Мемлекеттік рәміздерді қабылдау тарихы

www.baq.kz

Елбасы белгілеп берген, бес институтционалдық реформаны жүзеге асырудың 100 нақты қадамын қамтыған Ұлт жоспарының «Біртектілік пен бірлік» бөліміндегі алты қадам (85-қадамнан 90-қадамға дейін) қалыптасқан елдік құндылықтарға жаңа серпін беруге негізделген. «Мәңгілік Ел» мегажобасының аясында қазақстандық қоғамның жаңа сапалық сипаттағы келбетін қалыптастыру, рухани-мәдени санаттағы құндылықтарымызды дұрыс түсіну, оны қабылдаудың тың үлгілерін жасау және жаһандық кеңістікке барынша танымал ету – Ұлт жоспарындағы «Біртектілік пен бірлік» бөліміне енгізілген қадамдардың басты идеясы.

«Ұлт жоспары – 100 нақты қадам» құжаты мемлекет пен қоғамды тығыз байланыстыратын құндылықтардың мазмұнына терең үңіліп, оның мән-мағынасына жаңаша көзқараспен қарауға ұмтылдыратын маңызды дүние. Міне, осы тұрғыда Қазақстан Республикасының рәміздері – Мемлекеттік туы, Елтаңбасы және Әнұранының қазақстандық біртектілік пен бірлікті дамытудағы құдіреттілік қасиеттерін жете ұғынатын боламыз. Мемлекеттіліктің басты нышанын білдіретін рәміздердің мағыналық мазмұнымен қатар, олардың қабылдану және бекітілу тарихын да білу қоғам үшін маңызды. Түптеп келгенде Мемлекеттік рәміздер ұлттың, мемлекеттің бай тарихының құнды белгісі ретінде халыққа және елге қызмет жасайды. Мемлекеттік рәміздеріміз арқылы елімізді бүкіл әлемге танытуға болады, өйткені онда халқымыздың бүкіл бастан кешкен тарихы, бүтіндей мәдениеті жатыр және болашақтың болмысы бар. Сондықтан рәміздер халқымыз үшін отансүйгіштік сезімнің бастау көзі бола алады.

Әлемдік қауымдастықтағы барша мемлекет өз рәміздерін осындай категориялық ұғым-түсініктеріне сәйкестендіре және ел тарихында болған ерекше оқиғалармен немесе соны білдіретін элементтермен айшықтаған. Біздің Мемлекеттік рәміздерімізді нақышталуының басты өлшемдеріне төлтума ұлттық-этникалық ерекшеліктеріміз бен сарқылмас тарихи мұраларымыздың үздік үлгілері алынған.

Енді тарихи құжатты деректерге сөз берсек. Сол кезде ресми тұрғыда Кеңестік Одақ құрамында болғанына қарамастан 1990 жылы 24 сәуірде Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Жоғарғы Кеңесі сессиясында Президенттік институтың енгізілгені жария етілді. Сол сессияда депутаттардың басым дауысына ие болған Жоғарғы Кеңес төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақ КСР-інің Президенті болып сайланды. Президенттік институттың енгізілуі одақтас республика санатында болса да Қазақстанға біршама дербес саясат жүргізу мүмкіндігін туындатты.

Әсіресе, рухани-мәдени аспектіде, одан кейін біртіндеп саяси-экономикалық өрістерде. Оны сол заман тынысын беретін мұрағат құжаттарынан айқын көреміз. Елбасы кітапханасының мұрағат қорында сақталған құжаттарды сөйлетсек талай тарихи шешімдердің асқан ыждағаттылықпен және тиісті дәрежедегі талдау-ұйғарулардан соң ғана қабылданғанына көз жеткіземіз. Дәл осындай негізде мемлекеттік туымыз бен елтаңбамыз және әнұранымыз қабылданған екен.

Мемлекет басшысының жанынан арнайы құрылған Президенттік Кеңес елдік келбетті қалыптастыру бағытында Тұңғыш Президентіміздің тікелей тапсырмасымен және басқаруымен қаншама маңызды жұмыстар атқарды. Уақыт өте келе салиқалы жүргізілген саясаттың маңызын енді ғана жете түсініп, болашақ үшін мемлекеттілік тарихымызға қатысты ғылыми тұжырымдар жасаудамыз.

Тәуелсіздікке ұмтылған Қазақстанның мемлекеттік рәміздері жөнінде Президентіміздің атына түскен ұсыныстарды, мемлекет басшысы оларды қарауға және ұсыныстар даярлауға аталған Президенттік Кеңеске түсіріп отырған. Мемлекеттік рәміздерге қатысты алғашқы ұсыныс-хат Президенттің атына сол кезде Қазақ КСР-нің халық депутаты, Ш. Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институтының директоры, академик М. Қ. Қозыбаевтың атынан 1990 жылдың 18 маусымында жазылған. Ұсыныс-хатта сол кезде қолданыста болған әнұран (конкурстық негізде жаңа мәтінді қабылдау) мен елтаңбаны (конкурстық негізде жаңа елтаңбаны қабылдау, оған ұлттық колорит және республиканың тарихи қалыптасқан ерекшеліктерін беру) өзгерту себептері (сталинизм дәуірінің идеологиясынан арылу) мен қажеттілігін (Егеменді елдіктің белгісін білдірту) баяндалған. Президент өз кезегінде бұл хатты Президенттік Кеңес мүшесі М. Жолдасбековке түсірткен. М. Жолдасбековтің осы хаттың мазмұнына байланысты Елбасы атына жазған жауабында ұсынысқа қолдау білдіре келіп, бұл мәселені Жоғарғы Кеңестің кезекті сессиясының күн тәртібіне қоюуды сұрайды. Елбасы Президенттік Кеңестің атына түскен хабарлама жауаппен таныса келе, рәміздік жобалар даялайтын құзырлы жұмыс тобын құруды тапсырады.

Президенттік Кеңестің мүшесі, белгілі заңгер-ғалым С. Сартаевтың атынан 1990 жылдың 21 тамызда Елбасының атына жазылған келесі хатта республикамыздың іс жүзіндегі дербестік статусқа ие болуына орай мемлекеттік рәміздерді өзгерту жөніндегі мәселені арнайы қарастыру ұсыныс жасалған. Елбасы келісімін берген жағдайда жаңа ту мен елтаңбанының эскиздерін жасауға және жаңа әнұран мәтінің даярлауға кірісетіндерін баяндаған. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті Идеологиялық бөлімінің меңгерушісі Қ. Сұлтановтың Президенттік Кеңестің мүшесі С. Сартаевтың ұсыныстарына байланысты Мемлекет басшысы атына жазған хатында идеологиялық бөлім толықтай қолдайтынын хабарлайды.

Президенттік Кеңестің мүшесі М. Жолдасбековтің 1990 жылдың 13 желтоқсанында мемлекеттік рәміздерге байланысты Елбасының атына жазылған кезекті хабарламасында Жоғарғы Кеңес төрағасы Е.М. Асанбаевтың басқарумен жұмыс тобы құрылып Мемлекет басшысының тапсырмасын орындауда деп баяндаған.

Мұрағат құжаттарына зер салып қарасақ Елбасы аса маңызды мемлекетік мәселе – елдіктің белгісі рәміздер даярлау ісіне ас мұқият мән беріп, құзырлы ұйымдардың сараптауына өткізіп барып қана Жоғарғы Кеңестің күн тәртібіне қойдыртқан. Оған он екінші сайланған Жоғарғы Кеңестің стенографиялық есептерін тарихи құжат ретінде зерделеу арқылы көз жеткіземіз.

Мемлекеттік рәміздердің эскиздік нұсқаларының алқашқы талқылануы Жоғарғы Кеңесте 1992 жылдың қаңтар айында басталған.

1992 жылдың 18 қаңтарындағы он екінші сайланған Жоғарғы Кеңестің жетінші сессиясында мемлекеттік жалауы (Туы-автор) туралы талқылауда сөз алған депутаттар І.Н. Аймағамбетов, Ә.Т. Әлімжанов және Ө.А. Жолдасбековтер өз сөздерінде мемлекеттік жалауға байланысты талқылаулардың тиісті процедуралардың толық өтпегенін алға тартып күн тәртібіне алдыртып тастау жөнінде ұсыныс енгізген. Жоғарғы Кеңестің жетінші сессиясына қатысып отырған Президентте бұл ұсынысты құптаған. Бұл тарихи үдерістің терең астары болды. Қоғамда әлі де Кеңестік Одақтың идеологиялық уыты саналарынан тарқамаған және тәуелсіздіктің жарияланғанына ай өтер-өтпесте, оның ән-мағынасын халық енді ұғынып жатқан шақта Жоғарғы Кеңестің сессиясына рәмізге қатысты мәселенің шығарылуының өзі үлкен іс болды. Қоғамды, соның ішінде депутаттардың өзін тәуелсіз елдің атқарар үлкен істеріне дайындау сабағы болды десек артық айтпаймыз.

Мемлекеттік рәміздерге қатысты жобалар конкурсының өткізілуі, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы халыққа жария етілуі және Жоғарғы Кеңесте тиісті процедуралық рәсімдердің толықтай атқарылуы 1992 жылдың маусым айының бас кезінде аяқталды. Ендігі үлкен шаруа мемлекеттік рәміздерді Жоғарғы Кеңесте бекіту мәселесі болатын. Сонымен көптен күткен тарихи күнге де жеттік. Тәуелсіздіктің төл тарихында алтын әріппен жазылған күн, ол 1992 жылдың 4 маусымы. Дәл сол күні, Жоғарғы Кеңестің кешкі мәжілісінде Мемлекетік ту мен елтаңбаға қатысты депутаттар тарапынан әрқилы пікірлер орын алған қызу талқылаулар барысында сөз алған Елбасы елтаңбадағы элементтердің символикалық мәніне аса маңыз бере келе, мемлекеттік елтаңбаны тұңғыш рет жасап жатқанымыз жайлы тарихта қалар сөз айтты: «Символика характеризует народ, его стремления. Мы создаемвпервые в нашей истории первый государственный герб, первую свою геральдику. Самое главное, что наша геральдика никакой другой не повторяет». Жоғарғы Кеңестің кешкі мәжілісінде Елбасынан кейінде сөз алған депутаттар пікірлері сайып келгенде Мемлекет басшысы таңдау жасаған және элементтік толықтыру енгізген елтаңбаға тоқталды. Елтаңба бойынша бірінші дауыс беру қортындысында жақтап 232 депутат дауыс берді, алайда 5 дауыс жетпей қалып, екінші мәрте дауыс беруге қойылды. Екінші дауыс беру қортындысында 238 депутат жақтап дауыс беріп, елтаңбамыз қабылданды.

Келесі кезекте мемлекеттік туды қабылдау мәселесі болды. Тағы да жобалық нұсқадағы туға байланысты депутаттардың қызу талқылауы, тудың түсі мен элементтерді орналастыру жөніндегі ұсыныстары барынша айтылды. Сөз алған Елбасы: «Единый небесно-голубой фон – единство многонационального народа. Мы выбрали его с самого начало и до конца были едины в этом плане. … Нельзя не отметить в символике то, что мы живем на Востоке. Солнце восходит. Мы – государство, имеющее Тянь-Шанские горы. Беркут – это национальный символ, никакой не враждебный. … Этот казахский орнамент должен всех удовлетворить.». Елбасы сөзінен кейін мемлекеттік ту бойынша басым дауыс беріліп, қабылданды. Ал әнұранның әуені пікірталассыз қабылданды. Әнұранның сөзіне байланысты конкурс жалғасатын болып шешімге келген.

Бұрын «Менің Қазақстаным» әні ретінде танымал болған Қазақстанның әнұраны Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша 2006 жылы 6 қаңтарда еліміздің Парламентінде бекітілді. Бірінші рет ол 2006 жылы 11 қаңтарда Мемлекет басшысының салтанатты ұлықтау рәсімінде орындалды.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің салтанатты мәжілісінде (6 маусым 1992 жыл) мемлекеттік ту мен елтаңба қабылдануына байланысты сөйлеген тарихи сөздерінде былай деген болатын: «…Тәуелсіз мемлекет, егеменді ел болудың қыруар қиындығы, ерекше жауапкершілігімен қатар, бірқатар шарттары, басты-басты белгілері бар екені мәлім. Солардың арасында елдің елдігін танытып тұратын айрықша мәнділері – Жалау, Елтаңба және Әнұран.

…Қазақ елінің тәуелсіздігі осыдан жарты жыл бұрын жарияланғанымен, мойындалғанымен, жүзеге аса бастағанымен, оның тайға таңба басқандай белгілеріне енді ғана ие болып отырмыз. Осы қуанышымыз құтты болсын!». Елбасының бұл сөздері мемлекеттік рәміздерді қабылдаудың еліміз үшін қаншалықты маңызды құбылыс екенін дәйектеп берді.

Мемлекет басшысының «…Жаңа Ту мен Елтаңбаңы қабылдау, Әнұранның әуені жөнінде бір ұйғарымға келу халық депутаттарының тарихи жауапкершілікті терең сезінуінінің, ұлттық дәстүрлерге құрметпен қарауының арқасы екенін айрықша атап айтқым келеді» — деген сөздері сол кезде Жоғарғы Кеңес мәжілістеріндегі ұзақ уақытқа созылған талқылаулар барысында халық депутаттарының тарихи шешімдер қабылдаудағы парасатқа жүгінген ұстанымдарына білдірген ризашылығы деп түсінеміз.

«…Біз тәуелсіздікті аңсап, зарығып жеттік. Енді сол тәуелсіздіктің қасиетті белгілерін де ерекше қадірлеуіміз керек. Әрбір азамат Қазақстанның Туын, Елтаңбасын, Әнұранын тұмардай қасиет тұтуы қажет. Елдігіміздің сыналатын бір тұсы осы» — деген Елбасы сөздері Мәңгілік Елдің мәңгілік бойтұмар-белгілерін желбірете шарықтатып, берік қабырғадай еңселетіп және асқақтата әуендетуімізді аманаттайды.

Елбасы «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты жолдауында:«…Біз ұлттың тарихи санасын қалыптастыру жұмысын жалғастыруымыз керек. …Бүкілқазақстандық бірегейлік біздің халқымыздың тарихи санасының өзегіне айналуға тиіс.» деген болатын. Ендеше, мемлекеттік рәміздер біздің тарихи жадымыздың бейнесі және ақиқат құндылықтарымыздың бірегей факторы болып табылатыны сөзсіз.

Ерлан Сайлаубай,

«Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті –

Елбасының Кітапханасы» мемлекеттік мекемесінің

жетекші сарапшысы