ЖҮРЕГІ КЕҢ КІШКЕНТАЙДЫҢ АРМАНЫ

Бүгін Елбасы кітапханасының музейіне Екібастұз қаласынан ерекше қонақ келді. Алты жасар Жігер Хасенді әлеуметтік желі қолданушылары жақсы таниды. Бойына тән зеректігі мен алғырлығымен ол Абай оқуларындағы ең кішкентай үміткер ретінде қалың жұрттың көзайымына айналған еді. Өзі кішкентай болса да, жүрегі кең бұл баланы есте сақтамау өте қиын. 

– Анам екеуімізді күтіп, жылы қарсы алғандарыңызға рахмет, - деп Жігер жымия ұялды.

Оның бұл күйін аңғара қойған анасы Меруерт Оразалина жаңадан ашылған музейге Жігердің келгісі келіп жүргеніне біраз болғанын айтып түсіндірді:

– Әлемді сілкіндірген ахуалдың тұсында төрлеріңізге қонақ бола алмаймыз-ау деп ойлап едік. Бас қалаға Жігерге ота жасату мақсатында келген соң, күрделі емнен кейін оның көңілін аулайтындай амал іздеп қалдым. Үмітімді үзбестен мекеменің өкілдерімен байланысқа шықтым. Сөйтсек, ашылуын көптен күткен музейдің жұмысы ортақ шараларға сәйкес жүріп жатыр екен. Қуана асыққанымыз соншалық, экскурсияға таң ата ерте келіп қойыппыз, - деп Меруерт ханым күлді. – Абай мұрасын насихаттайтын дәстүрлі әдебиет сайысының арқасында Жігер ұйымдастырушы мекеменің атауын ажырататын болыпты. Номинация жеңімпазы атанғанда «Ол жаққа қашан барамыз?» деп сұрауын қоймады. Енді сол ниеттің орындалғанына бүгін ана ретінде риза болып отырмын, - деді ол.   

  

Кең залдарға көшкен бірегей жәдігерлер меймандарды ұлттық мұрамен таныстырып, ел тарихымен сусындатты. Осы тұста Жігердің білуге құмарлығы сауалдарынан көрініп жатты. Ел жастарының келбеті бейнеленген суреттерге қарап ол: «Бұл кісілер кім? Бұл жерге қандай қатысы бар?», - деген сұрағын қойды. Суреттегі кісілердің мемлекет дамуына елеулі үлес қосқан азаматтар екенін анықтаған Жігер «Қазақстанның 100 жаңа есімі» деген жазуға, оған іліккен жандардың аты-жөніне көзін алмай қарады. Баланың жанарынан үміттің лебізі сезілді. Дәл осы көзқарас қолтаңбасы бар сыйлықтарды тамашалағанда тағы байқалды:

– Бастапқыда әдемі сыйлықтардың неге «шимайланғанын» түсіне алмай, себебін түсінуге тырыстым. Сөйтсем, мұның бәрі шимай емес, сыйлы адамдардың қолтаңбасы мен тілегі екен. Қайыржан аға (Экскурсия қызметінің сарапшысы Қ.Қоңыршин) халық мойындаған тұлғалар мен түрлі сайыстардың жеңімпаздары кіршіксіз ризашылығын осылай білдіретінін түсіндіріп айтты. Келешекте футболшы болып жатсам, қолтаңбасы мен тілегі бар мен киген жейденің де осы музейде сақталғанын қалар едім, - деп Жігер қиялымен бөлісті.

Анасымен бірге ол жетінші залда орналасқан ақпараттық шатырға зор қызығушылық танытты. Мазмұнымен ерекшеленетін әр шатырдың астына кіріп олар мәдениет қайраткерлерінің өмірбаяны мен шығармашылығына көз жүгіртіп, туындыларын тамашалады. Құлаққаппен классикалық әуен әлеміне, әсіресе Абай мирасына саяхат жасау Жігерге қатты ұнады.

– Жігердің өлеңге құштарлығы 3 жасында оянды. Абай шығармашылығына құрметі де ерте қалыптасқан. Оның өлеңдерін жаттауға келгенде, балаларға арналған қысқа үзінділерді жаратпай, толық нұсқасын мәнерлеп оқығанды абзал санайды. Өлеңнің әні болса, шырқап орындағанды ұнатады. Бала түсінігіне қиындау сөздер мен ұғымдардың мәнін ылғи сұрап ойына түйіп жүреді. 7-8 өлеңін жаттаған шағында ол Абайдың қара сөздеріне көшті. Қызығы, сыңары Жібекке қарағанда, Жігердің ойлау қабілеті өзгеше, ағалығы білініп тұрады. Өмірге көзқарасы, ақыл-парасаты Абай мұрасының арқасында қалыптасты десек артық болмайды. Осы тұста өскелең ұрпақты тәрбиелеу ісіне Елбасы кітапханасы зор үлес қосып жатқаны хақ, – дейді Меруерт Оразалина.

– Анам «Сенің атың затыңа сай» деп күш-жігерімді мақтап, мені ылғи ынталандырып отырады. Сондықтан да анам менің ең жақын досым. Онымен бірге осындай әдемі жерді тамашалағаныма ризамын. Шынымды айтсам, ем қабылдау үшін астанаға 4-5 рет келген шығармын. Бірақ бұл реттегі сапарым музей саяхатымен ерекше еске сақталатын болды. Фильмдерден ғана көретін көз тартар технологияларды өз көзіммен көріп, өз қолыммен ұстап үлкен әсер алдым. Енді соның бәрін қарындасым Жібекке көрсету үшін музейге тағы бір мәрте келгім келеді, - деп кішкентай Жігер мейірімімен ересектердің жан-дүниесін елжіретті.