«ЖИЫРМА МЫҢЖЫЛДЫҚТЫҢ ҚҰПИЯСЫ: ІЗДЕНІСТЕР МЕН АШЫЛЫМДАР» КІТАБЫ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

Бүгін Елбасы кітапханасында Жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, «Тұран» университетінің ректоры, профессор  Рахман Алшанұлы кітабының тұсауын кесті.

«Жиырма мыңжылдықтың құпиясы: ізденістер мен ашылымдар» атты еңбектің беттерінде жерді апаттық жағдайға ұшыратқан метеоридтердің жойқын соққысы мен олардың әсерін анықтаған шетелдік ғалымдар мен мамандардың көпжылдық зерттеу жұмыстары келтірілген.

Елбасы кітапханасының директоры, саяси ғылымдардың докторы, профессор Әмірхан Рахымжанов монографияның ғылыми зерттеулер саласында жаңа беталыс алғанын белгіледі:

– Кітап зороастризмнің қасиетті жазбаларын қарастырып, «Авестадан» түсіндірмелер келтіреді. Ол жаратылыстану саласы мен әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдарды бір арнаға тоғыстыруымен ерекшеленеді. Ғылыми және әдістемелік бірізділікті сақтаған басылым мәселені теориялық және тәжірибелік тұрғыдан зерттеу арқылы басты артықшылығын көрсетті, - деді ол.

Автор зілзаланың куәгері саналатын «от шашқан айдаһарларға» қатысты аңыздар мен деректерді талдайды. От көшкініне ел тарихымызда алғаш рет баға беріліп, маңызды тұжырымдар келтіріледі. Экономика ғылымдарының докторы Рахман Алшанұлының айтуынша, «Авеста» ғалымның санасын сілкіндірген. Зерттеулердің нәтижесінде «Жиырма мыңжылдықтың құпиясы: ізденістер мен ашылымдар» кітабы жарық көрді.

– Авеста – жер бетінен орын алған экологиялық апаттардың тарихи хронологиясы. Оқиғаны дерекке түсіргендер мен бұл деректерді жеткізгендер ұрпақтар буынын ескерту арқылы дабыл қағады. Оның бетінде Тиштр, яғни Сириус туралы деректер бар. Бұл жұлдыз туралы әлем тарихында ешкім кітап жазбаған. Сириус жұлдызындағы апат бірінші болып Авестадан көрініс тапқан, - деді Рахман Алшанұлы. Кітап авторы академик Әлкей Марғұланның деректеріне сүйеніп, Авестаның түркі тамыры бар екендігін баса айтты.

Туынды «Авестамен» қатар «Энума Элиш» сияқты еңбектерге зор көңіл бөледі. Олардың мазмұнында бар кей дәстүрлердің өзімізде бар ұлттық дәстүрлермен үндестігі зерттеледі. Мәселен, Наурыз мейрамын қарсы алуда амал айту, көрісу, құрбан шалу дәстүрлері кең тараса, «Авестада» да 10-12 наурыз аралығынан 20-22 наурыз аралығына дейін созылатын он түндік дәстүрлер бары жазылған.

 

Кітап тұсаукесеріне белгілі қоғам қайраткерлері, зиялы қауым, жас ғалымдар және БАҚ өкілдері қатысты. Қосымша ақпаратты ҚР жоғарғы оқу орындарының қауымдастығынан (avrk@mail.ru) алуға болады: +7 (7272) 62 14 28, +7 701 728 22 28.