Назарбаев Орталығында «Тұңғыш - Первый» атты деректі фильмдердің апталығы басталды

Назарбаев Орталығында «Тұңғыш - Первый» атты деректі фильмдердің апталығы басталды

ҚР Тұңғыш Президенті күні қарсаңында Назарбаев Орталығында «Тұңғыш-Первый» атты деректі фильмдердің апталығы салтанатты жағдайда ашылды.

Кино апталығы аясында Назарбаев Орталығының көрме залында «Н. Назарбаев. Өмірбаян»интерактивті экспозиция ашылды. Көрмеде ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының қызметін жан-жақты бейнелейтін кітаптар, фотосуреттер, аудио- және видеофильмдер, білім берудің 3D-панорамасы ұсынылды.

Апталықты Президент Кеңсесінің басшысы, Назарбаев Орталығы директорының міндетін уақытша атқарушы Махмұд ҚАСЫМБЕКОВ ашты:

«1991 жылдың 1 желтоқсанында Қазақстан халқы өзінің тағдырын Тұңғыш Президент – Нұрсұлтан Назарбаевқа сеніп тапсырды. Уақыт таңдаудың дұрыс жасалғанын көрсетті. Қысқа мерзім ішінде біздің ел дамудың дара даңғылына түсті. Ұлт Көшбасшысы айқындаған қазақстандық жол елімізді табысқа жетеледі.

Елдің ертеңі – жастар. Мұны Елбасы үнемі атап көрсетіп отырады. Мемлекет басшысы «Қазақстан - 2050» бағдарламасын білімді және тәрбиелі жастардың жүзеге асыратындығына сенеді.

Өздеріңіз байқап отырғандай, осы шараға бізозат оқуымен және үлгілі тәртібімен көзге көрініп жүрген білімді жастарды жинап отырмыз. Мұндағы мақсат Сіздерге Президенттің ұлт көшбасшысы, азамат және адам ретіндегі көпқырлы тұлғасын жан-жақты таныту.

Біз тәуелсіз Қазақстанның азат ұлы мен азат қызын баянды болашақ пен кемел келешектің кепілі деп білеміз. Елдің ертеңі болғандықтан сіздерге зор үміт артамыз. Сіздер өткен тарихты білуге, оны жасаған кемеңгер тұлғаларға құрметпен қарауға тиіссіздер», - деді лауазым иесі.

Құттықтау сөзінен кейін М.Қасымбеков апталыққа көрермен ретінде келген оқу орындарының ең үздік студенттеріне құрмет көрсетіп, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тілегі жазылып, қолтаңбасы қойылған «Жылдар мен Ойлар» және «Времена и Думы» атты кітаптарын сондай-ақ Президент жайлы фильмдер жазылған дисктерді сыйлады. Сыйлық алғандардың қатарында: Әділғалиева Камилла, Исин Нариман, Ибрай Айдана (Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ), Кунтубаев Ержігіт, Машан Назерке, Абен Айдана, Балтабек Әкімжан, Гарифуллин Эмиль, Шәріп Саян, Нурбаева Риза (Экономика, технология және тағам өндірісін стандарттау колледжі).

Апталықтың ашылуында көрермендердің назарына «Ел анасы» және «Үзеңгілестер» атты деректі фильмдер ұсынылды.

КҮНТУБАЕВ Ержігіт, Экономика, технология және тағам өндірісін стандарттау колледжі студенті: «Бүгін Назарбаев Орталығында Тұңғыш Президент күніне орай шығармашылық жастар байқауы өтті. Сол жастар байқауында мен жүлдегер атандым.

«Тұңғыш-Первый» деректі кино апталығының ашылуынан соң, біз «Ел анасы» мен «Үзеңгілестер» фильмдерін тамашаладық. «Ел анасы» атты деректі фильм Нұрсұлтан Назарбаевтың анасына арналған. Фильмде анасының Нұрсұлтан Назарбаевқа деген мейрімділігі, адалдығы, айтылған өсиеттері, сіңірген қасиеттері жан-жақты көрсетіледі.

Менің үлкен қуанышым – бүгін Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қолы қойылған кітапты сыйлыққа алып отырмын. Сіздерге, зор рахмет».

Кино апталығының әр күні тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу кезеңін және мемлекеттің дамуына Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қосқан ерен еңбегін дерекпен дәйектеуге арналады.

Жұртшылықтың назарына күн сайын сағат 14.00 мен 17.00-де екі деректі фильм ұсынылады. Көрермендердің басым бөлігін жоғары оқу орындары мен колледждердің студенттері және мектеп оқушылары құрайды.

Іс барысында озат оқуымен және үлгілі тәртібімен көзге көрініп жүрген білім алушыларға құрмет көрсетіледі. Ұйымдастырушылар жастарға Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тілегі жазылып, қолтаңбасы қойылған кітаптарды тарту етеді.

Апталыққа күн сайын Президенттің үзеңгілестері, қоғам және мемлекет қайраткерлері, спортшылар сонымен қатар деректі фильмдердің авторлары қатысады. Әр көрсетілімнен кейін деректі фильмдер жеке-жеке талданып, сұрақ-жауап түріндегі пікір алмасуға кезек беріледі. Апталық аясында Мемлекет басшысының өмірі мен қызметін жан-жақты ашып көрсететін 8 деректі фильм көрсетіледі.