Мемлекет басшысы ғарышкер Айдын Айымбетовті марапаттау рәсіміне қатысты

www.akorda.kz

Жиналғандарға арнаған сөзінде Қазақстан Президенті бір ай бұрын Қазақстан ғарышкерінің халықаралық экипаж құрамында алғашқы 10 күндік ғарыш сапарына ұшқанын атап өтті.

Айдын Айымбетов тәуелсіз Қазақстанның үшінші ғарышкері атанды. Мен еліміздің бағындырған жаңа жетістігімен бүкіл халқымызды құттықтаймын. Біздің қазіргі заманғы тарихымыздағы осы ұлы оқиғаға кәсіби тұрғыдан үлесін қосқандардың бәріне алғыс айтамын. Ресейлік серіктестер мен басшыларға, сондай-ақ экспедицияның шетелдік мүшелеріне айрықша ризашылық білдіремін, – деді Мемлекет басшысы

Нұрсұлтан Назарбаев ғарышты игеру әрқашан адамзаттың ең аңсарлы арманының бірі болғанын атап өтті.

Бүгінде бұл – барлық жер шары тұрғындарының ең биік миссиясы. Біздер, қазақстандықтар байтақ жерімізде бүкіләлемдік ғарыш айлағы – Байқоңырда алпыс жыл бойы жұмыс жүргізіліп келе жатқанын мақтан етеміз. Ғарышкерлерді Жер жүзі осы жерден, Қазақстаннан шығарып салады. Адамзаттың ғалам туралы танымын кеңейтетін күрделі экспедициялардан кейін оларды осында қарсы аламыз. Ғарышқа ұшқан жарты ғасырдан астам уақыт ішінде 38 елдің 545 ғарышкері ғарыш кеңістігінде болып қайтты. Сол елдердің қатарында Қазақстан да бар А.Айымбетовтің сәтті сапары еліміздің ғарыш жылнамасының жаңа парағын ашты, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы біздің республикамыз ғарыш кеңістігін бағындырған азаматтарының саны үшеуден кем емес әлем бойынша 9 елдің бірі болғанына назар аударды

Бұл – Күн жүйесінің кеңістігін зерттеу және игеру ісіне өзге елдермен бірге атсалысып отырған Қазақстанның ғарыштық болашағы үшін жасалған жаңа қадам. Жердің тартылыс күшін еңсеруге ұмтылыс адамның ең ұлы ерлігінің бірі болды, солай болып қала береді. Ол ең батыл әрі лайықтының ғана қолынан келеді. Осындай батырдың бірі біздің үшінші ғарышкеріміз А.Айымбетов болып отыр. Сондықтан мен оған Халық Қаһарманы және «Қазақстанның ғарышкер-ұшқышы» атағын, сондай-ақ Алтын жұлдыз бен «Отан» орденін беру туралы Жарлыққа қол қойдым. Осы ең жоғары марапаттар оның Қазақстан халқының игілігі үшін жасаған ерлігін айғақтайды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті жаңа Халық Қаһарманы А.Айымбетов енді еліміздің көрнекті батыр-ғарышкерлері қатарында болатынын айтты.

Біздің тұңғыш ғарышкеріміз Тоқтар Әубәкіровтің 24 жыл бұрынғы ғарышқа сапары Қазақстан Тәуелсіздігінің алтын бастауы болды. Осы ұшуды жүзеге асыру үшін қаншама қиындықтарды еңсеруге тура келгені есімізде. Екінші ғарышкеріміз Талғат Мұсабаев – жалпы жиынтығы 341 тәулікке созылған 3 ғарыш экспедициясына қатысты. Ол – ашық ғарыш кеңістігіне 8 рет шығып, 42 сағаттан астам уақыт болған тұңғыш қазақ. Талғат Мұсабаев – Қазақстан мен Ресейдің ғарыш саласындағы ынтымақтастығының, халықтарымыздың мәңгілік достығы мен тату көршілестігінің символы, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев А.Айымбетовтің Қазақстанның ғарыштық зерттеулерінің бесінші бағдарламасын жүзеге асырғанын атап өтті.

Салмақсыздық жағдайында «кулонды кристалл» алу жөніндегі зерттеулер жүргізілді. Елдің экологиялық проблемалары бар өңірлерін, ең алдымен Аралды мониторингтеу және суретке түсіру жұмыстары жасалды. Бірқатар маңызды сынақтар денсаулық сақтау саласына қатысты болды, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Қазақстан ғарышкерінің бұл сапары ұлттық экономиканың инновациялық ғарыштық саласын дамытудың жаңа кезеңінің бастауы болғанына назар аударды.

Атап айтқанда, Астанада бүгінде ғарыш аппараттарын құрастыру-сынау кешені салынуда, ол жер серіктерін жобалау, құрастыру және сынау жөнінен ТМД-да баламасы жоқ жоғары технологиялы кәсіпорын болады.

Сонымен қатар, 2014 жылы жоғары дәлдіктегі жерсеріктік навигация жүйесінің жердегі инфрақұрылымы қалыптасты, ғылыми-технологиялық мақсаттағы ғарыш жүйесін жобалау жұмыстары аяқталуда. Қазақстанның ғарыш саласына қажетті кадрларды даярлау, қайта даярлау және біліктілігін көтеру жүйесі құрылды, ол ғарыш мамандықтары бойынша студенттерді Қазақстанның жоғары оқу орындарында, сондай-ақ «Болашақ» бағдарламасы арқылы шетелдерде оқыту ісін қамтиды.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазғарыштың ғылыми мекемелері өткен төрт жыл ішінде 37 ғылыми-зерттеу жобасын жүзеге асырып, өнертабыс үшін 5 патент алғанына тоқталды.

Соңында Мемлекет басшысы еліміздің жаңа Халық Қаһарманы Айдын Айымбетовті ең жоғарғы мемлекеттік наградасымен құттықтап, өзіне жүктелген міндетті оның табысты орындағанын айтты.

А.Айымбетов өзінің сапары Нұрсұлтан Назарбаевтың қамқорлығы мен қолдауының арқасында жүзеге асқанын айтып, Елбасыға алғысын білдірді.

Мен үшін бүгін өмірімдегі ең бақытты әрі толқулы күн болды. Өйткені, мен Президенттің қолынан Отанымның ең жоғарғы наградасын алдым. Мен сіздің тапсырмаңызбен 1998 жылдан бері ғарышқа ұшуға дайындалдым. Халықаралық экипаж құрамында Қазақстанның атынан өкілдік ету мен үшін биік мәртебе, – деді Қазақстан ғарышкері.

Ол сондай-ақ өзіне жүктелген міндеттердің орындалғаны туралы баяндады.

Ұшу сапары барысында Қазақстанның ғарыштық зерттеу бағдарламалары іске асырылды. Қазғарыштың ғылыми бағдарламасы бойынша Арал және Каспий теңіздеріне мониторинг жасалды. Сондай-ақ микрогравитация жағдайында микробөлшектердің физикалық қасиеттері зерттелді. Мұның бәрін біздің ғалымдарымыз термоядролық энергетика, плазмалық медицина, нанотехнология және тамақ өнеркәсібінде пайдаланатын болады. Кейін олар Қазғарыш пен халықаралық ғарыштық ынтымақтастық аясында жалғасады, – деді А.Айымбетов.

Қазақстан ғарышкері өзінің бар күш-қуатын, білімі мен тәжірибесін еліміздің ғарыш саласын одан әрі дамытуға жұмылдыратынына сендірді.

Соңында А.Айымбетов Нұрсұлтан Назарбаевқа халықаралық ғарыш стансасы бортында планетамызды 150 реттен астам айналып шыққан Мемлекеттік туымызды табыс етті.