2018 жылғы 27 қарашада Елбасы кітапханасының қызметкерлері «Генерал С.Қ. Нұрмағамбетов атындағы республикалық «Жас Ұлан» мектебі» РММ тәрбиеленушілері мен әскери қызметкерлерімен кездесті. Ұйымдастырылған іс-шара аясында Әлеуметтік-ағартушылық жобалар қызметінің жетекші ғылыми қызметкері, философия ғылымдарының докторы, профессор Ғазиз Телебаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Елбасының жолдауын талқылап, аталмыш еңбектің негіздерін түсіндірді.

– Бүгінгі жиынға қатысқан кейінгі және алдыңғы буын өкілдерінің бәрі тың ақпаратқа қол жеткізіп отыр. Ел азаматтары Мемлекет басшысының халыққа жасап жатқан қамқорлығы мен жағдайынан хабардар болуы тиіс. Дәріс кезінде айтылған деректер тыңдаушылардың ертеңге деген сенімділігін арттырып, елді дамытуға үлес қосуға қанаттандырғаны анық. Сондықтан, маңызы зор іс-шараны ұйымдастыруда қолғабыс еткен  Елбасы кітапханасына алғысымызды айтамыз, - деді «Жас Ұлан» мектебі Тәрбие және идеологиялық жұмыстар бөлімінің идеология және арнайы насихаттау бойынша офицері, капитан Меруерт Смағұл.

Кездесу барысында қатысушылар дәріскерге сауалдарын жолдап, ойларын ортаға салды. Пікір алмасуға белсенді қатысқан тыңдаушылар дәріскерге ризашылығын білдірді.