ЖАС ӨРЕНДЕР СҮЙІКТІ АСТАНАНЫҢ ТАРИХЫМЕН ТАНЫСТЫ

Елбасы кітапханасы Қазақстан  елордасының 20 жылдығына арналған іс-шаралар топтамасын жалғастыруда.  

«Қазақстан Республикасының қалыптасуы мен дамуындағы Н.Назарбаевтың саяси бастамалары» атты Елбасы кітапханасының білім беру жобасы аясында Астана қаласы №10 мектеп-гимназияның 7 «г» сынып оқушыларына «Астанатану» элективті курсы шеңберінде сабақ өткізілді.

Элективті курс алғаш рет 2010 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті музейінің негізінде сыналып, содан бері жыл сайын елорда мектептерінің шәкірттеріне оқытылуда. Бұл курстың негізгі міндеті – туған қаласымен мақтанатын, оны жақсы көретін, насихаттайтын және оның тағдырына бейжай қарамайтын жас астаналықтарға, өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беру.

Элективті курс барысында оқушыларға туған қаласының тарихы мен мәдениеті, көрікті орындары мен тарихи тұлғалары туралы бірегей материалдар ұсынылды. Көне Бозоқ қалашығының археологиялық қазба материалдары, Целиноград қаласының танымал тұрғындарының өмірбаяндары, сондай-ақ сирек кездесетін Ақмола қаласының мұрағаттық фотосуреттері қатысушыларды ерекше қызықтырды.

№10 мектеп-гимназиясының әлеуметтік пәндер мұғалімдері сабақтың кәсіби әрі сауатты құрылуын, дәрістің инновациялық  тәсілдері мен әдістерін, терең ақпараттық мазмұнын атап өтті.

Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Балжан Нұғманова мектеп ұжымының атынан өзекті әрі сұранысқа ие элективті курсты өткізгендері үшін Елбасы кітпханасының қызметкерлеріне алғысын білдіріп, шығармашылық ынтымақтастықты одан әрі жалғастыруды ұсынды.

Курс аяқталған соң жас жеткіншектер алған әсерлерімен қуана бөлісті.

Арина Дәулетгелдиева:

– Біз туған қаламыз туралы бұрын-соңды естімеген тың ақпарат алдық. Мен Астана тарихының соншалықты терең екендігін білмеппін. Ұлы Отан соғысы жылдары қаламызда атқыштар дивизияларының құрылу тарихы маған ерекше әсер қалдырды. Мен туған қаламды жақсы көремін. Астана – менің сүйікті қалам.

Виталий Лаврищев:

– Барлық сабақ қызықты болғандықтан бір демде өте шықты. Біз соғыс жылдарындағы бабаларымыздың батырлығының, бейбіт замандағы ерен еңбектерінің тарихына тәнті болдық. Бәрі жоғары деңгейде өтті! Астана болашақта әлемдегі ең әдемі әрі заманауи қала болатынына сенімдімін.