Мейрамбек Ербатыров

22-04-2013

Музей тарапынан ұйымдастырылған оқушылардың қалалық дебаттық турнирінде екінші жыл төрешілік етіп келемін. Турнир оқушылар үшін келесі тұстарымен қызығушылық тудырып отыр: біріншіден, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейінің ауыспалы кубогі үшін, екіншіден турнирге ұсынылатын тақырыптардың жан-жақты, өзектілігі, үшіншіден әділетті өтетіндігі.
Сондықтан да, биылғы турнирге қазақ лигасынан 18 команда қатысып, 4 раунд барысында бақ сынасты. Финалға шығып, кубок иеленген № 15 лицейдің «Жалынды жастар» тобы қала, облыс, республика бойынша алдыңғы қатарлардан көрініп жүрген мықты команда. Бір қуантарлығы, командалардың ішінде бірінші рет қатысып отырса да, өзінің шешендігін, логикалық ойлау қабілетін көрсетуге, дәлелдеуге тырысқан командалар көп болды. Атап айтар болсақ, № 7 мектеп-гимназиясының «Азамат» тобы қай жерде де сөз тауып кететіндігімен, ақпаратты толық меңгергендігімен ерекшеленсе, дарынды балаларға арналған «Зерде» мектебінің «Іңкәр сезім» тобы өздерінің жастығымен, шешен сөйлеу қабілетімен төрешілерді өздеріне тарта білді. Ал «Үздік спикер» атанған № 5 гимназияның оқушысы Салайдын Мұхамедәлі әрбір ойды дәлелдеуде өзінің ұтымды көзқарастарын ұсынуымен алға шықты.
Алдағы уақытта да, ұйымдастырушыларға, әсіресе Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Музейі ұжымына облыстық, республикалық көлемде турнир өткізуді ұсына отырып, сапалы да жемісті еңбек тілеймін!