Елбасы кітапханасының беделді қызметкерлерінің бірі, белгілі кескіндемеші, Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшесі Жеңіс Кәкенұлының шығармашылығына биыл 30 жыл толады. Қолтаңбасы  Елбасы кітапханасының бірқатар ірі жобаларынан кездесетін суретші кескіндеме, графика, компьюарт іспетті түрлі бағыттарды ұштастырады. Оның шығармашылығы рухани үйлесімділікке, поэзиялық бейнелер мен сезімдердің үндестігіне ұмтылған. Өзінің шығармашылық жолы жөнінде Жеңіс Нұрлыбай былай дейді:

– Студент кезімде алғаш рет 1989 жылы пейзаж бен натюрморттың республикалық көрмесіне қатысқан болатынмын. Шараға Амандос Ақанаев, Сабыр Мәмбиев, Дулат Әлиев сынды сол кездегі мықты суретшілермен қатар ат салысқанымды әлі күнге дейін мәртебе тұтамын. Шығармашылығымның бастауы осылай өрбіді.

Ел еңсесін биіктетуге үлес қосып жүрген азаматтардың жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарларын атап өту мақсатында «Жыл адамы» жобасы жыл сайын ұйымдастырылып келеді. Былтыр да, Астана қаласының 20 жылдығына орай, арнайы құрылған Сарапшылар алқасы жыл үздіктерін анықтаған болатын. Дәстүрлі жобаның 2018 жылғы «жыл адамдарының» қатарында Жеңіс Кәкенұлы да бар. «Жыл суретшісі» атанған ол пікірімен бөлісті:

– Отыз жылда бірқатар көрме ұйымдастырылды, бірнеше мәрте шетелде тәжірибе алмасуға мүмкіндік туды. Елорда мерейтойына орай Елбасы кітапханасында бас қаланың ерекше  көріністерінен сыр шертетін «Астана суретші көзімен» атты тақырыптық көрмемнің тұсаукесері өтті. Келушілер мен саладағы әріптестерімнің ризашылығымен қатар, Мархабат Байғұт, Сұраған Рахметұлы, Ғалым Жайлыбай сияқты зиялы қауым өкілдері мен әлемге қазақ елін әйгілі еткен Димаш Құдайбергенмен қатар «жыл адамдарының» тізіміне ену мен үшін күтпеген тосын сый болды, - дейді.

Жеңіс Кәкенұлы – Мәдениетті қолдау жылы эмблемасының авторы (2000 ж.), 2009, 2010 жж. Президент стипендиясының лауреаты. Семей қаласындағы Невзоровтар әулетінің музейінде тұрған оның жұмыстары мен Нью-Йорк қаласында (АҚШ) көпшілік назарына ұсынылған еңбектері жұртшылықтың оң пікіріне ие болды. Бүгінде авторлық туындылар Қазақстанмен қатар Ресей, Молдова және Түркия елдерінің жеке топтамаларында сақтаулы.

– Жеткіншек көрермендерімді «Құлыншақтар» атты топтамаммен таныстырсам деймін. Топтамаға кіретін жұмыстарымның басым көпшілігі дайын. Сәті түссе, тұсаукесерді Халықаралық балаларды қорғау күніне орайластырсам деген ниет бар. Балалардың талғамын кішкентайынан қалыптастырып, оларға өнердің тілін түсінуді ерте үйреткен дұрыс деп ойлаймын. Осы орайда дайындалып жатқан топтаманың бүлдіршіндер көңілінен шығатынына сенімім мол, - дейді суретші.