Утепова Мөлдір, № 64 мектеп-лицейінің тарих пәні мұғалімі

19-05-2016

Мемлекеттік рәміздер тәуелсіздігіміздің басты айғағы, ұлт мақтанышы. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орай ҚР Тұңғыш Президент музейінде №64 мектеп-лицейінің оқушылары ҚР Елтаңба авторы Жандарбек Мәлібекұлымен «Мемлекеттік рәміздер – ұлт мақтанышы» атты кездесуге қатысты. 4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күні қарсаңында өткен бас қосуда рәміздердің халық арасында насихатталуы кеңінен сөз болды. Автормен дидарласуға келген оқушылар көкейде жүрген сауалдарына жауап алды. Жандарбек Мәлібекұлы Елтаңбаның тарихына тоқталып, ондағы әр символдың қадір-қасиетін, әсіресе жастар жетік білуі керектігін айтты, әрбір қойылған сұрақтарға нақтылап, анықтап жауап берді. Елтаңба – бүкіл әлем мойындаған мемлекеттіліктің ерекше маңызды нышаны. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орай, мектебімізде «Мемлекеттік рәміздер – ұлт мақтанышы» атты ақындар сайысының жеңімпаздары 10-сынып оқушылары Жақан Рамазан, Жансерік Раулана, 6-сынып оқушысы Ризабек Айдана Елтаңба туралы ой толғаныстарын автормен бөлісті. Кездесу соңында 10-сынып оқушысы Ермухамбетова Айым «Қазағым» әнін орындап, барлық оқушылар мен ҚР ЖасҰлан мектебінің оқушыларымен бірігіп, авторға флешмоб биін тарту етті. Сабақ мазмұнды әрі қызықты өтті. Ұйымдастырушыларға алғысымызды білдіреміз.