ТЕКТІНІҢ ТҰЯҒЫ КЕЛДІ

Елбасы Кітапханасының сирек қорында сақталған еңбектердің бірі – Шығыс классигі Әбілқасым Фердаусидің «Шаһнама» шығармасының қазақ тіліндегі нұсқасының қолжазбасы. Дастан түріндегі көне жазбаның авторы – белгілі ақын Тұрмағамбет Ізтілеуов. Осынау бағалы еңбек Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа 2009 жылдың қазан айында Қызылорда облысына сапары кезінде сыйға тартылған.

0U3A3349

7 шілде күні Елбасы Кітапханасына аталған қолжазбаны қолына алып, тамашалау үшін Тұрмағамбет ақынның немересі, ардагер-ұстаз Шалқыма Әбдірәуікова арнайы келді. Ш. Әбдірәуікқызы атасының туындысы аса сенімді қолда сақтаулы екенін көріп, көңіл толқынысын жасырмады.

Кітапхана қонағы мемлекет тарапынан Тұрмағамбет Ізтілеуұлының есімін ел жадында қалдыруға қатысты атқарылған шараларға ризашылық білдірді. Айта кетелік, ақынның 125 жылдығы кезінде төрт томдық шығармалар жинағы жарық көрді. Оның атында Қызылорда облысында ауыл, кесене, көшелер, мектеп бар.

0U3A3376

«Шаһнаманың» қазақ тіліндегі нұсқасы 1960 жылы жеке кітап ретінде басылып шықты. Басылымды әзірлеуге Тіл мен әдебиет институтының ғылыми қызметкері Мардан Байділдаевтың қосқан үлесі зор. Кітапқа жазған алғысөзінің соңында академик Мұхтар Әуезов былайша пікір білдіреді: «...мынау еңбекті Фердаусидің «Шаһнамасынан» тікелей жасалған аударма демейміз, сол Фердауси үлгісімен халық ақыны Тұрмағамбеттің өзі өлең етіп жазған Рүстем жөніндегі дастанның қазақша варианты дейміз».