ЖЕҢІС ШЕРУІН КӨРГЕН БАТЫР

Осыдан 75 жыл бұрын  Мәскеудегі Қызыл алаңда 1945 жылдың 24 маусым күні Ұлы Отан соғысының аяқталуының құрметіне аңызға айналған шеру өтті. Бұл шараға 24 маршал, 249 генерал, 2 536 офицер және 31 116 жауынгер мен сержант қатысты. Мерекелік шеруде жүріп өткен айбынды жауынгерлердің қатарында 2-Украина майданына қарасты 46-армия 99-атқыштар дивизиясының 473-артиллерия полкі 2-дивизионының барлау бөлімінің командирі, ефрейтор, Кеңес Одағының Батыры Нағи Ілиясов та бар.

Болашақ батыр 1920 жылы 6 қарашада Қызылорда облысындағы «Қызыл коммуна» ұжымшарында дүниеге келген. Бала кезінен Нағи ертерек ержетіп, лайықты азамат болуға ұмтылады. Арыс қаласындағы балалар үйінде тәрбиеленген Нағиды кейіннен Ташкент қаласындағы балалар үйіне жібереді. Ол сол жердің мектебін бітіріп шығады.

Балалық шағында көп қиындық көрген ол жас өспірімдерге қолдау көрсету, көмектесу мақсатында мұғалім мамандығын игереді. 1939 жылы Ташкент педагогикалық училищесінің жұмысшылар факультетін бітіріп, 1940 жылы Ташкент маңындағы Жоғарғы Шыршық ауданының бастауыш орта мектебінде мұғалім болып жұмыс істейді. Араға біраз уақыт салып тағдырдың жазуымен Нағи туған жеріне қайта оралып, Қызылорда облысы Тереңөзек ауданындағы туған ауылының мектебіне оқытушы болып жұмысқа орналасады.

1942 жылы  мектепте сабақ беріп жүрген жерінен ол әскерге аттанады. Осы жылдың қаңтарынан бастап қарулы күш құрамында жүріп Отан алдындағы азаматтық борышын қалтқысыз атқарады. Сталинград майданындағы 152-атқыштар бригадасының жеке артиллерия дивизионының барлаушысы ретінде Астраханға таяу маңдағы Халхута поселкісінің маңында ұрысқа кіреді. Одан кейін 2- Украина майданына қарасты 46-армия 99-атқыштар дивизиясының 473-артиллерия полкі 2-дивизионының барлау бөлімінің командирі болып жаумен алысады.

От пен оқтың ортасында жүрген батырдың Ұлы Отан соғысының тарихындағы аса ауыр шайқастарының бірі – Будапешт операциясы еді. 1944 жылы төрт айға созылған ұрыста ол Дунайдың оң жағалауына өтіп, шабуылдау тобының құрамымен Майошхаза венгр ауылы үшін шайқасады. Осы ұрыс кезінде оның оң жақ санына оқ тиіп жараланса да жаумен алысуын тоқтатпайды.

«Түн, біз өткелден өте бастағанымызда өзен үстін тұман басқан еді. Аса қатты тыныштық сақталғанымен, гитлерліктер бізді байқап қалды. Осы кезде өзен үстінде көптеген ракеталар жарқылдап, біз алақанда тұрғандай күйде болдық. Дунайдың сол жақ жағасында тұрған катюшалар осы сәтте оқ атқылай бастады. Сөйтіп жаудың от атқылауы тоқтатылды. Оң жақ жағалауға өткен кезде траншейларындағы жау әскерімен төбелес басталып кетті. Бұл өте ауыр ұрыс болды. Дегенмен траншеяның оң жағын тазалап Будапештке баратын үлкен жолға өттік», -деп еске алады Нағи Ілиясов.

1945 жылғы 24 наурыздағы КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен неміс-фашистік басқыншылармен күрес майданында қолбасшылық міндеттерін үлгілі орындағаны үшін және осы кезде көрсеткен ерлігі мен батырлығы үшін Нағи Ілиясовқа Кеңес Одағының Батыры атағы беріліп, Ленин ордені мен «Алтын жұлдыз» медалі қоса тапсырылды.

Көптен күткен жеңіс күнін Нағи Ілиясов Прага маңында қарсы алды. Ұмытылмас әсер мен мақтаныш сезімін ол Мәскеудегі Жеңіс шеруіне қатысқан кезінде терең сезіне білді.  

Атақты барлаушы Н. Ілиясов 1945 жылдың қараша айында әскерден қайтканнан кейін Қызылорда қаласындағы партия жұмысына білек сыбана кірісті. 1952 жылы Қазақстан КП ОК жанындағы Жоғары партия мектебін бітірді. Осы уақыттан бастап оның Қазақстанның ауыл шаруашылығындағы ұзақ әрі жемісті қызметі басталды.

Н. Ілиясов 1956-1960 жылдары Тереңөзек ауданындағы Қараөзек совхозының директоры, 1962 жылы Жалағаш аудандық атқару комитеті төрағасы орынбасары, 1964-1965жылдары Сырдария ауданы Комсомол совхозы №2 бөлімшесі  меңгерушісі, 1965-1966 жылдары Сырдария ауданы ауыл шаруашылық басқармасы бастығының орынбасары болып жүйелі жұмыстар жүргізді.

Өскен жерінің өркендеуіне үлес қосқан азамат 1966-1972 жылдары туған ауылында  күріш совхозын ашып, оған басшылық етеді. 1972-1976 жылдары Сырдария ауданы Комсомол совхозының директоры, 1976-1981 жылдары Облыстық атқару комитеті еңбек ресурстарын пайдалану бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарды.

Жұбайы Гүлбаршын Маштақовамен бес бала тәрбиелеп өсіреді. Бүгінде  олардың төртеуі ғалым.

Кеңес Одағының Батыры Нағи Ілиясов 1987 жылы 6 мамырда Алматы қаласында өмірден озды. Бүгінде оның есімімен Қызылорда облысы, Сырдария ауданындағы туған ауылы аталады.  Бұл ауылды көпшілік күріш өндіру саласының белсендігі мен дамуына қарап «шөлдегі оазис» деп атайды. Нағи Ілиясовтың есімі орта мектепке, Қызылорда қаласы мен облыс аудандарындағы көшелерге берілген.  

Нағи Ілиясовтың қаламынан туған  «Жауынгер жолы», «Совхоз – фабрика риса» атты кітаптары бар. Батыр өзінің «Өмір жолының документтері жайлы анықтама» деп аталатын жазбасында басынан өткізген үш бақыты туралы былайша баяндайды: «Отызыншы – ашаршылық жылдары балалар үйіне орналасып, аман қалдым. Ташкенттегі педагогикалық училищені бітіріп, салауатты ұстаз болып елге оралдым. Бұл – маған тағдыр сыйлаған бірінші бақытым әрі бірінші өмірім. Ұлы Отан соғысы кезінде үш рет жаралансам да, ең жоғарғы, әрі құрметті Кеңес Одағының Батыры атағын алып, аман-есен елге оралдым. Бұл – екінші бақытым, екінші өмірім. Жалған айыптар тағылып ұзақ уақыт қудаландым, партия қатарынан шығарылдым, қылмыстық жауапкершілікке тартылдым. Бірақ әділеттілік түбегейлі менің жағымда болғандықтан, қылмыс жасаушылар да, оларды қызғыштай қорғаушы мықтылар да тиісті жазаларын алды. Соғыс кезінде алған партия билетімді, дақ түсірмей, бұрынғы таза күйінде қайтып алдым. Бұл – менің үшінші бақытым және өмірім».

Биыл туғанына – 100 жыл толатын Кеңес Одағының батыры Нағи Ілиясовтің өнегеге толы өмірі ұрпаққа үлгі болып қалатыны анық.