ЖАС СУРЕТШІЛЕР АРАСЫНДАҒЫ БАЙҚАУДЫҢ ҚОРЫТЫНДЫСЫ БОЙЫНША «ЖАСТАР – ЕЛ ТІРЕГІ» СУРЕТ КӨРМЕСІНІҢ АШЫЛУЫ

2019 жылғы 4 шілде күні, 17-00 сағатта Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы кітапханасының музейі ғимаратында (Бейбітшілік көшесі, 11) жас суретшілер арасындағы шығармашылық байқаудың қорытындысы бойынша «Жастар – ел тірегі» сурет көрмесінің ашылу салтанаты өтеді.

Көрменің ұйымдастырушылары: Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы кітапханасы, Нұр-Сұлтан қаласының суретшілер одағы.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті жариялаған Жастар жылына орай а.ж. 12 ақпанда бастау алған байқаудың негізгі міндеті «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында көрсетілген Елбасымыздың жасампаз идеяларын практикалық іске асыру болды.

Шығармашылық байқау мынадай бес бағыт бойынша өткізілді: кескіндеме, графика, мүсін, сәндік-қолданбалы өнер, өнертану. Алғашқы төрт номинация бойынша байқау қорытындыларын жариялаудың салтанатты рәсімі көрменің ашылуында өтеді. «Өнертану» бағыты бойынша қорытынды байқаудың екінші бөлімінің қорытындысымен бірге желтоқсан айында өтетін болады. 

Төрт ай ішінде кәсіби және шығармашылығын енді бастаған жас суретшілер «Ұлы даланың Ұлы есімдері» тақырыбы бойынша өз шығармаларын сомдады, олар Қазақстан тарихындағы аттары аңызға айналған тұлғалардың бейнелері мен аға буынның жетістіктерін мазмұнды шығармалары арқылы ашуға ұмтылды.  

Байқау жеңімпаздарына түрлі марапаттар мен сыйлықтар тапсырылады, ал үздік шығармалар Елбасы кітапханасының бейнелеу өнері шығармаларының топтамасына енетін болады.