«Тіл жанашыры» құрмет белгісімен марапаттау рәсімі

«Тіл жанашыры» құрмет белгісімен марапаттау рәсімі

2013 жылғы 7 қарашада Қазақстан РеспубликасыТұңғыш Президенті мұражайында «Тіл жанашыры-2013» марапаттау рәсімі өтті. «Тіл жанашыры» қоғамдық бірлестігінің бұл наградасы қазақ тілінің өркендеуіне атсалысып келе жатқан азаматтарды ынталандыруды көздейді.

«Тіл жанашыры» құрмет белгісі алғаш рет қазақ тілін зерттеп жүрген шетелдік ғалымдарға берілген еді. Олардың қатарында Түркия профессоры Әбдуахаб Қара, Еуропа қыпшақтары қауымдастығының президенті Вад Ласло, Оңтүстік Кореяның Ханкук университетінің профессоры Йун Си Нэ, Мюнхен университетінің профессоры Қайум Кесижи, Индиана университетінің профессоры Уильям Фиерман болды. Одан кейінгі марапаттауларда тілімізге шынайы жанашырлық танытып, нақты ісімен үлес қосқан мемлекеттік қызметкерлер, қоғам қайраткерлері, ұлттық мәселе аясында пікір білдіріп, баспасөз, телеарналар арқылы қалың көпшілікке әсер ете білген, жеке қаражатымен қазақ тілі мен мәдениетіне қатысты шараларға демеушілік танытқан меценаттар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері де тіл жанашыры атанды.

Биылғы жылы облыс әкімшіліктері, қоғамдық ұйымдар мен мекемелері осы белгімен марапаттауға еліміздің түкпір-түкпірінен 100-ге тарта адамның кандидатурасын ұсынды. Үміткерлерді іріктеу комиссиясына «Тіл жанашыры» қоғамдық бірлестігінің құрметті төрағасы Махмұд Базарқұлұлы ҚАСЫМБЕКОВ басшылық жасады. Марапаттауға лайықты азаматтарды таңдау да оңайға тимегенін ҚР Тұңғыш Президенті мұражайының күмбезді залында өткен салтанатты рәсімде 27 адамның омырауына «Тіл жанашыры» құрмет белгісі тағылғаны дәлелдейді.Олардың қатарында республиканың әр аймағында тұратын және түрлі салаларда еңбектеніп, өздерінің күнделікті өмірінде мемлекеттік тілді насихаттауға ерекше мән беретін ғалымдар мен ұстаздар, қаламгерлер мен кәсіпкерлер, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдар мен әртүрлі ұлттардың өкілдері және т.б. бар.

Шынар ҚҰРМАНБАЕВА, Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры: «Қазақстанның мемлекеттік тілді қолдану мен дамыту саясатын тұрақты саясат деп білемін. Ол кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Бізде басқа тілдерге ешуақытта қысым көрсетілген емес. Жақында Алматы қаласында республикалық «Жыл әдіскері» байқауы өтті. Сонда мен қазақ тілінің үздік оқу әдістемесін жасағаным үшін 1-орынды жеңіп алдым. Мұны мақтан үшін айтып отырған жоқпын. Марапатталуға, ерекше еленуге құмарлардың қатарында болмасам да, бұл бастаманы қолдаймын. Өйткені осындай шаралар адамның жігерін жаниды. Мен не жазсам да, не жасасам да қазақтың тілі, анамның тілі үшін, соның болашағы үшін жасаймын және осыны мақтан тұтамын».

Тұрсын СЫДЫҚОВ, І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің оқытушысы: «1723 жылдан 1991 жылға дейін біз отар ел болып келдік. Көп теперіш көрдік. Бас көтерер ұлтжанды азаматтарымыздан айырылдық. Санамызда құлдық психология қалыптасты. Соның салдарынан тілімізді жоғалтып ала жаздадық. Ал бүгінгі буын ешкімнен, ешқандай қысым көрген жоқ. Меніңше қазақ тілінің көсегесін көгертетін солар болады».

Жәмиға НЫҒМЕТ, Маңғыстау облысы педагогикалық қызметкерлердiң бiлiктiлiгiн арттыру институты деңгейлiк бағдарламалар орталығының жетекшiсi: «Тіл жанашырларына көрсетіліп жатқан құрметті мемлекет тарапынан қазақ тіліне жасалып жатқан қамқорлық деп қабылдау керек. «Тілге құрмет – елге құрмет». Елдің елдігі оның намысы мен ұлтжандылығынан білінеді. Мемлекеттiк тiлдiң қолданыс аясын кеңейтуге және мәртебесiн арттыруға нақты iсiмен үлес қосып жүрген азаматтардың бірде біреуі: «Мен қазақ тілін дамыту үшін тер төгіп жүрмін» демейді. Олар туған тілге деген құрметті перзенттік парыз деп біледі. «Тіл жанашыры» құрмет белгісімен марапатталған адамдардың бойынан мен осындай қасиетті көрдім».

Мехмет Месут АТА, KATEV халықаралық қоғамдық қорының президенті: «Біріншіден, мен қазақ-түрік мектептерін басқаратын кісі ретінде осы медалды алғаныма өте қуаныштымын. Осы мен үшін үлкен бір бақыт, себебі бауырлас қазақ жеріне келіп, достарымыздың біздің Қазақстанға берген жұмыстарымызды бағалап, осындай сыйлықты бергенінің орны бөлек. Мәдениеттің тірегі – тіл. Халықтар мәдениетінің күштілігі олардың тіл байлығына байланысты, рухани қуаттылығын көрсетеді».

Марапаттау кезінде құрмет белгісіне ие болған азаматтардың мемлекеттік тілді өркендетуге сіңірген еңбегі туралы толық мәлімет беріліп, арнайы дайындалған бейнероликтер көрсетілді.

Жиын соңында «Тіл жанашыры-2013» марапатталушыларының атынан ақын Надежда Лушникова ұйымдастырушыларға алғыс білдіріп, жүректен шыққан тілегі мен жыр жолдарын арнады.

Шараға «Назарбаев Орталығы» мемлекеттік мекемесі, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің мұражайы, «Тіл» республикалық ақпараттық-сараптамалық журналы, «Алтын қыран» халықаралық қайырымдылық қоры қолдау көрсетті.