ЖАСТАР ЖЫЛЫНА АРНАЛҒАН ОРТАЛЫҚ АЗИЯ БҰҰ ІІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ МОДЕЛІ

27 қыркүйек күні Назарбаев орталығының ғимаратында Жастар жылына арналған Орталық Азия БҰҰ ІI Халықаралық Моделінің ашылуы өтеді.

Іс-шараның ұйымдастырушылары: Орталық Азия БҰҰ Халықаралық Моделінің Үйлестіру орталығы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы мен Қоры.

Орталық Азия БҰҰ Моделі – бұл БҰҰ шеңберіндегі жаһандық идеяларды талқылау тәртібінде өткізілетін халықаралық үнқатысу алаңы, онда жоғары оқу орнының студенттері мен мектеп оқушылары БҰҰ органдарының жұмысын көрсетеді. Әрбір отырыстың мақсаты белгіленген мәселені талқылау, сондай-ақ әрбір комитеттің аясында қарар дайындап, қабылдау.

Жоба 2017 жылы Елбасы кітапханасының негізінде «Ұлы дала елі» қоғамдық бірлестігімен бірлесе Қазақстан Республикасының БҰҰ-на мүше болуының 25 жылдығы, сондай-ақ Қазақстанның БҰҰ Қауіпсізік Кеңесінің 2017-2018 жылдары тұрақты емес мүшелігіне сайлану құрметіне орай бастамашылық етілген болатын.

2018 жылы жобаны Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры қолдады. Орталық Азия БҰҰ І Халықаралық Моделіне 10 алыс және таяу шет елдерден 160-тан астам делегат қатысты.

Биылғы жылы Орталық Азия БҰҰ ІI Халықаралық Моделі төмендегідей комитеттерде өтеді:

- Бас Ассамблея;

- Қарусыздану мен халықаралық қауіпсіздік жөніндегі комитет;

-  Қауіпсіздік Кеңесі;

- Адам құқықтары жөніндегі комитет;

- Экономикалық және әлеуметтік кеңес;

- Әйелдердің жағдайы жөніндегі комиссия;

- ЮНИСЕФ;

- Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы.

Әрбір комитетте көкейтесті жаһандық және өңірлік мәселелер бойынша пікірсайыс пен пікірталас өтеді.

Конференция қатысушылары екі күн ішінде БҰҰ мүше мемлекеттердің өкілетті делегаттарының рөлін орындап, сенім білдіруші елдің мүддесін қорғайтын болады.