Қазақстан мен Ресей Президенттерінің келіссөздер қорытындысына арналған бірлескен брифингі

www.akorda.kz

Мемлекет басшысы брифинг барысында Ресей Президенті сапарының айрықша биік мәртебесі екі ел қарым-қатынасының ерекше сипатын айғақтайтынын атап өтті.

Қазақстан мен Ресейдің арасында өзара іс-қимылдың, достық пен ынтымақтастықтың бұрыннан қалыптасқан  әрі шынымен табысты тәжірибесі бар. Біздің әрбір кездесуіміз – бірлескен жобаларды жүзеге асыру жөніндегі нақты уағдаластықтар, ынтымақтастықтың өзара тиімді шартқа құрылған жаңа бағыттарын айқындау, – деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті қазіргі күрделі ахуалды ескере отырып, келіссөздерде  экономикада үйлестірілген іс-қимылдар жүргізу мәселесі басты тақырып болғанына назар аударды.

Бұл үшін бізде екіжақты форматта да, Еуразиялық экономикалық одақ аясында да қажетті құралдардың бәрі бар. ЕАЭО құру фактісінің өзі елдеріміз үшін оң ықпал болып саналады. Қазақстанның өндірушілері ЕАЭО-ға мүше елдердің ауқымды нарығына шектеусіз қол жеткізді. Енді осы нарықта орнығу үшін тауар, жұмыс және қызметтердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру жөнінде жұмыс істеу керек, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев келіссөздер кезінде әлемдік экономикадағы түйткілдердің салдарын жеңілдету үшін нақты шаралар шоғыры айқындалғанын да айтты.

Бұл – Ресейдің газы мен мұнайын Қазақстан арқылы Қытайға транзиттеу, Каспийдегі «Орталық» және Хвалынское» кеніштерін бірлесіп игеру, көмір өнеркәсібі саласында ынтымақтасу, транзит үшін Каспий теңізінің бойымен Парсы шығанағына шығатын жаңа жолды пайдалану мәселелерін пысықтау. Біз «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жобасының аяқталуы жөнінде, сондай-ақ инфрақұрылымдық саладағы ынтымақтастық туралы арнайы сөйлестік. Осы бағыттарда серіктестікті дамыту үшін зор әлеует бар, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы екі елдің сауда-экономикалық өзара іс-қимылының келешегіне бөлек тоқталды.

Ресей Қазақстанның дәстүрлі ірі сауда серіктесі болып саналады. Өзара тауар айналымының орташа жылдық көлемі шамамен 21 миллиард долларды құрайды. Ресей компаниялары Қазақстанның ірі көмірсутек шикізаты кеніштерін игеруге қатысып жатыр. Қазақстанда ресейлік капиталдың қатысы бар 5600-ден астам кәсіпорын жұмыс істейді. Бүгінде Қазақстанның Индустрияландыру картасы аясында қазірді өзінде бірлескен 20 ірі инвестициялық жоба іске асырылды, 4-еуі атқарылып жатыр, тағы 3-еуі болашақта қарастырылмақ, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Іс-шара барысында сондай-ақ күн тәртібіндегі өзекті халықаралық мәселелерге қатысты Қазақстан мен Ресейдің ұстанымдары айтылды.

Біз Минск уағдаластықтарының жүзеге асырылу барысын, жаһандық және өңірлік ұйымдар аясындағы ықпалдастық аясын, соның ішінде Орталық Азия өңіріндегі тұрақтылық пен қауіпсіздік мақсатында кеңейту мәселелерін талқыладық. Бұл ретте Ауғанстандағы, Сирия мен Ирактағы ахуалдың зор мәні бар. Біз Владимир Владимировичпен осы өңірде қалыптасқан жағдайды талқыладық. Бүгінде шииттер мен мен сүнниттер арасындағы текетіреске қатысты белсенді спекуляция жүруде. Алайда бұл әңгімелер шындыққа еш жанаспайды. Сирияда болып жатқан жайт – біздің бәріміз үшін, әсіресе Орталық Азия өңірі үшін ортақ қатер. Осыған байланысты біз «Ислам терроризмге қарсы» форумын өткізу идеясын ұсынып отырмыз, – деді Қазақстан Президенті.

Қазақстан мен Ресей әлемдегі ахуалдың өрістеуіне және оны бағалауға қатысты ортақ көзқараста екені, екі ел халықаралық мәселелерді шешу қадамдарын тығыз үйлестіретіні және осы мәселелер бойынша пікір алмасулар мұны тағы да дәлелдегені атап өтілді. Соңында Нұрсұлтан Назарбаев Ресей тарапына Қазақстан тарихындағы үшінші ғарышкер А.Айымбетовтің ғарыш экспедициясын ұйымдастыруға жәрдемдескені үшін алғыс айтты.

Ресей Президенті өз кезегінде бүгін сындарлы әрі ауқымды келіссөздер өткенін атап көрсетті.

Бұл келіссөздер дәстүрлі ашық әрі достық ауанда өтті. Біз сауда, инвестиция, энергетика, көлік, ғарыш, атом энергиясын бейбіт пайдалану сияқты салаларға айрықша көңіл бөле отырып, екіжақты қарым-қатынастардың барлық қыры бойынша пікір алмастық, – деді В.Путин.

***

Ресей Президентінің Қазақстанға мемлекеттік сапары аясында төмендегідей екіжақты құжаттарға қол қойылды:

– Жер қойнауын пайдалануға қатысты егемендік құқықтарды жүзеге асыру мақсатында Каспий теңізінің солтүстік бөлігінің түбін межелеу туралы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы 1998 жылғы 6 шілдедегі келісім хаттамасына өзгерістер енгізу туралы хаттама;

– Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Ресей Федерациясы Үкіметі арасындағы Авиациялық іздестіру және құтқару саласындағы ынтымақтастық туралы келісім;

– Қазақстан Республикасының аумағындағы жер учаскесін пайдалана отырып, Домбаровский позициялық ауданынан зымырандар ұшыру кезіндегі өзара іс-қимыл тәртібі туралы Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Ресей Федерациясы Үкіметі арасындағы келісім.