Үстіміздегі жылдың 27 қарашасында Назарбаев орталығында «Көңілдің асыл пернесі: Н. Ә. Назарбаевтың ән шығармашылығы» бірінші республикалық шығармашылық байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі мен гала-концерт өтті.

Байқауды Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры мен кітапханасы М. Өтемісұлы атындағы оқушылар сарайымен бірлесе ұйымдастырды.

Осындай байқауды өткізудің басты мақсаты дарынды балаларды қолдау және қазақстандық қоғамның рухани-адамгершілік және мәдени дәстүрлері тұрғысынан мектеп оқушыларының бойында құндылық бағдарын қалыптастыру, талантты жастарды қолдауға бағытталған Мемлекет басшысының идеяларын насихаттау болып табылады.

– Біздің дархан даламыз талапты да дарынды өнер адамдарына өте бай. Елбасы қоры мен кітапханасы көп жылдар бойы еліміздің талантты жастарына белсенді қолдау көрсетіп келеді. Қазақстандық жастардың әлем сахналарында үлкен жетістікке жетіп жүргені қуантарлық жайт. Атап айтсақ, Димаш Құдайберген, Мария Мудряк және басқа да өнерлі жастар. Осы байқаудың арқасында өнер шыңында жаңа жұлдыздардың жарқырайтынына сенімім мол. Сіздерге, сіздердің ата-аналарыңыз бен ұстаздарыңызға бүгінгі ғажайып мереке үшін алғысымды білдіремін, – деді Тұңғыш Президент қорының атқарушы директоры Қанат Жұмабаев.

– Байқау жылдан жылға шарықтап, танымал болуда. Екі жылдың ішінде Астанадағы көне мекемелердің бірі – М. Өтемісұлы атындағы оқушылар сарайымен бірлесе жұмыс істегелі аталмыш байқау өз дәрежесінде қалыптасып, қалалық деңгейде тәжірибе жинақтады. Оқушылар сарайындағы әріптестеріміздің шығармашылық бағыты мен креативтілігін ерекше атап өткім келеді. 2017 жылы Елбасы қорының қолдауымен байқау алғаш рет республикалық мәртебеге ие болды. Кең көлемдегі ән жарысы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының басымдықтары мен «Мәңгілік Ел» отансүйгіштік идеялары негізінде халық дәстүрлерін сақтау және тұлғаның адамгершілік қасиеттерін байытуды көздейтін Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың әндерін насихаттау және дәріптеуге арналған, – деді Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Әмірхан Рахымжанов.

– Іс-шараның жастарды тәрбиелеуде маңызы зор. Өскелең ұрпағымыз Мемлекет басшысының халқымыз бен жастарға деген қамқорлығы шексіз әрі жан-жақты екенін білуі керек. Осы жылы байқаудың республикалық деңгейде өтуі қуантарлық жайт. Бүгінгі шығармашылық байқаудың арқасында қазақстандықтар Елбасының ұлы ойлары мен идеяларын тереңірек түсінетін болады, – деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Кеңес Дүйсекеев.

Байқау 2017 жылдың 1 қазанында басталды. Байқау комиссиясына еліміздің 98 оқу мекемелерінен 138 өтінім түсті. Байқауға жас ерекшеліктері бойынша екі санаттағы – 12-ден 14 жасқа дейін, 15-тен 18 жасқа дейінгі жалпы білім беретін мектеп оқушылары, жеке және ұжымдық топтар (дуэт, трио, квартеттер) қатысты.

Іріктеу кезеңінен кейін 30 үміткер финалға шығып, финал 25 қарашада Оқушылар сарайында өтті. Оқушылар әуезді әндерімен және орындау шеберліктерімен көрермендерді тәнті етті.

Белгілі қазақстандық әншілер мен өнер қайраткерлерінен құралған кәсіби әділ қазылар байқау қорытындысы бойынша жеңімпаздарды анықтады:

– бас жүлдені Елбасының сөзіне жазылған «Елім менің» әнінің орындаушысы Қостанай қаласынан Темірлан Самұратов иеленді;

– «Біздің Президентіміздің сүйікті әндері толқынында» (Мемлекет басшысының сүйікті әндерін орындау) номинациясы бойынша – Қарағанды облысынан Екатерина Сушкова 12–14 жас ерекшелігі бойынша «Бүлдірген» әнін орындаса, 15–18 жастар арасында Астана қаласының № 30 мектеп-гимназиясының квартеті «Рахмет, саған, туған ел» әнін орындады.

– «Патриоттық тақырыптағы авторлық шығарма» номинациясы бойынша – елордалық оқушы Рүстем Ғазизов «Отан ана» әнімен жеңімпаз атанды.

– Менің бүгінгі көңіл-күйім өте керемет, бойымды қуаныш кернеп тұр. Қашанда аздан бастауға дағдыланып, шағын көрермендерді баурап алуға асығатынмын. Кейін анам екеуіміз әніммен Кеншілер мәдениет сарайын, содан соң Астана тыңдармандарын тамсандыруды армандадық. Бүгін әні мен сөзін Президент жазған менің жүрегімнен ерекше орын алған «Үшқоңыр» әнін орындау мәртебесіне ие болдым. Осы әнді орындау арқылы біздің отбасылық арманымыз орындалды деп сеніммен айта аламын. Енді мен өз күшімді Мәскеуде сынап көрмекпін. Менің өнер жолымда бірегей тәжірибе болып, талантыма деген сенімімді күшейте түскен Тұңғыш Президент қоры мен кітапханасына бүгінгі шараны ұйымдастырғандары үшін алғысым шексіз, – деді «Бабамнан калған кең дала» номинациясы бойынша бірінші орынды иеленген Қарағанды мектебінің оқушысы Александра Потапкина.