«ЖАСАМПАЗДЫҚ ДӘУІРІ» КІТАБЫНЫҢ ОНЛАЙН-ТАНЫСТЫРЫЛЫМЫ ӨТТІ

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасында «Жасампаздық дәуірі» кітабының онлайн-таныстырылымы өтті. Аталған еңбек Қазақстан Республикасының қалыптасуы мен дамуына және оның негізін қалаушы – Елбасы Нұрсұлтан  Әбішұлы Назарбаевтың тарихи рөліне арналған басылымдар библиографиясынан ерекше орын алары сөзсіз.   Бұл шығармашылық жобаны Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Кеңсесінің басшысы Махмұт Базарқұлұлы Қасымбеков бастаған бір топ авторлар ұжымы ұсынды.

Онлайн-таныстырылымға белгілі ғалым-сарапшылар қатысты, олар: Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры, əлеуметтік ғылымдар докторы, ҚР ҰҒА академигі Зарема Шəукенова, ҚР Конституциялық кеңесінің бұрынғы төрағасы, заң ғылымдарының докторы, профессор Игорь Рогов, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлт тық университетінің ректоры, тарих ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА академигі Ерлан Сыдықов, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры жанындағы Əлемдік экономика жəне саясат институты директоры Ержан Салтыбаев жəне тағы басқалар. Ой-пікірлерін ортаға салғандар арасында алыс жəне таяу шетелдердің сарапшылары да болды, мəселен: Мичиган университетінің профессоры, Еуропа, Ресей, Еуразия зерттеулері орталығы директорының орынбасары Тимур Кожаоглу (АҚШ), ғылым докторы, Еуразия жазушылары одағының төрағасы Иакуб Өмеро глу (Түркия), Əзербайжан Республикасы Милли Меджлисі депутаты, Əзербайжан Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Саяси зерттеулер институтының директоры, саяси ғылымдар докторы, профессор Эльман Насиров, М.Ломоносов атындағы Мəскеу мемлекеттік университетінің Қазақстандағы филиалының директоры, экономика ғылымдарының докторы, профессор Александр Сидорович (Ресей), түрколог, тарих ғылымдарының докторы, профессор Қадыралы Қоңқабаев (Қырғызстан).

– Мемлекет құрудың халықаралық тəжірибесінде Тұңғыш Президенттің басшылығымен Қазақстан жүзеге асыра алғандай қоғамды түбірімен жəне тиімді өзгертудің мысалдары қазір аса көп емес. Сондықтан Қазақстан мемлекеттілігінің негізін қалаушы, көрнекті реформатор, стратег, жаһандық ауқымдағы саясаткер ретіндегі Нұрсұлтан Назарбаевтың бірегей тұлғасының феномені бірнеше ондаған жыл бойы өз елімізде де, сыртта да қоғамның зор қызығушылығын тудырып келе жатуы əбден заңды, – деді онлайн-таныстырылымды ашқан Махмұт Қасымбеков.  

Сондай-ақ ол Кеңес Одағы құлаған қиын кезеңде Елбасы бастамашылық еткен осы тарихи үдерісті тұжырымдамалық тұрғыдан бөле-жармай тұтас күйінде қабылдау идеясы «Жасампаздық дəуірі» кітабының басты өзегіне айналғандығын, кітапта Нұрсұлтан Əбішұлы саяси басшылық жасаған жылдарда еліміздің жеткен басты жетістіктері, Елбасының мемлекеттік жəне қоғамдық көпқырлы қызметіне жан-жақты жəне терең зерттеу арқылы талдау жасалғандығын айтты.

 – Басылым атауы Елбасының іргелі идеялары мен ой-толғамдарының жүзеге асқан көрінісіндей белсенді, қажырлы еңбекке, барлық ортақ ресурстар мен жұмылдырылған күштерге, тынымсыз ізденіс пен жаңалыққа, маңызды ашылымдар мен серпінге толы сол заманның биік рухын дəл танытады. Кітапта Тұңғыш Президенттің алдағы ондаған жылдағы еліміздің дамуының басты бағыттарын анықтап берген, өзара қисынды байланысқан жəне стратегиялық маңызы зор шешімдерінің толық сипаты көрініс тапқан. Авторлар ұжымы түрлі сала бойынша тақырыптық материалдар мен фактологиялық базаны жинақтау, жүйелеу бағытында зор жұмыс атқарып шықты, – деген жоба жетекшісі «Жасампаздық дəуірі» кітабы тəуелсіз Қазақстан тарихының мемлекет үшін айрықша маңызды кезеңінің құнды дереккөзі ретінде ғалымдар мен сарапшылар қауымының, қалың жұртшылықтың зор қызығушылығын тудыратынына сенім білдірді.

Мичиган университетінің профессоры, Еуропа, Ресей, Еуразия зерттеулері орталығы директорының орынбасары Тимур Кожаоглу былай деді: – Ұсынылып отырған еңбекте Н.Ə.Назарбаев негізін қалаған Қазақстанның стратегиялық даму бағытының айқын ерекшелігі болып саналатын, Елбасы жүзеге асырған өзгерістердің қисындылығы, жүйелілігі, тұтастығы, ауқымдылығы атап көрсетілген. Елбасының мемлекеттік идеологемасының экономикалық даму доминанттылығы, жаңғырулардың эволюциялық сипаты, экономикалық жəне саяси реформалардың жүйелі үндестігі, прагматизм мен сыртқы саясаттағы көпвекторлылық, қоғамдық сананың жаңғыруы сияқты негізгі қағидаттарына айрықша көңіл бөлінген.

АҚШ профессорының пікірінше, «Жасампаздық дəуірі» кітабының өзіндік ерекшелігі – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ə.Назарбаевтың саяси философиясы мен мемлекеттік стратегиясын тарихи-саяси ретроспектива арқылы шебер астастыра алған. Авторлар Елбасының елді таныту жолындағы мемлекеттік жəне қоғамдық көпқырлы қызметінің негізгі қырларын жүйелі қарастырған. Т.Кожаоглу басылымның зерттеушілік жəне дүниетанымдық тұрғысындағы маңыздылығын да атап өтті.

Еуразия жазушылары одағының төрағасы Иакуб Өмероглу өз баяндамасында «Назарбаев феноменінің» талданған ерекшеліктеріне тоқталды.

– Кітапта Елбасы феноменінің маңызды сипаттамалары мен қырларын айшықтап көрсететін аргумент-уəждемелер келтірілген. Мені Н.Ə.Назарбаевтың прагматикасы мен логикасының қуаты таңғалдырады. Əлемдік тəжірибеде берік орныққан Нұрсұлтан Назарбаев феномені кітап мазмұнының бүкіл өн бойынан көрініс тауып отырады. Түрлі мінберлерден сан рет айтылған «тəуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы, дана стратег, ұлы реформатор, қазіргі заманның көрнекті саяси көшбасшысы» деген саяси сипаттамалар – Елбасы қайраткерлігінің көпқырлылығы мен белсенділігінің айқын дəлелі, – деді баяндамашы.

  Басқосудағы сөзді жалғастырған Əзербайжан Милли Меджлисінің депутаты, профессор Эльман Насиров кітапта Каспий жағалауына қатысты ынтымақтастық мəселелері, Елбасының интеграциялық идеялары шынайы көрініс тапқанын атап өтті. Ол сондай-ақ түркі интеграциясы мəселелеріне ерекше тоқталып, Нұрсұлтан Назарбаев түркі бірлігі саласының көрнекті идеологінің бірі екенін айтты.

 –Түркішілдікке деген өзге көзқарастардан Нұрсұлтан Назарбаевты ерекшелендіріп тұратын негізгі сипат – сезімге берілу мен популизмнен алыс, Түркі əлемінің интеграциясы арқылы ортақ пайда мен жете ойластырылған байыпты ұстанымға негізделген айқын стратегияның əзірленуі. Бір сөзбен айтқанда, Нұрсұлтан Назарбаев – бір өзі бір дəуірдің бейнесіндей адам. Осы екі компонент бұл кітапта мінсіз, үйлесімді қабыстырылған. Түркі əлемінің өкілі болып саналатын бəріміздің Елбасы көшбасшылығы феноменінен үйренеріміз көп, мақтан тұтарымыз мол, – деп қорытты өз сөзін Əзербайжан сарапшысы.

Экономика ғылымдарының докторы, профессор Александр Сидорович өз сөзінде былай деді:

– Н.Ə.Назарбаев дəуірі – жасампаздық дəуірі. Ол – бұл сөздің кең əрі ең терең мағынасындағы жасампаздық. Елбасының басшылығымен мемлекет құру ісіндегі, экономикадағы, демократиялық қағидалар негізінде саяси дамудағы, экономиканың əлеуметтік бағытындағы жетістік тері əлемге кең танылған тəуелсіз Қазақстан мемлекеті бекем орнығып, дамып келеді. Н.Ə.Назарбаевтың көптеген халықаралық бастамасы халықаралық ұйымдардың, өңірлік интеграциялық бірлестіктердің құрылуы, бейбіт бастамалардың орындалуы, өзара сенім шараларының қабылдануы арқылы нақты жүзеге асты.

«Посткеңестік кеңістіктегі түбірлі өзгерістердің қиын кезеңінде мемлекеттің басында тұрған Нұрсұлтан Əбішұлы еңсе көтертпестей ауыртпалықтарға қарамастан, басты мұрат – мемлекетті құру міндетін орындағанын» айтқан Александр Сидорович «оның қызметі – халықтың тағдырынан бөлек емес, керісінше жұрттың даму жолындағы талапсұранысының, өз рөлі мен құндылықтарын сезінуінің көрінісі» екенін атап өтті.

Қырғызстандық профессор, түрколог, тарих ғылымдарының докторы Қадыралы Қоңқабаев жарық көріп отырған «Жасампаздық дəуірі» кітабы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев феномені зерттелген еңбектер қатарынан лайықты орын алатынына сенімді екенін айтты.

Спикер өз сөзінде Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев феноменінің сыртқы саясаттағы қырына тоқталып өтті.

– Тарихи тұлғаның стратегиясы жас мемлекеттің қалыптасуы мен əрі қарай дамуы барысында алдына қойған барлық басты мақсатына табысты қол жеткізуін қамтамасыз етті. Осы уақыт ішінде сыртқы саясатта жасалған барлық қолайлы жағдайлар əлемдегі көлемі жөнінен тоғызыншы елдің егемендігін, қауіпсіздігін жəне аумақтық тұтастығын айтарлықтай нығайтуға мүмкіндік берді. Сондай-ақ бай мəдени-гуманитарлық жылнаманы ашып көрсету, Ұлы дала елін жаңғырту жəне көршілес мемлекеттермен өзара тиімді байланыс орнату барысында халықаралық ынтымақтастық айрықша рөл атқарды.

Іс-шараға қатысушылар «Жасампаздық дəуірі» кітабы көптеген ғылыми зерттеу мен көркем шығарма үшін дерек алынып, сілтеме жасалатын баға жетпес мол фактология, зерттеушілік мəлімет көзі екенін бірауыздан құптасты. Сарапшылар бұл кітап оқырман кітапханасынан лайықты орнын аларына сенім білдірді.