Елбасы кітапханасы

директорының бірінші орынбасары,

 саяси ғылымдарының докторы,

профессор Ә.М.Рахымжанов

 

Елімізде Жастар жылының жариялануы Мемлекет басшысының жас буынға арнаған жарқын үндеуіне айналды. Жастар жылының салтанатты ашылу рәсімінде қазіргі Қазақстанның тарихын жасауға атсалысып жатқан жалынды жастарды көріп, көңілге қуаныш ұялады. Нұрсұлтан Әбішұлы бұл басқосуда жастардың көкейінде жүрген барлық мәселелерді көтеріп қана қоймай, оларды шешудің нақты жолдарын Үкімет пен өңір әкімдеріне тапсырма ретінде қадап айтып берді. Оның ішінде – жас ғалымдар, актерлер, спортшылар, әншілер, ауыл шаруашылығының мамандары, жеке кәсіпкерлер бар. Олардың әрқайсысы өздеріне бағытталған  Елбасының ақжарма тілегін тыңдап, келелі кеңесін алды.  

Кез келген мемлекетте адамның өмір сүруі мен дамуына мүмкіндік беретін үш алып күш бар, олар – білім, жұмыс және баспана екені сөзсіз. Елбасы дәл осы негізгі факторларға ерекше назар аудартып, олардың өзектілігіне тоқталды. Қазақстанның үш ірі қаласында жұмыс істейтін жастарды жылына мыңға жуық пәтермен қамту, жастар бизнесін қолдауды 20 мың грантқа көтеру, Жастар стартаптарын қолдау Қорын құру, студент- волонтерлардың шәкіртақысын көтеру, жас ғалымдардың жобаларын қаржыландыру, студенттік құрылыс қозғалыстарын дамыту, сонымен қатар, жас отбасыларға қолдау көрсету – бұл тек Жастар жылында ғана емес, одан кейінгі жылдары да тиімді шаралар қабылдауды талап ететін басты мәселелер болып қала бермек.       

Елбасы өзінің «Тәуелсіздік дәуірі» атты кітабында: «Менің ойымша, біздің жастар елеспен өмір сүрмеуге тиіс. 2012 жылдың шілдесіндегі «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаламда Қазақстаннан тыс жерде жұмақ жоқ екенін, еш жерде, әлемнің ешбір елінде бәріне бірден ие болу мүмкін еместігін, туған Қазақстанда еңбек етіп, өз әлеуеттерін жүзеге асырулары қажет екенін атап көрсеттім. Мен жас ұрпақ үшін тиімді әлеуметтік лифтілер құру және өз бетінше өмір сүруге, ынталы еңбекке дағдылану жүйесін қалыптастыру қажеттілігіне ерекше тоқталдым», – деп жазады.

Креативті идеялар мен өнертапқыштық ұсыныстар, батыл дәлелдерімен, келешекті көзқарастарымен жастар қашан да еліміздің мәдени, рухани, ғылыми дамуының көшбасында жүреді. 2015 жылдың ақпанында Мемлекет басшысы «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заңға қол қойды. Жас белсенділер консультативтік-кеңесші органдарға қатысуға мүмкіндік алды, жастар форумының мәртебесі бекітілді, жастар ресурсы орталығы мен әлеуметтік қызметтердің жұмысы реттелді, ЖОО-дары мен еңбек ұжымдарында жастардың өзін-өзі басқаруы көзделген.  

Жас ұрпақпен тығыз жұмыс жасау - Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы қызметінің маңызды бағыттарының бірі. 2015 жылдан бастап Елбасы кітапханасында екі күндік оқыту семинар-тренингтер жобасы жүргізіліп келеді.  Бұл оқу курсына бүгінге дейін Қазақстанның түкпір-түкпірінен жеті мыңнан астам тыңдаушы қатысқан. Олардың қатарында – Қазақстанның барлық өңірлерінен келіп қатысқан мектеп мұғалімдері мен  жоғарғы сынып оқушылары, студенттер, сондай-ақ Бас прокуратура жанындағы Құқық қорғау органдары академиясы мен Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университетінің тыңдаушылары, БАҚ және жастар ұйымдарының өкілдері, мемлекеттік қызметкерлер бар. Қатысушыларға Мемлекет басшысының «Ұлт жоспары. Бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам», «Қазақстан жолы: Мәңгілік Ел», «Рухани жаңғыру: болашаққа бастар жол» тақырыбы бойынша сертификаттар тапсырылды. Сондай-ақ. былтырғы жылы Ақтөбе, Атырау, Түркістан облыстарының және Қарағанды мен Екібастұз қалаларының тұрғындары үшін көшпелі семинар-тренингтер  өткізілді.

2019 жылғы оқу маусымы «Болашаққа жол әрқайсымыздан басталады» тақырыбында жоспарланды. Іс жүзінде пікір-таласқа, интерактивті сұхбаттарға айналып кететін дәрістер «Индустрия 4.0» немесе төртінші өнеркәсіптік революция, Елбасының «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» мақалаларындағы өзекті мәселелерге байланысты өрбитін болады.

Біздегі оқытылатын семинар-тренингтердің ерекшелігіне тоқталатын болсам, бұл – мемлекеттің бағдарламалық құжаттарының негізгі ережелерін оқып үйрену деген сөз емес. Елбасының Жолдауы немесе оның мақаласы болсын, олардың әрбір тезисінде теориялық-әдістемелік негізі болады. Біз тыңдаушылар аудиториясын талдау жасауға дайындаймыз, әрі қарай олар семинар қорытындысы бойынша өздерінің жобалық жұмыстары арқылы ұсынатын болады. Осылайша, студенттер мен оқушыларда тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстанның жетістіктеріне деген ортақтастық сезімі туындайды.

Семинарлар арқылы өскелең ұрпақ санасына Елбасы айтып жүрген діліміздегі ерекшеліктер мен ұлттық сәйкестікті жеткізіп, бойларына сіңіруге күш саламыз. Жастар, жаңа буын еліміздің ілгерілемелі жүйелік даму үдерісінде екенін, ал кездесетін қиындықтар – өсу жолындағы кедергілер екенін көрсететін дәлелді дәйектемелер алады. Екі күндік дәрістен кейін жастардың қазіргі Қазақстанды бағалап, оның болашағын көріп, осы елдің азаматы, тұлғасы ретінде өз орындарын тапқанда, біз керемет күш-қуат алып, алдағы жұмысымызға ерекше шабытпен кірісеміз. Бұл бізді қанаттандырады. Сондай-ақ, әрбір семинарда олар еліміздің қоғам және саяси қайраткерлерімен кездесу мүмкіндігіне ие болады. Жастарды, әсіресе «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы жеңімпаздары қызықтырады.

20 мен 40 жас аралығындағы азаматтар өздерінің өмір жолдары туралы әңгімелеп, тәжірибе алмасып, кеңестерін береді. Олардың арасында – жас ғалымдар, мемлекеттік қызметкерлер, ұлттық компаниялардың өкілдері, мәдениет және өнер қайраткерлері, кәсіпкерлер, қоғам белсенділері, журналистер және тағы басқалар. Осылайша, Елбасы кітапханасының қызметкерлері Мемлекет басшысының идеялары мен бастамаларын ілгерілету бойынша маңызды ақпараттық жұмыс пен қазақстандық жастар ортасында тұлғаны дамытуды жүргізеді.

Бұл жастардың бойында шешендік өнер, ұйымдастырушылық қабілетті дамытып, коммуникативтік құзыреттерді қалыптастыратын өзінше бір сұхбат алаңы десе болады. Әрі жас, әрі өршіл, әрі талапты қатысушылар Тұңғыш Президент кітапханасының ауыспалы кубогы үшін интеллектуалды жарыстар ұйымдастырады. Кездесулер қыста, көктемде және күзде өткізіледі. Дәл қазіргі уақытта олар жаңа жылдағы алғашқы турнирге дайындалуда.

2017 жылы Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің бастығы Махмұд Қасымбековтың бастамасымен» ауқымды жоба - Елбасы кітапханасы «Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі көрме жобасын іске асыруды бастады. Жоба аясында Алматы қаласы, Түркістан, Атырау, Ақтөбе облыстарында Мемлекет басшысының өте сирек архивтік суреттерін, құжаттарын, қолжазбаларын, марапаттары мен мантияларын 350 мыңнан астам адам тамашалады. 

Жастар тарапынан туындаған көрмеге деген қызығушылық бізге ерекше шабыт сыйлайды. Көшпелі көрменің бір ерекшелігі – жәдігерлердің сиректілігінде. Өңірлерде жұртшылықтың назарына ұсынылатын жәдіргерлерді Астана қаласындағы келушілердің өзі күнделікті көре бермеуі мүмкін.  

Студенттер мен жалпы білім беретін орта мектептердің қатысушылары ел тәуелсіздігінің тарихы, Президенттің өмірбаяны туралы толыққанды ақпарат алатындықтан тақырыптық экскурсияларды білім беру бағдарламасымен теңестіруге болады. Жоба мәні жағынан тәуелсіз Қазақстан тағдырындағы Елбасының рөлін жан-жақты көрсетеді.

Біз жәдігерлерді тек облыс орталықтарында ғана көрсетумен шектелмей, көрмелер мен дәрістер, семинар-тренингтер сынды көптеген іс-шараларды аудандарда да өткіздік. Мұндағы басты идея – әрбір ауыл тұрғынына, жастарға жас мемлекетіміздің дамуындағы қиындығы мол жолы туралы, яғни 90 жылдардағы бос тұрған сөрелер мен  жұмыссыздықтан бастап, бүгінгі тұрақты әлеуметтік-экономикалық өркендеуге дейінгі кезеңді баяндап, жеткізу еді.

Тоқсаныншы жылдары белгісіз Қазақстан – бүгінде халықаралық аренада өз орнын белгілеген, әлемдік деңгейдегі көреген саясаткер ретінде беделге ие болған дана көшбасшысы бар болашағы жарқын мемлекет. «Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі көрмесі өз жұмысын ағымдағы жылғы сәуір айында Қызылорда облысында жалғастырмақ.

2019 жылғы 25 қаңтарда  Елбасы кітапханасында Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің бастығы Махмұд Қасымбековтың төрағалығымен кеңес өтіп, Елбасы кітапханасының қызмет басшылары мұрағат, музей, ғылыми-зерттеу, білім беру, мәдени-ағартушылық және басқа да бағыттар бойынша 2018 жылы атқарылған жұмыстар туралы егжей-тегжейлі есеп берді. Есепке щолу жасағанда, Елбасы кітапханасындағы жобалардың басым бөлігі жастар аудиториясына бағытталғанын аңғаруға болады.

2018 жылы 50 көрме, атап айтқанда «Мәдениет арқылы үнқатысу», «Балалық шақтан көзқарас», шығармашыл жастарды қолдау мақсатындағы «Үміт сәулесі» жобалары аясында Елбасы кітапханасы алаңында және көшпелі түрде ұйымдастырылды. Сонымен қатар, «Әлем таныған Елбасы», «Қазақстандағы Олимпиада қозғалысы», «Н.Назарбаев – жаһандық антиядролық қозғалыстың көшбасшысы», «Тәуелсіздік бастауында», «Қазақстанның спорттық даңқы», «Әлем халықтарының музыка аспаптары» аты сегіз жаңа экспозиция ашылды.

Заман талабына сай экскурсия қызметкерлерінің жұмысы жаңа  квест ойынымен толықты. Мектеп оқушылары мен студенттерді, әсіресе «Қазақстандағы Олимпиада қозғалысы» залында өткізілетін ойын түрі қызықтырады екен. Өйткені бұл залда еліміздің танымал спорт саңлақтары – Г.Головкин, В.Жиров, М.Мәзімбаевтың белдіктері, С.Сәпиевтің қолғабы, Б.Артаевтың гүлдестесі, Денис Теннің сахналық спорттық костюмі, А.Винокуровтың велосипеді, тағы да басқа құнды заттар қойылған. Жалпы 2018 жылы Елбасы кітапханасында он мыңнан астам экскурсия ұйымдастырылды.

Өткен жылы «Тұңғыш» жобасы аясында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ұйымдастырылған көшпелі көрменің он күндігі  – жастармен жұмыстың жарқын көрінісі болды. Аталған шарада 60-тан аса жәдігер қойылып, 30-дан астам кітапхана қызметкерлері жұмылдырылып, оған елорданың 3 мыңға жуық қала тұрғындары мен қонақтары қатысты.

Украинаның Днепропетровск облысы Каменское (бұрыңғы Днепродзержинск) қаласынан Елбасы кітапханасы мамандары әкелген баға жетпес мұрағаттық құжаттар – болашаққа ұмтылған жас ұрпақ үшін маңызды тәрбиелік құрал дер едім. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сонау Украинада оқыған жылдарынан сыр шертетін құнды құжаттарда студент Назарбаевтың оқудағы озаттығы, күрес спортындағы жеңістері және Днепр металлургия комбинатындағы домна пешінде өндірістік тәжірибеден өткен кездері туралы мол мәлімет қамтылған. Мұндай қызықты да құнды құжаттардың өскелең ұрпақтың қалыптасуына, білім көкжиегінің кеңеюіне әсері мол деп ойлаймын.

Аналитикалық жұмыс – Елбасы кітапханасы қызметінің ауқымды бөлігі. Бүгінде кітапхана халықаралық дәрежедегі іс-шаралар, конференциялар мен симпозиумдар өткізетін үлкен орталыққа айналды. Мұндай ауқымды шараларға қатысушылардың басым көпшілігі – өздерін ғылым, саясат, медицина, білім және басқа да маңызды салаларда жетістіктерге жеткен білікті де белсенді жастар. Мәселен, Шымкент қаласында өткен ең ірі шараның қорытындысы бойынша 360 ғылыми мақала енгізілген үштомдық жинақ жарық көрді. Оның 70-і - АҚШ, Оңтүстік Корея, Ауғаныстан, Қырғызстан, Алмания, Ресей, Үндістан және басқа да алыс және жақын шет мемлекеттерден қатысқан ғалым-сарапшылардың еңбектері. Ал, 26 шетелдік ғалым конференция жұмысына қатысты.

Елбасы кітапханасының онлайн бағыты да – басты назарда. Кітапхананың әлеуметтік желілердегі парақшаларына ақпараттарды жедел және әрі қызықты етуге күш салудамыз. Айтпақшы, а.ж. 28 қаңтарда Елбасы кітапханасы әлеуметтік желілердегі үздік фотолар мен таңдаулы жарияланымдарға «ЕlbasyКіtаphаnаsynаSapar» атты халықаралық байқау жариялады. Бұл идеяның туындауына Елбасы кітапханасы туралы әлеуметтік желілерде жарияланған жарияланымдардың күн санап артуы себеп болды. Айта кетер жәйт,  жыл сайын Назарбаев орталығының ғимараты мен Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы музейіне, көшпелі көрмелерді қоса есептегенде 750-800 мыңдай адам келеді екен.

Жұртшылық арасында, әсіресе жастар елордадағы Елбасы кітапханасының екі ерекше ғимараты – Тұңғыш Президент музейі мен  ел арасында «көздің қарашығы» атанып кеткен Назарбаев орталығында түсірген әдемі суреттерін жариялап, қос ғимараттағы жәдігерлер мен мұрағаттық құжаттар туралы ақпаратты жиі жаза бастады. Осындай қызықты ақпараттар ағыны бізді бей-жай қалдырмай, халықаралық байқауды жариялауға итермеледі.

Халықаралық байқауға Елбасы кітапханасы мен музейінде кемінде бір-ақ рет болған кез келген адам қатыса алады. Қазақстанның елордасына келген бір де бір саяхатшы бізге соқпай кетпейді. Жарияланымның тілі маңызды емес, байқау жеңімпаздары ағымдағы жылдың сәуір айында анықталатын болады.

2019 жылға жоспарланған тағы бір айтулы оқиға – жас суретшілер, мүсіншілер, сәндік-қолданбалы өнер шеберлері мен өнертанушылар арасындағы ең үздік көркем шығармалар байқауы. Астана қаласының Суретшілер одағымен бірлесе ұйымдастыратын бұл жобамыз Елбасымыздың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында өткізілмек. 18 бен 35 жас аралығындағы қатысушылар «Ұлы дала тұлғалары», ал 35-тен жоғары жастағылар «Қазіргі Қазақстан жастары суретшілер көзімен» тақырыптары бойынша бақ сынасатын болады. Жүлдегерлер ағымдағы жылдың маусым айында анықталады. Байқаудың мақсаты – жаңа есімдерді табу, қазақ халқы шығармашылығындағы  қайраткерлерді, ойшылдары, хандар мен батырларды дәріптеу. Сондай-ақ, жас әрі талантты суретшілердің ортасын қалыптастыру. Үздік деп танылғандардың жұмыстары Елбасы кітапханасының қорлық топтамасына енгізілетін болады.  

Жоғарыда аталғандар – Тұңғыш Президент кітапханасының жастармен, өскелең ұрпақпен жұмысқа бағытталған қызметтерінің тек бір бөлігі ғана. Жастар жылында осы жұмыстарды жаңа қырынан одан әрі дамыту - басты міндеттеріміздің бірі болмақ. Біз, қазақстандықтарды, әсіресе жастарды мейлінше көбірек қамту мақсатында интернет-медиадағы жобаларды күшейтіп, көшпелі көрмелердің форматын дамытуды көздеп отырмыз. Сондай-ақ, Елбасының бастамалары мен идеяларын шет елдерде тарату бағытында да жоспарларымыз бар. Біз тұрақты түрде жаңа жобаларымызды дамытып, қолданыстағыларды жетілдіріп отырамыз.

Сайып келгенде, мұның барлығы - заман талабына, ең бастысы жастардың сұранысына сай болудағы ұмтылысымыздың жарқын көрінісі деп пайымдаймыз.