«ЖАС ҚЫРАННЫҢ» ЖАСТАРЫ ЖИНАЛДЫ

Еліміздің ең қастерлі мерекесі қарсаңында ел жастары Елбасы кітапханасында бас қосты. Жүздерінен нұр төгілген талантты ізденушілер «Жас қыран» атты студенттер жинағының тұсаукесер рәсіміне қатысты.

          «Бөбек» Жалпыұлттық қозғалысы» заңды тұлғалардың қауымдастық нысанындағы бірлестігі және Елбасы кітапханасы ұйымдастырған мәдени шараның басты қонағы –  Кеңес Одағының батыры, ҚР генерал-майор Тоқтар Әубәкіров болды.  

           «Жас қыран» жинағының таныстырылымын қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіров ашып, жиналған жастарды құттықтады.       

 –Айналайын, балаларым, келген қадамдарыңа гүл бітсін!Сендер жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан үздіксіңдер! Осы  жетістікке өз еңбектеріңмен жеттіңдер. Бұдан кейін де алға жылжып, өсе беріңдер! Мемлекетіміздің болашағы – жастар. Бүкіл халық сендерге үміт артып отыр. Білімнің қай жаста да артықтығы жоқ. Сондықтан таланттарыңды ұштап, ой-өрістеріңді арттырыңдар! Болашақтарың жарқын болсын! Тәуелсіздік күні құтты болсын,-деп ақ тілегін білдірді Тоқтар Оңғарбайұлы.

«Үздік студент» жобасының қолдауымен осымен екінші мәрте  жарыққа шыққан республикалық «Жас қыран» талантты студенттердің ІІ жинағына 180 студент енген. Кітапты жарыққа шығарудағы басты мақсат – еліміздің  барлық жоғары оқу орындарының арасынан қоғамдық жұмыстар мен басқа да салаларды дамытуға атсалысып жүрген белсенді әрі білімді жастарды анықтап, ынталандыру. Бұл жобаға  Қазақстанның түпкір-түпкірінен 5 мыңнан аса өтінім келіп түскен. Соның ішінен озық шыққан үздік студенттер іріктеліп, кітапқа енді.   

Тұсаукесер барысында топ жарған қатысушыларды Кеңес Одағының батыры Тоқтар Әубәкіров пен Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Ботагөз Қайыпова марапаттады.

Жеңімпаздарға «Үздік студент» төсбелгісі мен «Жас Қыран»  кітабы тарту етілді.

–Мен Алматы қаласындағы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ден арнайы келдім. Бұл жобаға алғаш рет қатысқаныма қарамастан үздіктер қатарынан көрінгеніме өте қуаныштымын. Алдағы уақытта да қоғамдық істерге белсене араласып, еліміздің өркендеуіне үлесімді қосамын, -деп ой бөлісті ҚазҰУ студенті Мәдина Қани.