Елбасы елшілерден сенім грамоталарын қабылдады

www.akorda.kz

Рәсім барысында Қазақстан Президентіне бірқатар елдердің Төтенше және өкілетті елшілері – Корея Республикасынан Чо Ёнг Чон, Иордания Хашимиттік Корольдігінен  – Ахмед Идрис Инаб, Испания Корольдігінен  – Педро Хосе Санс Серрано, Палестина Мемлекетінен – Мунтасер Абу Зейд, Латвия Республикасынан Юрис Погребнякс сенім грамоталарын тапсырды.

Нұрсұлтан Назарбаев елшілерді дипломатиялық миссияларының басталуымен құттықтап, олардың қызметі екіжақты қарым-қатынастар мен елдеріміздің арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға септігін тигізеді деп үміттенетінін айтты.

Біздің бүгінгі кездесуіміз бүкіл Қазақстанда айрықша оқиға – Қазақ хандығының 550 жылдығы кеңінен тойланып жатқан кезеңмен тұспа-тұс келіп отыр. Бұл мемлекеттік құрылым қазақ ұлтын ұйыстыру ісінде айрықша рөл атқарды. Біз жаңа тарихи кезеңде мемлекеттіліктің байырғы дәстүрлерін жаңғырттық, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті тәуелсіздік жылдары ішінде заманауи мемлекеттіліктің берік іргетасы – қарқынды дамыған нарықтық экономика және тұрақты саяси жүйе құрылғанын айтты.

Биыл Ұлт жоспарының 100 қадамы арқылы нақтыланған бес институционалдық реформа бастау алды. Қазақстанның айтарлықтай транзиттік-көлік әлеуеті бар. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында біз республикада инфрақұрылым қалыптастырып жатырмыз. Жібек жолын жаңғырту арқылы халықаралық көлік дәліздері қалыптасуда. Британ құқығына негізделген «Астана» халықаралық қаржы орталығы құрылуда, онда қосымша құн салығын қайтару, жұмыс күшін тарту және басқа да ерекше жеңілдіктер қарастырады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы 2017 жылы Астанада «Болашақтың энергиясы» тақырыбына арналған «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрме өтетініне тоқталды. Сондай-ақ елімізді әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына қосуды көздейтін Қазақстанның 2050 жылға дейінгі даму стратегиясы жүзеге асырылуда.

Нұрсұлтан Назарбаев осының бәрі дипломаттар өкілдік етіп отырған мемлекеттермен арадағы өзара тиімді ынтымақтастық үшін жақсы мүмкіндіктер мен перспективаларға жол ашатынын айтты.

Қазақстан Президенті ХХІ ғасырда жаһандық жаңа архитектура қалыптастыру ісі жаһандық қауіп-қатер ұлғайған тұста жүргізіліп жатқанын, бұлармен күресу барлық мемлекеттің күш-жігерін жұмылдыруды талап ететініне назар аударды.

Мемлекет басшысы Қазақстан халықаралық байланыстар аясын белсенді түрде кеңейту және тереңдету бағытын жалғастыра беретінін атап көрсетті.

Біз өзара сенімді қалпына келтіруге, бейбітшілік пен қауіпсіздікті халықаралық құқық негізінде нығайтуға бағытталған іс-әрекеттерді қолдаймыз. Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруі әлем елдерімен сауда жасауға мүмкіндік береді. Біз сондай-ақ Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына қосылу жөнінде келіссөз жүргізіп жатырмыз. Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік кеңесінің 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүшелігіне кандидатурасын ұсынды. Еліміздің кандидатурасы сіздердің мемлекеттеріңіз тарапынан қолдау табады деп үміттенеміз, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев Нью-Йоркте өткен БҰҰ Бас ассамблеясының мерейтойлық 70-ші сессиясында терроризмге, кедейшілікке қарсы күреске, ядролық қаруды таратпауды қамтамасыз етуге қатысты бірқатар ұсыныс жасағанын айтты.

Қазақстан Президенті еліміз Азиядағы сенімді серіктес – Корея Республикасымен достық қарым-қатынастарды жоғары бағалайтынына назар аударды.

Біздің ынтымақтастығымыз биік деңгейге көтерілді. Корея Республикасының Президенті Пак Кын Хе Астанаға
2014 жылы мемлекеттік сапармен келді. Сол кезде біз ынтымақтастықты жалғастыруға өзара мүдделі екенімізді растадық. Қазақстан экономикасына салған Корея инвестициясының жалпы көлемі 4 миллиард доллардан асты. Корея компанияларының қатысуымен бірлескен 24 жоба іске асырылуда. Астана мен Сеулдің көптеген халықаралық мәселелер жөніндегі ұстанымдары ұқсас. Сауда-экономикалық, гуманитарлық және басқа салалардағы екіжақты ынтымақтастық аясын кеңейту халықтарымызға пайда әкелетініне сенімдімін, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы Қазақстанның Иорданиямен өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі екенін айтты.

 Екіжақты қарым-қатынастар ынтымақтастықтың барлық бағыттары бойынша жүйелі дамып келеді. Жоғары деңгейде сенімді диалог орныққан.  Біз Иорданияға Қазақстанның сыртқы саяси бастамаларына ұдайы қолдау көрсетіп, елімізде өткізілген барлық халықаралық шараларға тұрақты қатысып келе жатқаны үшін алғыс айтамыз. Король ІІ Абдаллаға биылғы маусымда өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің 5-съезінің жұмысына қатысқаны үшін ризашылығымды білдіремін. Біз түрлі салаларда ынтымақтастықты жолға қоюға, екі ел халқының игілігі үшін бірлескен іскерлік жобаларды жүзеге асыруға дайынбыз, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев біздің еліміз бен Испания Корольдігін дәстүрлі достық қарым-қатынастарға құрылған ынтымақтастық байланыстыратынына тоқталды.

Жоғары деңгейдегі Қазақстан-Испания қарым-қатынастары саяси диалогымыздың белсенділігі мен сауда-экономикалық ынтымақтастықтың қарқынды дамуы арқылы ерекшеленіп отыр. Біз Испанияға Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік кеңесінің 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүшелігіне ұсынылған Қазақстанның кандидатурасын қолдағаны үшін ризашылық білдіреміз. Испания Үкіметінің төрағасы Мариано Рахойдың 2013 жылғы ресми сапары елдеріміздің ынтымақтастығына тың серпін берді. Қазақстанда Испанияның көптеген компаниялары табысты жұмыс жүргізуде. Осы бағытты жалғастыру маңызды, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті Палестина біздің еліміздің Таяу Шығыстағы маңызды серіктесі екеніне назар аударды.

Біз Палестинамен ынтымақтастықты кеңейтуге және тереңдетуге зор маңыз береміз. Палестина-Израиль қақтығысының оң шешілмеуіне байланысты біздің ынтымақтастығымыздың әлеуеті әзірше жүзеге аспай отыр. Қазақстан өз тәуелсіздігінің алғашқы күнінен бастап бұл проблеманы халықаралық құқық негізінде реттеуді жақтап келеді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы Қазақстанның Латвия Республикасымен ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ниетті екенін атап айтты.

Біз Латвияны Балтық өңіріндегі маңызды сауда-экономикалық серіктесіміз ретінде қарастырамыз. Көлік-транзит, машина жасау және ауыл шаруашылығы, ақпараттық технология, білім мен туризм саласындағы ынтымақтастықтың әлеуеті зор. Сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы байланыстар аясын кеңейтуді көздеп отырмыз, – деді Қазақстан Президенті.

Соңында Нұрсұлтан Назарбаев елшілерді Астанада жауапты дипломатиялық қызметтерінің басталуымен құттықтап, денсаулық пен табыс тіледі.

Корея Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Чо Енг Чон тәуелсіздік жылдары ішінде Қазақстанның жылдам әрі қарқынды дамуға қол жеткізгенін, ал республика азаматтары болашақтарына сенімді екенін атап өтті. Чо Енг Чон сондай-ақ Корея басшылығы елдеріміздің арасында ынтымақтастықтың зор әлеуеті бар екенін көріп отырғанын және оны жүзеге асыру үшін бар күш-жігерді жұмылдыруға ниетті екенін айтты.

Иордания Хашимиттік Корольдігінің Төтенше және өкілетті елшісі Ахмед Идрис Инаб Қазақстанда өз елінің атынан өкілдік ету зор мәртебе екенін айта келіп, екіжақты ынтымақтастық мәселелеріне тоқталды.

Иордания бүгінде Қазақстанның барлық халықаралық, соның ішінде өңірлік және жаһандық мәселелерге қатысты ұстанымдарын қолдайды.  Елдеріміздің арасында экономика, сауда және мәдени салаларында екіжақты келісімдердің қомақты базасы қалыптасқан. Болашақта біз Қазақстан аумағында мысалы фармацевтика саласында  Иордания зауыттары салынады деп ойлаймыз, – деді Ахмед Идрис Инаб.

Испания Корольдігінің Төтенше және өкілетті елшісі Педро Хосе Санс Серрано өз елінің бірінші болып Қазақстанмен стратегиялық серіктестік туралы келісімге қол қойғанына назар аударды. Сол сондай-ақ Испанияның биыл жыл аяғына дейін қол қойылатын Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы кеңейтілген серіктестік және стратегиялық ынтымақтастық келісімді қолдайтынын да атап өтті.

Палестина Мемлекетінің Төтенше және өкілетті елшісі Монтасер Абу Зейд Мемлекет басшысы мен Қазақстан халқына БҰҰ Бас ассамблеясы мен Қауіпсіздік кеңесінің араб-израиль қақтығысына байланысты барлық қарарларына қатысты нақты ұстанымы үшін алғыс білдірді.

Бүгінде сіздің ел Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен Таяу Шығыстағы ахуалды бейбіт реттеу үдерісінде маңызды рөл атқарып отыр, – деді Монтасер Абу Зейд.

Латвия Республикасының елшісі Юрис Погребнякс Қазақстан Латвияның Орталық Азиядағы ірі сауда-экономикалық серіктесі екенін атап көрсетті.

Көлік, фармацевтика, ақпараттық технологиялар, қалдықтарды қайтара өңдеу, азық-түлік өнімдерінің өндірісі, құрылысы сияқты салаларда екіжақты ынтымақтастық үшін зор перспективалар бар. Қазақстан Латвия үшін маңызды транзиттік серіктес болып саналады. Біз үшін Қазақстан мен Қытайдың шекарасындағы Қорғас «құрғақ портының» мүмкіндіктері зор қызығушылық тудырады, – деді  Юрис Погребнякс.