9 сәуірде Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің Студенттер сарайында «Н.Назарбаев: болашақ бүгіннен басталады» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті. 2019 жылы елімізде жарияланған Жастар жылының аясында өтетін конференция Қазақстанның үшінші жаңғыруы – қоғамның рухани жаңғыруы тапсырмалары контексінде өткізілді.

Конференция барысында Бельгия, Болгария, Германия, Қазақстан, Кения, Қытай, Корея, Уганда, Өзбекістан, Украина елдерінің сарапшылары, 20-дан астам жоғары оқу орындарының профессорлары мен оқытушылары, магистранттары мен студенттері жастар саясатының саяси, тарихи, экономикалық, философиялық, мәдени, әлеуметтік, құқықтық, басқа да қырларын талқылады.

Қатысушылардың алдында алғысөзбен Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев сөйледі:

– Арайлап атқан азаттық таңының алғашқы сәттерінің куәгерінің бірі ретінде әлемдік өркениет көшінде өзіндік қолтаңбасы мен жасампаздыққа бастаған жолын таныта алған мемлекетіміздің қол жеткізген әрбір табысы оның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев есімімен тығыз байланысты екенін айту азаматтық парызым. Қай заманда болмасын өз тағдырын мемлекет тағдырымен егіз, бірлікте қарастыра алған басшы ғана ел үмітін ақтаған, халық құрметіне бөленген. ...Ұлт болашағының қамын жеген Хан Абылай «Ендігі заман білектінің емес, біліктінің заманы», - деп сонау XVII ғасырда басымдық берген болса, ұлы Абай да «бұл білімнің жолына малды да, жанды да аяма» деп насихат қалдырды. Білімнің қуатына тең келетін басқа рухани күш жоқ екені белгілі. Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Сендер, тәуелсіз қазақ елінің білімді жастары, өз соқпақтарыңды салып, оны елді дамуға бастайтын даңғылға айналдыруға тиіссіңдер!», - деген ұлағатты сөзі бар. Осы межеден көріну үшін білімнің маңызын жете түсінген елімізде Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап білікті мамандар даярлау мен білім саласын әлемдік стандарттарға сай реформалау мәселесіне баса назар аударылып келеді. Жаңаша ойлап, шешім қабылдай алатын креативті тұлғаны, өзінің елі мен жерінің, ана тілінің жанашырын даярлау, бүгінгі қоғамнан лайықты орнын табатын бәсекеге қабілетті, еңбекқор жастардың қатарын арттыру баршамызға ортақ міндет. Себебі еліміздің тұтқасын ұстайтын да, Мәңгілік ел ететін де Сіздер! Осы мақсаттағы жұмыстарыңызды жоғары нәтижеге бағыттап, аға буынның жастарға артқан сенімін адал атқаруға шақырамын, - деді ол.

Негізгі баяндаманы конференцияның модераторы,  Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының директоры, саяси ғылымдардың докторы, профессор Әмірхан Рахымжанов таныстырды:

- Биылғы жыл – еліміз үшін аса маңызды тарихи оқиғалардан басталғанын жақсы білесіздер. Елімізде 2019 жылдың Жастар жылы болып жариялануы Елбасымыздың жас буынға арнаған жарқын үндеуіне айналды. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Жастар жылының салтанатты ашылу рәсімінде жастардың көкейінде жүрген барлық мәселелерді көтеріп қана қоймай, оларды шешудің нақты жолдарын Үкімет пен өңір әкімдеріне тапсырма ретінде қадап айтып берді. Оның ішінде – жас ғалымдар, актерлер, спортшылар, әншілер, ауыл шаруашылығының мамандары, жеке кәсіпкерлер бар. Олардың әрқайсысы өздеріне бағытталған  Елбасының ақжарма тілегін тыңдап, келелі кеңесін алды. Бүгінгі халықаралық-тәжірибелік конференциямыздың тақырыбының «Н.Назарбаев: болашақ бүгіннен басталады» аталуы да Елбасымыз белгілеп берген жастарды қолдау бойынша басымдықтарды жүзеге асыру жолдарын талқылау мен ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын сабақтастықты қамтамасыз ету екендігін осында жиналған көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар, әсіресе жастарымыз жақсы түсінеді деп ойлаймын.

Әмірхан Мұратбекұлы сонымен қатар тыңдаушыларды Елбасы кітапханасының қызметімен таныстырып, мекеме қызметкерлерінің Тұңғыш Президенттің идеялары мен бастамаларын ілгерілету бойынша ақпараттық жұмыс атқарып жатқанын мәлім етті.

Пленарлық отырыста «Рухани жаңғыру» орталық сараптамалық кеңесі төрағасының орынбасары, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығының директоры,  ҰҒА академигі, экономика ғылымдарының докторы, профессор Ерлан Арын «Қазақстан жастарын әлеуметтендіру: стратегия және практика» тақырыбында баяндама оқыды. Абай атындағы ҚазҰПУ «Ұлы дала тұлғалары» орталығының директоры, саяси ғылымдардың докторы,  профессор Гүлшат Нұрымбетова «Саяси жаңғыру аясындағы жастардың саяси қатысуы» тақырыбында сөз сөйледі. Қорқыт Ата атындағы ҚМУ ректоры м.а., физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Бақытхан Әбдікәрімов «Бас мақсат – бәсекеге қабілетті мамандарды даярлау» атты баяндамасын оқыды.

Корея Республикасының халықаралық білім беру институның оқытушысы, шет тілдері және аударма кафедрасының оқытушы-еріктісі Ким И Ен Қазақстанда өмір сүріп жатқан ұлттардың бірлігі мен тұтастығына тоқталып, бұл жетістіктегі Елбасының еңбегін атап өтті. Халықаралық экономикадан PhD докторы, Софья ұлттық және әлемдік экономика университетінің доценті  Желев Паскал Неделчев Болгария мен Қазақстандағы жастар саясатына салыстырмалы талдау жүргізді. 

Пленарлық бөлім «Мемлекеттік жастар саясаты: бағыттары, тетіктері, тұстары, үрдістері. Мемлекеттік жастар саясатының саяси, құқықтық және экономикалық тұстары», «Жастар саясатының әлем елдеріндегі тарихы мен тәжірибесі. Жастар ұйымдары. Жастар саясатының өңірлік ерекшеліктері. Жастарды тәрбиелеу мен қалыптастыру бағыттары», «Жастар рухани жаңғыру мәнмәтінінде. Жастар тақырыбының философиялық, әлеуметтанулық және діни-этникалық қырлары», «Студенттердің ғылыми шығармашылығы» тақырыптары бойынша секция отырыстарымен жалғасты.

Конференция қатысушыларының назарына Елбасының жеке кітапханасы жинағынан жасақталған «Әлем таныған Елбасы» иллюстрациялық кітап көрмесі ұсынылды. Жалпы есеппен көрмеге Елбасы туралы 100-ден аса кітап пен Президенттің жеке кітапханасының 20 фотоқұжаты қойылмақ.