұлтан Назарбаевтың ядролық қарусыз әлем қалыптастыру жолындағы идеяларымен үндесетіндігін» - атап өтті.

«Сока Гаккай Интернэшнл (SGI)» ұйымының вице-президенті Хироцугу Терасакидің айтуынша, оларды ең алдымен «Назарбаев орталығы» ғимаратының кең әрі шексіз кеңістігі таңдандырған. Ол ғимаратты бүкіл әлемге ашық және барлық елдер мен діндерді бейбітшілік пен ынтымаққа шақыратын Қазақстан ұстанымымен салыстырды.

– Президент Н.Ә.Назарбаевтың жан-жақты қызметінен ерекше әсер алдым, көрмедегі құжаттар мен фотосуреттерден маңызды ақпарат алуға болады, оның қолжазбалары - бітімгершілік миссиясы жолындағы жетістіктердің күш-жігер мен қажырлы еңбекті талап еткендігін көрсетеді, - деп атап өтті жапон делегациясының басшысы.

Сока Гаккай жапон қоғамы 1981 жылы үкіметтік емес ұйым ретінде тіркелген. Қоғам - бүгінде 100-ден астам елде 12 миллион адамды біріктірген халықаралық зайырлы қозғалыс. «Сока Гаккай Интернэшнл» ұйымының басты мақсаты – жер бетінде бейбіт әрі бақытты өмір сүруді қалыптастыру. Осы мақсатқа жету жолында зайырлы буддистер бейбітшілік пен қарусыздандыру, адам құқықтары мен тұрақты даму мәселелері бойынша білім беру қызметімен белсенді айналысады, гуманитарлық көмек көрсету, конфессияаралық диалог пен ынтымақтастықты қолдау мәселелерін күнтәртібіне қояды.

– Біз үкіметтік емес ұйым және азаматтық қоғам өкілі ретінде  бейбітшілік жолында БҰҰ-мен тығыз қарым-қатынастамыз. Ядролық қарусыз әлем қалыптастыру бойынша қозғалыс - біздің қызметіміздің негізі болып табылатындықтан Нұрсұлтан Назарбаевтың  ядролық қарусыздандыру тақырыбына арналған көрмесі маған өте қатты әсер етті. Жапония мен Қазақстан - ядролық жарылыстан зардап шеккен елдер. Сондықтан, ядролық қарусыздандыру жолында бірлесе қызмет жасау қажеттігін, – Хироцугу Терасаки атап өтті.

Кездесу соңында Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Күләйша Ақтаева Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың жеке құжаттарының көшірмелерінен, қолжазбаларынан, сондай-ақ сирек кездесетін фотосуреттерінен тұратын «Нұрсұлтан Назарбаев. Өмірбаян» атты естелік кітапты жапондық қонақтарға тарту етті.